Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Депутаттар Сенат отырысының күн тәртібін бекітті
647
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев палата бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 16 мамыр күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Палата отырысында сенаторлар «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Құжат нормалары екі ел азаматтарының құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Хаттамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 17 мамырда ҚХР-ға жасаған сапары аясында екі мемлекеттің Сыртқы істер министрлері қол қойды.

Сонымен қатар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң да палата отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларын қаржыландырудың құқықтық негіздерін қалыптастыратын хаттаманы ратификациялауды көздейді.

Сондай-ақ құжатта өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруды қолдауға арналған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Оның тізбесін ЕАЭО-ның Үкіметаралық кеңесі айқындайды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.