OpenAI бас директоры Сэм Альтман 5-ші буын чат-бот жасамаймыз, одан да «ғажап» өнім ұсынамыз деп мәлімдеді. Ол не болуы мүмкін?
Бүкіл әлем дүйсенбіде қандай керемет жаңалық күтуде?
Ғажап әрі сиқырлы өнімнің қандай болатыны айтылады. Фото verloop.io сайтынан алынды
5,765
оқылды

Америкалық gizmodo.com технологиялық платформасы OpenAI ChatGPT және GPT-4 жаңартуларын дүйсенбі күні 13:00 ET-те тікелей эфирде көрсететінін жазды. Бұл Астана уақыты бойынша дүйсенбі түнгі 23:00. Aikyn.kz бұл шара туралы құлақтандыруда айтылған «ғажап әрі сиқырлы» өнімнің қандай болатынын талдайды.

ChatGPT-де «сиқырлы» жаңартулар болатыны хабарланды. Фото simplilearn.com сайтынан алынды

Бірнеше жыл бойы бүкіл әлем OpenAI компаниясы өзінің іздеу жүйесін немесе ChatGPT-5-ті қашан шығарады деп күтуде. Жұма күнгі Х әлеуметтік желісіндегі твитінде OpenAI-дің бас директоры Сэм Альтман іздеу жүйесін немесе GPT-5-ті іске қосады деген бірнеше ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен Альтман ChatGPT-де «сиқырлы» жаңартулар болатынын хабарлады.

OpenAI ChatGPT және GPT-4 жаңартуларын дүйсенбі күні (13 мамыр) Астана уақыты бойынша дүйсенбі түнгі 23:00-де тікелей эфирде көрсетеді.

Дүйсенбі күнгі OpenAI оқиғасы ЖИ-ге қатысты көп жаңартулары бар Google I/O-дан бір күн бұрын өтеді. Уақыттың осылай таңдалуы кездейсоқ емес және Google-дың жаңа өнімінің талаптарын бұзу әрекеті болуы мүмкін. Дүйсенбіде күтілетін GPT-4 және ChatGPT жаңартулары осыдан алты ай бұрын OpenAI-дің Dev күнінде іске қосқан GPT-4 Turbo-дан кейінгі алғашқы әлемдік деңгейдегі іс-шара болмақшы.

Бүкіл технологиялық әлем күткен оқиғаны көру үшін және қандай жаңа өнімдер ұсынылатын білу үшін 13 мамырда Астана уақыты бойынша түнгі сағат 23:00-де OpenAI-дің ресми сайтындағы трансляцияға қосылуға болады. Бұл іс-шара шамамен бір сағатқа созылады.

«Жаңа іздеу жүйесі немесе GPT-5 болмайды» деген мәлімдемеден кейін мамандар арасында көптеген қауесеттер таралды. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images/Steve Jennings

OpenAI дүйсенбіде не шығаратыны туралы көптеген болжамдар айтылуда. Сэм Альтман жаңа іздеу жүйесі немесе GPT-5 болмайды деп мәлімдегенімен мамандар арасында көптеген қауесеттер таралуда. 

Көпшілік ертең Альтманның соңғы айда айтып жүрген gpt2 чат-боттарына қатысы бар деп ойлайды. Сарапшылардың басқа бөлігі OpenAI қарапайым сұраулар үшін жасалған Anthropic компаниясының Claude 3 Haiku үлгісіне ұқсас кішірек ЖИ моделін енгізуі мүмкін деген болжамдар жасауда.

Бұрын Альтман Гарвард аудиториясында ЖИ соңғы шығып жатқан деңгейі GPT-4-тен кем түспейтін анонимді чат-боттар GPT-5 емес екенін айтқан. Алайда олардың артында OpenAI тұрғанын жоққа шығармады. OpenAI бірнеше апта бойы журналистердің gpt2 чат-боттары туралы қойған сұрақтарын да жауапсыз қалдырған.

OpenAI-дің ChatGPT-4 және Google-дің Gemini ЖИ үлгілерінің қайсысы мықты деген сұраққа мына видео жауап береді:Reuters бұған дейін алдағы дүйсенбіде OpenAI-дің жаңа құралдары Google және Perplexity-пен бәсекелесетін іздеу өнімі болуы мүмкіндігін хабарлады. The Information сайты болса OpenAI іздеу өнімін дайындап жатқанын жазды және The Verge сайты OpenAI өнімді жақын арада тез шығару үшін Google қызметкерлерін өзіне тартып жатқанын хабарлаған еді.

Басқа медиа құралдары жаңа өнім GPT-5 келеді деп болжауда. Бірақ Альтманның айтуынша, бізге мүлдем басқа өнім ұсынылатын сияқты.

OpenAI-дің ертеңгі іс-шарасы ең көп инвестиция тартылып жатқан жасанды интеллект компанияларының арасындағы шайқасты күшейтетіні сөзсіз. Google өзінің Gemini жасанды интеллект үлгілерінің тізбегін кеңейтуде қатты қысымға тап болып отыр. Ең қызығы, Google және OpenAI келесі iPhone-16 смартфонына ЖИ чат-ботын енгізу үшін Apple-мен келіссөздер жүргізіп жатқаны. Алдағы жаз айларында жасанды интеллект жарысының келесі ең ыстық кезеңін көретін боламыз. Аз ғана шыдау керек...

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.