Диқан қауым үшін былтырғы жыл оңай болмағаны анық. Жаз бойы көк аспаннан тамшы тамбай қуаңшылықтың салдарынан өспей қалған бидайды қара күз бойы сібірлей жауған жаңбырдан жаппай ылғал басқан еді.
Тұқымы мен жайы жоқ, шаруа қалай күн көрер?!
988
оқылды

Тұтастай суда қалған астық көктеп кетіп, өткізе алмаған шаруалар дабыл қаққан. Үкіметтің қаулысымен мемлекет астықты сатып алу жөнінде арнайы тапсырма бергенімен, мыңдаған тонна астығын қоқысқа төгуге мәжбүр болған шаруалардың  бұл көмек жыртығын жамай қойған жоқ. Көктемгі егіс науқаны теріскей аймақ үшін де басталып кетті. Алайда жығылғанға жұдырық болғандай, елдің басты астықты аймақтарында су тасып, диқан қауым миллиондаған шығынға батқан. Өкініштісі сол – Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай отыр. 

Қырманға тасып, қамбада кеп­тіріп әуре-сарсаңға түс­ке­ні­мен бар астығы көгеріп кеткен ша­руалар тұқымсыз қаламыз ба деп сары уайымға батқан. Ра­сын­да да, шаш етектен шығын шек­кен диқан қауымның басым көп­­­­­шілігінде жерге себер түйір тұ­қымы да қалмаған. Сол қы­сыл­таяң шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі көңілі алаң болған шар­уа­ларға зор демеу болған еді. 

«Көктемгі егіс науқанына жә­не күзгі жиын-терімге жеңіл­дік­пен берілетін несиені 1,5 трил­лион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бө­лінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қа­жет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы тех­ни­касының 10 пайызы жаңарып оты­рады. Бұл шаралар ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», – де­ген еді Мемлекет басшысы.

Дегенмен қыс бойы асты­ғын қолайлы бағаға өткізе алмай сапасы төмендеп, салы су­ға кеткен шаруалардың басым көп­шілігі көктемгі су тасқынынан кейін тағы да ойсырай шығынға батты.

Қарғын судан қолда барынан айырылып, дүние-мүлкі мен ырыс-берекесінен айырылған өңір­дің бірі – Ақмола облысы. Қа­зір жағдай аса күрделі. Өзен-көл­дерден жайылып, жан-жағын то­пан су жайлағанының сал­да­рынан Көкшетау қаласы мен Ат­­­­басар, Бұланды, Жарқайың, Есіл және Астрахан аудандарында төтенше жағдай жарияланған. Бұ­дан бөлек, төтенше жағдай жа­рия­ланбағанымен топан су Це­линоград, Сандықтау, Қосшы, Зе­ренді және Ерейментау аудан­дарында бірқатар елдімекен тұр­ғын­дарын әбігерге салған. Кел­ті­ріл­ген шы­ғын көлемі көп. Қол­да бар се­бе­тін тұқымы, керек-жа­рақ­­тары, тех­никасы түгелдей қы­зыл судың ас­тында қалған ди­қандар қай­те­рін білмей дағдар­ған күйде отыр. Көпшілігі әб­ден несиеге бат­қан. Атбасар ау­да­нына қарас­ты Ақан Құрманов ауылындағы шағын шаруа қожа­лы­ғының иесі Вадим Кузнецов те топан судан үлкен көлемде шы­ғынға батқан­дар­дың бірі.

«Мен 35 жылдан бері осында тұра­мын. Бірақ бұрын-соңды тас­қын су мұндай көлемде болған жоқ. Су үйдің ішіне кірген жоқ. Де­­генмен үйдің ауласы, қоймам, тұ­тас техникаларымның бәрі су ас­тында қалды. Әсіресе, жерде тұр­ған Камаз көлігі мен Т-4 трак­торымның моторы толықтай су­да қалып, жарамсыз күйге түсті. Өзім шағын 92 гектар алқапқа, күйеу баламның 136 гектар же­рі­не егін себемін. Бірақ биылғы жы­лы әлі тұқым алған жоқпын. Былт­ырғы жылғы астығымның бәрі тұқым қылып себуге жа­рам­сыз. Алған өнімімнің бәрі де клас­тан тыс астық болды. Жақсы тұ­қымның құны да аспандап кет­ті. Қазір 200-250 мың теңгеге дейін жетіп тұр. Жанармай мәсе­ле­сі де қиын. Су тасқынына бай­ла­нысты шығынды өтеп бере ме деген үмітіміз бар. Бірақ бермесе тағы да несиеге батып, кіріп ал­мас­тан басқа амалымыз жоқ, – дейді Вадим Кузнецов.

Тұқым тапшылығының ба­рын Ақмола облысы­ның Ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасы да мойын­дады. Ведомствоның мәлі­ме­тінше, әсіресе шағын шаруа қо­жалықтарындағы жағдай аса күр­делі. Былтырғы жылғы асты­ғы­ның басым бөлігі жарамсыз бо­лып, несиеге шаш-етектен бат­қан шаруалар қазір тұқым алу үшін қаражат іздеп шарқ ұрып жүр. Биылғы жылы облыс диқан­дары 5,3 миллион гектарға егін ек­пек. Оның ішінде 400 мың гек­тар алқапқа майлы дақылдар се­білмек. Кейінгі жылдары мал азы­ғының жеткіліксіз болып жат­қанынан осы салаға баса на­зар аудару қажетін уақыттың өзі айқындап берді. Әсіресе, биылғы қы­с жем-шөп тапшылығынан тіске ілігер шөп таппай қалған мал­ды ауылдардың жылқысы кө­те­рем болып, көбі қырылып та қал­­ды. Сондықтан биыл өңірдің 300 мың гектарға жуық егіс ал­қа­бына мал азығын егу жоспар­ла­нып­ты. Мұнымен қоса, Астана қа­ласы азық-түлік белдеуіне кі­ре­тіндіктен өңірде 14 мың гек­тар­дан астам алқапқа картоп пен 2 мың гектарға көкөніс егу көздел­ген.

– Жалпы, облысқа қажетті тұ­қым көлемі – 536 мың тонна. Б­ү­гінге дейін қажетті тұқымның 508 мың тоннасы, яки 95 пайызы әзір. Жетіспейтін тұқымды қазір іздестіріп жатырмыз. Өңірде бір­неше тұқым шаруашылықтары бар. Олардың қоймасында 30 мың тоннаға жуық сапалы тұқым қоры сақталған. Былтырғы жылы баға төмен болуы себепті сатыл­май қалған бидайы да қойма­сын­да үйілген күйі тұр. Мұнымен қо­са, «Азық-түлік келісімшарт кор­порациясы» ұлттық компа­ния­сы» акционерлік қоғамында тұ­қым ретінде пайдалануға бо­ла­тын үшінші класты 147 мың тон­на бидай бар. Ол бидайды алу үшін қазір корпорациямен ке­лі­сімшарт жасап жатырмыз. Оның әр тоннасының құны 150 мың тең­ге шамасында болуы мүмкін, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруа­шы­лығы және жер қатынастары бас­қармасы басшысының орын­басары Еркеш Әленов. 

Басқарма басшысы орын­ба­сарының айтуынша, тұ­қым­мен қатар шаруаны алаң­датарлық аса өзекті мәселенің бірі – жанармай. Облысқа биыл литрі 250 теңгеден жеңілдетілген ба­ғамен 82,4 мың тонна дизель оты­ны бөлінбек. Бұл мәселемен 17 оператор айналысып жатыр. 

– Бүгінге дейін 39 мың тонна жа­нармайдың ақысы келісімшарт бойынша төленсе 12 мың тон­на­сы шаруашылықтарға жеткізілді. Қа­ражаты болса шаруа қожа­лық­тары көктемгі егіс науқаны үшін қа­жетті жанармайын сатып алуы­на болады, – деп толықтырды Ер­­кеш Әленов.  

Облыстың құзырлы бас­қар­ма­сы көктемгі егіске әзірліктің қалыпты жағдайда еке­нін айтып ақ­талғанымен, об­лыс­тық кәсіп­кер­лер палатасы­ның мәліметі бірқатар шаруаның жағдайы аса мәз емесін көрсетіп отыр. 

Облыстық кәсіпкерлік пала­та­сына су тасқынынан зардап ше­гіп, дабыл қаққан ауыр жағ­дайы­нан хабардар еткен шаруа­лар­дың қоңырауы толастамаған. Жеке тұлғалардың су тасқынынан кел­ген шығын көлемін өтеуді ар­найы комиссия қарап, тұтас ал­горитм іске қосылғанымен, ауыл шаруашылығымен айна­лыс­қан диқан үшін шығынды өтеу  тәр­­ті­бін Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі әлі анықтамаған. Қо­мақ­ты қоры бар ірі шаруа­шы­лықтарға бұл аса ауыр салмақ бол­мағанымен, қаражаты аз  шағын шаруа қожалықтары үшін өте күрделі мәселе. Об­лыс­тық кә­­­сіпкерлер палатасы ди­рек­то­ры­ның орынбасары шаруа­лар­ды толғандырған бірнеше се­бепті ата­ды.

– Су тасқынынан кейін шар­уа­сы шатқаяқтап, түйткілді мә­селелер туындаған шаруалар бар. Әсіресе, төтенше жағдай жа­рия­ланған аймақтарда жағдай аса күрделі. Негізінен, диқандардың ба­сым бөлігі несиеге батқан әрі көк­­темгі егіске тұқым, жанармай сияқ­­ты қажеттіліктерді алу үшін қар­­жысының жоқтығы басты қиын­дық болып отыр. Шаруа­лар­дың басым бөлігі қолда барын айырбастап, яки қарызға алып, амалдап жатыр. Өңірде, әсіресе Атбасар, Бұланды, Астрахан, Це­линоград және Есіл аудандарын­да­ғы шаруалардың жағдайы аса қиын. Су тасқынынан шығынға бат­қан шаруалар көктемгі егіске өте­мақы алу жөнінде облыстық Кә­сіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­масына жүгініп жатыр. Өкі­нішке қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі өтемақы төлеу ере­жесін әлі күнге дейін бекіткен жоқ. Облыс аумағында бүгінге дейін біздің мәліметімізше, 14 ауыл­шаруашылық құрылымы су тас­қынынан аса ауыр көлемде зар­дап шеккен, – дейді Ақмола об­лысы Кәсіпкерлер палатасы ди­ректорының орынбасары Гүл­ден Темірғалиқызы. 

 

Көктемгі егістік науқанына кірісіп кетуге тұқым таппаған шаруалардың мәселесі шешімін таба ма? Бұл орайда комиссия дереу іске кірісіп, шаруалардың  шығынын жабуға көмек болмаса, жағдай қиын болары сөзсіз. Сондықтан құзырлы министрліктер мен әкімдіктер диқан қауымының жағдайын ескеріп, тиісті шешімді жедел арада қабылдағаны жөн болар деген ойдамыз... 

 Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы