Ортағасырлық жауһарлардың бірі Махмұт Қашқари еңбектері – құнды дерекке толы қымбат қазына. Ойшылдың «Түркі тілдерінің жинағы» («Диуани лұғат ат-түрік») атты іргелі шы­ғармасы – тек түрікше-арабша түсіндірме сөздік емес, түркі тілдерін зерттеуде теңдесі жоқ ғылыми еңбек.
Түгел түркіге ортақ қазына
1,774
оқылды

Бұл сөздікте автор халық ауыз әдебиеті үлгілерін, аңыз-ер­тегілер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер және халық фольклорын өте орынды пайдалана білген. Автордың бұл шығармасы мазмұны жағынан сол дәуірдегі түркілердің қоғамдық өмірі мен рухани дүниесінің, ой-танымының сан алуан өзіндік сипатын әржақты қамтитын материалдарды бес салаға бөліп қарастырған: 

1. Белгілі бір тайпаға тән дәл көрсетілген сөздер қоры (лексикасы); 

2. Түркі тайпаларының мекен қо­ныстары жайындағы мәліметтер; 

3. Түркі тілдерін топтастыру; 

4. Түркілік тарихи фонетика мен грамматика туралы мәліметтер; 

5. Түріктердің тарихи географиясы, этнографиясы, поэзиясы және фольклоры жайындағы мәліметтер. 

Андрей Кононов М. Қашқари еңбегінің өзіндік ерекшеліктерін айта келіп былай деп жазады: «Мұнда ХІ ғасырдағы түрік­тердің өмірі туралы, олардың материалдық мәдениетінің бұйымдары, тұрмыс жайлары туралы, этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалары туралы, туыстық және жек­жаттық терминдері жайлы, түркі қызмет адамдарының титулдары мен аттары, та­ғам-сусындардың аттары туралы, үй жан­уарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығына қатысты тер­миндер, өсімдіктер мен дәнді дақылдар туралы, астрономиялық терминдер, халық­тық күнтізбе, айлардың және аптадағы күндердің аттары туралы, географиялық терминология мен номенклатура туралы, қалалар туралы, әскери қару-жарақ пен музыкалық аспаптар, әкімшілік терми­нология, түрлі мифтік және қаһармандық есімдер туралы, діни және этникалық терминология бабалардың ойындары мен ермектері және тағы басқалар туралы көп жағдайда бірден-бір дәйектеме болып табылады». 

Осыдан келіп біз М. Қашқаридың бұл еңбегін үлкен энциклопедиялық шығарма екеніне және онда аса бағалы да құнды деректердің берілгеніне куә боламыз. 

Сөздікте 29 тайпаның аты аталады. М. Қаш­қаридың картасы бойынша олар мекен­дік жайларының ыңғайына бай­ланысты Румнан бастап Шығысқа қа­рай; ең алдымен беченек, одан соң кыфчак, огуз, йемек, башғырт басмыл, қай, йабаку, татар, хырқыздар, т.б. орналасқан; ары қарай чичель, тухси, йоғма, учрак, чарук, чомыл, ұйғұр, тангут, хитай, тавчачтар орналасқан болып шығады. 

М. Қашқаридың бұл кітабында түркі сөздерінің қоры өте көп. Мысалы, ол арнайы тәртіппен 6 800 түркі сөзін топ­тастырып (100 жер-су атына, 40 ел мен тайпаға) араб тілінде анықтама түсінік берген. Кітапқа інжу-маржан және екі және төрт жылдық 242 шумақ бәйіт пен 262 мақал-мәтелді мысал ретінде пайда­ланған. Бір ғажабы, шығармаға енген 875 сөз бен 60 мақал-мәтел қазіргі қазақ тілінде қаз-қалпында қолданылып келеді екен. Мәселен, «Кіші аласы ічтің, Иылқы аласы таштың» – «Адам аласы ішінде, Жылқы аласы сыртында» немесе «Уры қобса, оғуш алқышұр, Яғы кәлсә імрәм тәбрәшүр» – «Жанжал шықса, ағайын ақылдасар, Жау келсе, ел тебіренер»; «Ула болса йол азмас, Білік болса сөз йазмәс» – «Белгі болса, жолдан жаңылмас, Білімді болса, сөзден жаңылмас».

Махмұд Қашқари адамдарды өнер-білімге, әдептілікке шақырып, адамгер­ші­лік, мораль, этика, ұйымшылдық мәселе­лерін сөз етеді. Оның түркі халықтарының бәйіттерінде табиғат сұлулығы, махаббат, көркемдік, үлкен парасаттылық, білім, батырлық суреттеледі. Мысалы: 

«Құрметте білімдінің сөзін тыңда, жігітім, 

Үйреніп парасатын, ақта әділ үмітін»; 

***

«Өмірді білмесең – білімің жоғалар, 

Талғамды қашанда бір сөзді доғарар»; 

***

«Білімдінің қасына бар күнде, балам, ерінбей, 

Төмен тұрып үйрен толық тәкаппар боп көрінбей»; 

***

«Махаббаттың мейіріне нәзік жанын иеді, 

Оның ыстық теңізіне денең балқып күйеді»;

***

«Білім деген мәуелі ағаш өз жемісін береді»; 

***

«Ұлым, саған әдепті мирас етіп қалдырамын, 

Жағалаған, жайқалған білімдінің бал құрағын».

