Жасанды интеллект заңдарды өз бетінше әзірлеп, заң жобаларына сараптама жүргізе ала ма?
Жасанды интеллект заңдарды әзірлей ме?
1,017
оқылды

Ол қа­­былданатын заңдардың құқық­­тық жә­не әлеуметтік-экономикалық салдарын болжай алуға қабілетті ме – осы жайында аз-кем сараптап көрген едік.

1 трлн доллардан аса инвестиция салынбақ 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әді­летті Қазақстанның экономикалық бағ­­дары» атты Қазақстан халқына Жол­­­­дауында цифрландырудың стратегиялық маңызын атап өтіп, жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы IT сала­­да озық ел болу мақсатын қойды. Пре­­­зидент бастамасы бірқатар нақты үкі­­меттік бағдарламада жалғасын тапты. ЖИ саласын дамытудың 2024-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасының жо­ба­сы оны енгізудің қазіргі жағдайы мен бағыттарын егжей-тегжейлі сипат­­тайды. Әзірлеушілердің ойынша, осы тұ­жы­­рымдаманы іске асыру 2025 жылға қарай суперкомпьютердің іске қосы­луына және 2029 жылға қарай ЖИ тех­но­логияларын пайдалана отырып көрсе­тілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 20%-ға дейін өседі деп күтіледі. Бұл мақ­сат­тар мемлекеттік қызметтің басқа салаларын цифрландыруға бағытталған күш-жігермен тікелей байланысты.

Парламенттік қызметті цифрлан­­дыруға бизнес-процестердің реинжи­­­­ни­рингі, сондай-ақ мемлекеттік органдар­дың ақпараттық жүйесімен ары қарай интеграциялаумен, E-Parlament бірың­ғай платформасын құруға бағытталған ҚР ПІБ Материалдық-техникалық қам­та­масыз ету басқармасы мамандары қызметі ЖИ-ді енгізу бойынша жалпы­ұлттық стратегиямен үйлеседі.

Жақында өткен Ғылым және техно­ло­гиялар жөніндегі ұлттық кеңестің оты­­рысында Президент ғылыми-техни­калық прогресс жаһандық экономика мен өмір салтын тез өзгертіп жатқанына тоқ­талып, Қазақстанның технологиялық және ғылыми-инновациялық егеменді­гін нығайту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. 

Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ЖІӨ-нің 7%-на дейін қамтамасыз етеді, ал 2027 жыл­­ға қарай ЖИ жаһандық нары­ғын капиталдандыру 400 млрд доллардан асады. Бұл перспективалар ЖИ дамыту­­­дағы әлем елдері күш-жігерінің маңызын көрсетеді.

Жаһандтық трендтен үйренеріміз көп

Заңнамалық қызметте ЖИ-ді қолда­ну – жаһандық тренд. Мәселен, Брази­­­лияда толығымен ЖИ әзірлеген заң қа­был­данды, бұл оның заң шығарудағы рөлі туралы кең пікірталас тудырды. Бұл мысалдар ЖИ деректердің үлкен көлемін және қолданыстағы заңнаманы қысқа мерзімде талдай отырып, заң шығару про­цесінде күрделі міндеттерді орын­дауға қабілетті екенін көрсетеді, бұл мұн­­­дай технологияларды жаһандық дең­гейде құқықтық жүйелерге бірікті­­рудің өзектілігі мен маңызын тағы бір рет көрсетті. Алайда заң шығару проце­­­сінде озық цифрлық технологиялар мен ЖИ құралдарын пайдалану заң шы­ғарушы органның классикалық міндет­те­­­рімен қатар жүруі керек екенін атап өткен жөн.

Парламент үш негізгі функцияны орын­дайды: өкілдік, бақылау және заң шы­ғарушы. Қазір цифрлық күш-жігер негі­зінен өкілдік функцияны дамытуға, атап айтқанда, көшпелі кездесулер ар­қылы Парламенттің халықпен өзара іс-қимылын құруға, азаматтарды қабыл­дауды цифрландыруға және Парла­менттің интернет-ресурстарына қолже­тімділікті қамтамасыз ету арқылы биз­нес-процестерді жетілдіруге, сондай-ақ бейнеконференциялық байланыс орна­­ту мақсатында онлайн платформаларды пайдалануға бағытталған. 

Бұл ретте ЖИ-ді заң шығару про­­це­сіне енгізу дәстүрлі жұмыс әдістерін тү­бегейлі өзгерте алатын айтарлықтай әле­ует­ке ие. ЖИ-дің толыққанды инте­грациясы заңнамалық қызметтің сапасы мен тиімділігін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар депутаттарға бюрокра­тиялық жүк­темені едәуір тө­­мендетуге мүмкіндік береді. Бұл заң шығарушыларға заңнаманы дамытудың стратегиялық ас­пектілеріне назар ауда­руға және қо­ғам­­дағы тез өзгеретін сын қатерлерге тез, тиімдірек жауап беруге жол ашады.

Сонымен қатар ЖИ заң жобаларын, терең негізделген және сенімді дерек­тер­ді әзірлеуді қамтамасыз ете отырып, де­ректерге талдау жүргізу барысында Парламенттің ұстанымын едәуір нығай­та алады. Бұл «Күшті Президент – ық­­­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы шеңберінде заңна­­малық процестің сапасы мен тиім­ділігін айтар­­лықтай арттыратыны сөзсіз.

Жетекші Батыс елдерінің заң шыға­рушы органдары үшін практикалық нұс­­қаулыққа айналған «Ақылды парла­менттер. Деректерге негізделген демок­ра­тия» атты кітапта қазіргі уақытта заң шығару процесіне ЖИ технологиясын енгізудің 31 құралы әзірленгені көрсе­тілген. Парламентаризм институты олар­­дың үшеуін зерттеумен белсенді айналысады.

Біріншісі – ЖИ-ді құқықтық сарап­тама үшін қолдану. ЖИ алгоритмдері деректердің үлкен көлемін талдайды, заң жобаларындағы қайшылықтарды анықтайды, оларды қолданыстағы заң­намамен және халықаралық стан­дарт­тармен салыстырады. Бұл заң жоба­ла­рын әзірлеудің сапасын арттырады және заңдарды сараптауға жұмсалатын бюд­жет қаражатын айтарлықтай үнемдей отырып, заңды қателіктердің алдын алу­ға көмектеседі. Мысалы, 2020 жылы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі НҚА жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптау жүргізу үшін ҚҚС-сыз 2,4 млрд теңге, ал «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ 1,5 млрд теңге бөлді.

Екіншісі – деректерді талдау негі­зінде құқықтық сала үшін болжамдар әзір­леу. Үлкен деректер мен аналити­калық құралдарды пайдалану белгілі бір заңның қабылдануының ықтимал сал­дары, оның экономикаға, әлеуметтік са­лаға және азаматтардың өміріне әсері туралы құнды болжамдар жасауға мүм­кін­дік береді. Бұл депутаттарға неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға көмек­­теседі.

Үшіншісі – заңнамалық мәтіндерді құру процесін автоматтандыру. Зама­науи тех­нологиялар заң жобаларының мәтін­дерін әзірлеу кезінде қол еңбегін және «адами факторды» азайтуға көмектеседі.

Автоматтандырылған жүйе­лер заң жобаларын құрылымдайды, олардың заң техникасының стандарт­тарына сәй­кестігін қамтамасыз етеді және заң жоба­ларын дайындау процесін жедел­дететін және олардың сапасын артты­ратын барлық қажетті заң эле­ментін қамтиды.

Заң шығару процесіне «ескі» көз­қарастың тиімсіздігінің жарқын мысалы ретінде Су кодексінің жобасымен жұ­мысты келтіруге болады, оның бастапқы талдауы 70-ке жуық тұжы­рымдамалық ес­кертуді, заңға тәуелді акті­лер­ді пысық­­таудың жоқ екенін және қол­даныстағы конституциялық норма­ларға қайшы келетінін анықтады. 

Су кодексінің жобасы уәкілетті ор­гандардың функцияларын нақты ажы­ратуды қамтамасыз етпейді және су шаруа­шылығын реформалау үшін ин­вес­тициялар тартудың қазіргі заманғы тетіктерін қоспағанда, ескірген тәсіл­дерге сүйенеді және Конституцияның талаптарын ескермеген. Кодекстің ой­лас­тырылмаған құрылымы және Су және Экологиялық кодекстер ара­­­сын­дағы нормалардың қайталануы су ре­сурстарын тиімді басқаруға кедергі кел­тіре отырып, құқықтық белгісіздікті күшейтеді. Бұл ретте Су кодексін әзірлеу екі жылға созылғанын еске саламыз.

Киберқауіпсіздік мәселесін де ұмытпаған жөн

Қазір Парламентаризм институтында заң шығару процесіне ЖИ-ді енгізу ба­ғыттары мен құралдарына қатысты нақ­ты көзқарас қалыптасқан. 

Тұжырымдамалық деңгейде заң шығару процесіне ЖИ-ді енгізу келесі эле­менттерді қарастыруы керек: тиісті стратегияны әзірлеу, басымдықтарды бел­­гілеу, оқыту, енгізу процесінің өзі, басқару.

Заң шығару процесіне ЖИ-ді то­лыққанды енгізу үшін бірыңғай опе­ратор құру қажеттілігі бар. Бұл оператор ЖИ құралдарын әзірлейді, тиімді ен­гізеді жә­не құқықтың әрбір саласы бо­йынша оқытуды жүзеге асырады. Қа­зір институт қажетті ресурстарға ие және осындай оператор ретінде қызмет көрсетуге да­­­йын. Аталған мәселелерді егжей-тег­жейлі талқылау биылға жос­парланған.

Дегенмен цифрлық технологияларды кеңінен енгізумен байланысты белгілі бір тәуекел бар. Киберқауіпсіздік мәсе­лелері ерекше назар аударуға тұрарлық. Мемлекеттік жүйелерге техникалық қол­­­жетімділік елдің де, азаматтардың да қауіп­сіздігіне қауіп төндіреді. Қазақстан метадеректерді сақтауға қатысты тұжы­рымдамалық шешім қабылдауы қажет. Деректерді физикалық сервер­лерге орналастыру айтарлықтай қаржылан­дыруды қажет етеді, ал бұлтты сақтау жет­кілікті сенімді болмауы мүмкін. 

«Қадағалау» және «Төрелік» сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелерге ЖИ-дің шектеулі қолжетімділігімен, сондай-ақ ақпаратты тиімді өңдеу үшін ЖИ мүм­кіндіктерін шектейтін тіл өрісінің дамымаған/тарлығымен байланысты техникалық тәуекелдер де бар.

Қазіргі жағдайды ескере отырып, қысқамерзімді перспективада тез енгі­зуге және нақты нәтижелерге қол жеткі­зуге бағытталған тұжырымдамалық ше­­шімдер қабылдау арқылы «жылдам жеңістер» стратегиясына назар аудару маңызды.

ЖИ заңнамалық процесті өзгертуге, жұмыстың дәлдігін едәуір жақсартуға және заң жобаларын әзірлеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. ЖИ-ді пай­­далану сонымен қатар елдің құқық­­тық жүйесіне заңнамалық бастамалардың жоғары сапасы мен негізділігін қамта­масыз ете отырып, өзгерістерге тез бейім­­делуге мүмкіндік береді.

Қазір Парламент пен МТҚБ маман­дары бұл мүмкіндіктерді белсенді тал­дауда және бағалау жұмыстарын іске асыруда.

Шолпан САЙМОВА,

ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы 

Парламентаризм институтының 

Жария заңнама орталығының басшысы, 

PhD докторы