Өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ақмола облысына барды
1,020
оқылды

9 мамыр күні Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақмола облысына барып, су тасқынының зардаптарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысын қадағалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сапар аясында Министр Атбасардың су басқан аумақтарын аралап көрді, онда келтірілген залалдың нәтижесі туралы мәлімет алып, жұмыс барысымен танысты. Белгілілі болғандай, өңірде барлығы 374 үй зақымданған. Бүгінде 248 үйге сараптама жүргізілді, оның 77-сі қауіпті деп танылып, 171-і жөндеуді қажет ететіні анықталды. Зардап шеккендерге арналған 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Министр үйлердің құрылысы барысымен, сондай-ақ көшені су басу қаупін алдын алу мақсатында С.Сейфуллин көшесінде су өткізгіш құбыры бар жолды салу жобасымен танысты.

Қанат Шарлапаев Көкшетауға барып, облыс әкімі Марат Ахметжановпен бірге су тасқыны салдарынан бұзылған апатты тұрғын үйлер мен жеке үйлерді аралап көрді. Сонымен қатар, Қылшақты өзенінің бойындағы үйінді топырақты көріп, бірінші қабаты су басқан жөндеуді қажет ететін қалалық балабақшалардың біреуіндегі жұмыс барысымен танысты.

Одан бөлек, министр зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу жөніндегі жұмыстармен, тұрғын үйлердің жай-күйімен, келтірілген залалдың нәтижелерімен және қажетті қосымша құрылыс жұмыстарымен танысты.

Облыстық әкімдіктің ақпараты бойынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқыны аймақтарынан қоныстандыру мақсатында Атбасар қаласында екі 100 пәтерлі, Бұланды және Жарқайын аудандарында 87 жеке тұрғын үй салу және Көкшетау қаласында дайын 89 пәтерді сатып алу жоспарлануда. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 тұрғын үй сатып алу жоспарланған.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.