Қашқаридың қайсыбір бәйіттерін алсаңыз да үлкен философиялық, этикалық ой-тұжырым, парасат, табиғат көріністерін, білімділікті негізгі арқау етіп алған. Мұнда ауыз әдебиетінің үлгілері – табиғат көрі­ністерін бейнелейтін пейзаж лирикасы мен жыл маусымының қауышуына арналған өлең-жырлары көптеп кездеседі. Мысалы, біздер оның аңшылық жайындағы өлең­дерін оқи отырып, алғашқы қауым адам­дарының еңбек жөніндегі көзқарасын, ой-пікірлерін, сана-сезімін, сол кездегі аңшылық дәрежесін байқаймыз. Ерлік жырларында жүрек жұтқан батырлықты, қаһармандықты ерекше бағалап жырға қосқан:

«Қаһарланып атылдым, 

Арыстандай ақырдым. 

Батырын жерге батырдым, 

Енді мені кім ұстар.

Есінен дұшпан ауысты, 

Басар жолын тауысты. 

Ажалменен қауышты, 

Сөзге ауызы келместен», – деп мұнда батырдың күш-қуаты, соғыс өнеріне жетік екені, ерлігі, қан майдандағы шайқас кө­ріністері жырланады. Сөйтіп, адамдарды, жастарды өз елін, жерін қорғауға, батыр болып өсуге шақырады. Мұнда үлкен патриотизм, туған елге деген сүйіспеншілік, достық пен махаббат, асқан ерлік көрі­ністері басым көрсетіледі. 

«Диуани лұғат ат-түрікте» М. Қашқари тұрмыс-салт жырлары, түркі халықтарының фольклоры жанрларының ең көне түрлері жиі кездеседі. Мұнда көпшілікке тән төрт түлік мал туралы, ерте замандағы адам­дардың дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тотемдік түсі­ніктерін танып білеміз. Ежелгі түркілердің наным-сенімінен туған бәдік, бақсылар сарыны, бата-тілек, бесік жыры, тойбастар, жар-жар, сыңсу, жоқтау, естірту және т.б. жыр­лар қазақ фольклорынан да кең орын алған. Қазақта ауыр қайғылы хабарды естірту көбіне тұспалдап, жұмбақтап айтылатын болған. «Диуани лұғат ат-түрік» тұрмыс-салт жырларының барлық түр­леріне бай болды. Мәселен, қазақтың жоқтау өлеңдерінде жау оғынан өлген батырларды тірі кезіндегі жасаған ерліктері, еліне жасаған жаңалықтары, батырлығы, ақылдығы жырланады. М. Қашқаридың сөздеріндегі осындай жоқтау өлеңдердің бірі – Алып Ер Тұлға өлгенде айтылған жоқтау:

«Алб Эр Тұңға өлдіму, 

Әсіз атун қалдіму, 

Ұзлақ өгін алдіму, 

Эмді йурақ йіртілур. 

***

Алып Ер Тұлға өлді ме? 

Мына дүние одан құтылды ма? 

Замана одан өшін алды ма? 

Бүгін ел-жұртында оған жан-жүрек­терімен қайғырып жатыр, – деп оны қазаға қимайтынын білдіреді. Бірақ тағдыр дәлдеп оқ атса, одан ешкімнің құтыла алмайтынын айтып тағдырға мойынсынады. 

Біз жоғарыда айтқанымыздай, М. Қаш­қаридың сөздігінде мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл мақал-мәтелдердің филосо­фиялық дүниетанымдық мәні өте жоғары. Осы мақал-мәтелдердің біразын атап көрсетейік:

«Ім білсе, әр өлмес» –

«Ым білсе, ер өлмес».

***

«Өд кечер, кіші тоймас, Иалықұқ оғлы мәңгу қалмас» – «Заман өтер, кісі тоймас, Адам баласы мәңгі қалмас».

***

«Ашыч айур: «Тубум алтын», Камыч айур: «Мен қайдамән» – «Қазан айтар: «Түбім алтын», Шөміш айтар: «Мен қайданмын?!».

(Бұл мақал өзін танитын адамдардың алдында бөсе беретін мақтаншақ кісілерге бағыштап айтылған).

***

«Кіші әті тірігідә татыр» – «Адамның қадірі тіршілігінде».

***

Бұл мақал-мәтелдерді түйіндей келе айтарымыз – біздің заманымыздан біраз уақыт бұрын айтылса да, бұл айтылған ойлардың күні бүгінге дейін өз мағынасын жоғалтпағанын көріп отырмыз. Махмұт Қашқаридың қалдырған бұл рухани мұраларының кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес асыл қазына екеніне үлкен мән бере отырып, барлық түркі халқына ортақ энциклопедиялық тұрғыда жазылған аса құнды материалдың бірі деп танып білеміз.

Жақыпбек АЛТАЕВ, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Философия кафедрасының профессоры,

Қанат АЛТЫНБЕК,

ҚР Ұлттық кітапханасы

ғылыми-әдістемелік бөлімінің

қызметкері