«47-ге келіп, балаларымсыз далада қаламын деп ойламаппын» дейді астаналық таксист жігіт. Есімі – Сәрсен (кейіпкердің аты-жөні өзгерген – ред.), өзі Тараздың тумасы. Астанаға келгеніне екі жылдан асқан.
«Үй бізге бақыт емес, қасірет әкелді»: астаналық таксист сыйға пәтер алып, далада қалған
www.istockphoto.com
1,761
оқылды

Айтуынша, балаларынан айырылмас үшін бір түнде Тараздан елордаға көшіп келген. Әуелде олар Жамбыл облысына қарасты Тараздың маңындағы Луговой ауылында тұрған. Жеті орынды көлігімен Меркі – Алматы арасында қатынап, адам тасыған.

– Күндіз барып, кешке қайтып келемін. Бірде сапардан ерте оралсам, келіншегім үйде жоқ екен. Балаларым болса оның жұмысқа кеткенін айтты. «Тырнақ сәндеу, маникюрмен айналысамын» деген соң қажетті құрылғысын әперіп, базарда салонды жалдаған болатын. Бірақ орнында болмай шықты. Сол кезде жанындағы көрші қыз-келіншектер салонды бір күн ашса, кейде ашпайтынын айтып қалды. Шынын айтайын, оған да мән бермедім. Сөйтсем, көзіме шөп салып жүріпті. Ол аз болғандай сол уақытта балдызым хабарласып, келіншегімнің 780 мың берешегі барын жеткізді. Ондай ақшаны қолға ұстап көрмегенбіз. Өзінен сұрасам ештеңе айтпады. Ертесінде тағы біреулер қарызын сұрап келе бастады. Маңайының бәрінен қарыз алыпты. Содан Каменка ауылындағы ата-енемнің үйіне көшіп барсақ та қарызын іздеп келушілер таусылмады. Оқу аяқталып, біткенде балаларды алып Астанаға кететінін айтты. «Сен бармасаң, бала-шағаны алып өзім кете беремін» деген соң балаларымнан ажырамас үшін бір түнде Астанаға көшіп кеттік, – дейді Сәрсен.

Елордаға жеткен соң бір-екі күн балдызының үйінде түнеп, бөлек пәтерге шыққан. Күнкөріс үшін ол Астана мен Таразға қатынай бастаған. Ал келіншегі мейрамханаға жұмысқа тұрған. Келесі жылында пәтерлі болған. Қайырымдылық қоры оларға 12 миллионның сертификатын сыйлаған.

«Оны қалай тауып, оған қалай іліккенін білмедім. Әйтеуір осы үй үшін заң жүзінде ажырастық. Айтқаныма көнбеді, «үй алып алайық» деп заңды некеге тұрмай қойды. Жалғызбасты ана ретінде үй алды. Ол жерде есепте жоқпын. Сөйтсем, ол сол кезден өзге біреумен көңіл қосыпты. Кейін біліп, қатты ренжісіп қалдық. Оны ұрған емеспін. Бірақ балағаттағаным үшін он күнге қаматып жіберді. Содан шыққаннан үйге қайтып бармадым. Үйді өзіне алса ала берсін, балаларымды өзіме алсам болды. Мына үй бізге бақыт емес, қасірет әкелді. Пәтер жалдап жүрсек те өлмес едік», – деген Сәрсен өзі ІІІ топтағы мүгедек. Туғаннан бір көзі көрмейді екен.

Айтуынша, өздерінің бес баласы бар. Үлкені 9-сынып оқыса, кішісі – 4 жаста.

– Құдайға шүкір, алтын асықтай балалаларым бар. Бір досымның дүкені бар, соның кішкене қоймасында түнеп жүрмін. Қалған уақытта қала ішінде такси жүргіземін. Тапқан-таянғанымды бала-шағамды киіндіріп, тамағына әперемін. Тұңғышым – менің туған қызым емес, бірақ өз қызымдай көремін. Күнде таңертең үйге келіп, оны сабағына апарып тастаймын. «Бірдеңе десе, мама бізді ұрады, біз одан қорқамыз. Әке, үйге қайтып келіңізші» қызым қоймайды. Сол балаларымды өзіме алсам деймін, бар тілегім – осы, – дейді Сәрсен.