Жақында қазақстандық БАҚ беттерінде қазақ футболына қатысты жағымды ақпарат тарады.
Нұрсұлтан Құрман: Өңірлерде стандартқа сай спорт кешенін салсақ, қазақ футзалы одан әрі дами түспек
2,861
оқылды

Себебі футзалдан ұлттық құрамалар арасындағы ФИФА рейтингі белгілі болды. Ол алғаш рет Халықаралық футбол федерациясының ресми сайтында жарияланды. Ресми дерек бойынша, Қазақстан 139 команданың ішінде 8-орынға тұрақтады. Әрине, бұл – қуанышты хабар. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы күзде Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына төртінші рет қатысады. Осыған байланысты Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті Нұрсұлтан Құрманмен сөйлесіп, ұлттық құраманың алдағы уақыттағы жоспары және қазақ футзалындағы бірқатар маңызды мәселе төңірегінде сұхбат құрдық.

– Биыл Қазақстан құрамасы Ташкентте өтетін футзалдан Әлем чемпионатына жолдама алды. Осы тұста бірнеше сұрақ қоя кетейін. Қазір аталмыш чемпионатқа дайындық барысы қалай болып жатыр? Алға қойған мақсат қандай, негізгі құрамда кімдер ойнайды, оқу-жаттығу жиыны қалай өтеді?

– Иә, биыл Өзбекстанның Ташкент қаласында және Әндіжан, Бұхара қалаларында футзалдан Әлем чемпионаты өтеді. 26 мамыр күні Самарқанд қаласында жеребе тарту рәсімі болады. Бұған жалпы саны 24 команда қатысады. Қазақстан – сол чемпионаттағы фавориттердің бірі. Екінші себетте өнер көрсетеді. 2021 жылы Литвадағы Әлем чемпионатында ұлттық құрама төртінші орын алған. Қазір әлемдік рейтингте 8-орындамыз. Бұл ФИФА-ның рейтингтік бағалауы бойынша. Ал УЕФА-ның рейтингінде 4-орындамыз. Демек, бізде барлық мүмкіндік бар. Кем дегенде тағы да сол нәтижені қайталауға болады немесе одан да асып түсу ықтималдығымыз жоғары. Биыл Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан өз тобында 6 ойын өткізіп, соның бәрінде жеңді. Іріктеуге қатысқан командалар арасынан жеңіліссіз шыққан жалғыз команда болды. Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде Нидерланды командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетіп, жолдама алдық. Сол ойынды көруге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, атақты боксшымыз Жәнібек Әлімханұлы келіп, тамашалап, өз қолдауын білдірді.

Ал оқу-жаттығу жиыны жайлы айтар болсақ, тамыз айында басталып, бір айға дейін созылады. Одан соң кеңейтілген тізім шығады. Қазір Қазақстан Футбол Федерациясы, Қазақстан Футзал Қауымдастығы дәл осы мәселені реттеп жатыр. Бас бапкер Пауло Рикардо Каканың өзі тізімді ұсынады. 21 маусымда Қазақстан чемпионаты аяқталады. Қазір 4 команда жартылай финалға жолдама алды. Олар – «Қайрат», «Атырау», «Семей», «Аят» клубы. Сол 21 маусымда өтетін финалдық кездесуден кейін бәрі белгілі болады. Бірақ негізгі құрамда мына футболшылар: қақпада Игита, оның қасында қосалқы құрамда Серік Нарын, Нұржан Жетпісбай бар. Еуро чемпионаттың үздік сұрмергені Біржан Оразов, одан кейін Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Альнорд Кнауб, Дуглас, Лео, Эдсон секілді ойыншылар бар. Сондай-ақ Дамир Қайырбай секілді жастар бар. Міне, осы футболшылар кеңейтілген тізімге бірден енуі қажет. Оған қоса бас бапкер Кака жақсы ойынымен көзге түскен жастарды да шақыруы мүмкін. Мен олардың есімін атамай-ақ қояйын. Себебі алда тағы да өзгерістер болуы мүмкін. Оқу-жаттығу жиыны Алматы, Астанада өтеді. Барлығы пысықталып болғаннан кейін команда Өзбекстанға аттанады. 

– Бірінші рет футзалды қолдап, ойынды көруге Президенттің өзі келгенін айтып қалдыңыз. Оған қоса Ұлттық құрама Еуропалық іріктеу кезеңін бірде-бір жеңіліссіз өтті дедіңіз. Бұл сонда нені білдіреді? Мұны футзалдың бұқаралық спорт ретінде де қатты дамып келе жатқаны дей аламыз ба?

– Әрине, бірінші кезекте, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спорттың дамуын жіті бақылап отыратынын айтқым келеді. Футзал қазір біздің ұлттық ойын десек те болады. Өйткені бүгінгі таңда отандық футзалда әрбір компанияның өз командасы бар. