Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жаңа басшысы үшін бұл АОК аясындағы алғашқы ресми іс-шара болғанын айта кету керек.
Головкин Азия Олимпиада кеңесінің Бас Ассамблеясына қатысты
Фото: ҰОК
2,553
оқылды

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшылық құрамы екі күндік жұмыс сапарымен Бангкок (Таиланд) қаласына барды. Сапар барысында Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Жанар Утешева Азия Олимпиада кеңесінің 43-і Бас Ассамблеясына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, АОК президентінің міндетін атқарушы Раджа Рандхир Сингх Ассамблея отырысын ұйым тарихындағы маңызды жиынға балады. Себебі, күн тәртібінде АОК Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланған болатын. 

«Бәріміздің идеямыз әртүрлі, көзқарастарымыз да бөлек. Десе де, біз өз жұмысымыз бен өз шешімдерімізге құрметпен, түсіністікпен қараймыз. Дәл осы жайт Олимпиадалық қозғалыстағы Азияның орнын ерекшелей түседі, ал біздің күшіміз бен бірлігіміз – сан алуандығымызда. 

Бұл Ассамблея АОК тарихындағы маңызды отырыс болып қалады. Біз Конституциямызға қажетті өзгерістер енгіземіз. Бұл Кеңестің ХОК Олимпиадалық Хартиясын  негізгі ала отырып алға жылжуына, сөйте тұра, өз автономиямызды, тәуелсіздігімізді және біздің азиялық ерекшеліктерімізді сақтауға ықпал етеді. Реформалау үдерісі аяқталуға жақын. Осы белесті еңсеріп, әрі қарай алға басу үшін бізге сіздердің қолдауларыңыз бен әріптестік ниеттеріңіз аса қажет», – деді жиында сөз алған Сингх мырза. 

Ассамблея аясында АОК мүшелерінің арасында дауыс беру рәсімі жүргізілді. Нәтижесінде, Кеңес құрамына енетін барлық 45 Ұлттық Олимпиадалық комитет аталған бастаманы қолдауға дауыс берді.

Сондай-ақ, отырыс барысында АОК-тың бес аймағы бойы вице-президенттердің есебі тыңдалды. Содан соң, алда өтетін төрт мультиспорттық іс-шараларды ұйымдастыру комитетінің өкілдері дайындық барысы жайлы жаңартылған ақпаратты бөлісті. Атап айтар болсақ, жауынгерлік жекпе-жек түрлері бойынша жабық кешендегі Азия ойындарын, (Бангкок-Чонбури, Таиланд),  2025 жылы Харбинде (Қытай) өтетін IX қысқы Азия ойындарын, 2025 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарын және 2026 жылы өтетін XX жазғы Азия ойындарын (Айти-Нагоя, Жапония) ұйымдастыру комитеттерінің өкілдері арнайы баяндама жасады. 

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жаңа басшысы үшін бұл АОК аясындағы алғашқы ресми іс-шара болғанын айта кету керек. 

Осы орайда, Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің жұмыс сапары тек қана АОК Ассамблеясына қатысуымен шектелген жоқ. Екі күн ішінде ол көптеген екіжақты кездесулер өткізді, оның ішінде, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өкілдері, АОК және Азия елдеріндегі ҰОК басшылары бар. Функционерлер Геннадий Головкинді ҰОК басшылығына сайлануымен құттықтап, даңқты атлеттің бұл қызметке келуі барлық олимпиадалық қозғалыс үшін маңызды екенін атап өтті. Барлық әріптестер Г.Головкин басқаратын Қазақстан ҰОК бастамаларын толығымен қолдайтынын жеткізді. 

Екіжақты келіссөздер ішінен ХОК вице-президентімен, Сингапур ҰОК басшысы, мистер Сер Минанг Нг және Сауд Арабиясы ҰОК вице-президенті, ханзада Әл-Сауд Фахад бин Жавали бин Абдулазиз Әл Саудпен болған кездесулердің жемісті болғанын айта кеткен жөн. 

«Бұл Геннадий Головкин бастаған Қазақстан делегациясы үшін қарбаласқа толы іссапар болды. АОК Бас Ассамблеясының отырысына қатысудан бөлек, екіжақты кездесулер өткізетінімізді әу бастан жоспарлағанбыз. Бірақ келіссөздер саны біз күткеннен де көп болды. Өзге ҰОК-тердегі көптеген әріптестер мен АОК басшылары біздің жетекшімізді жеке құттықтап, оған жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Халықаралық қауымдастық тарапынан көрсетілген мұндай құрмет біздің команданы шабыттандыра түсетіні анық. Бастапқыда айтылғандай, халықаралық бағыт – біздің жұмысымыздағы негізгі басымдықтардың бірі. Біз халықаралық олимпиадалық қозғалыспен әріптестікті нығайтып, еліміздің ұстанымын жай ғана бақылаушы емес, шешім қабылдауға белсенді атсалысатын қатысушы деңгейіне көтереміз. Бұл оңай шаруа емес, десе де, біз  мұны ҰОК жаңа президентінің тікелей жетекшілігімен жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.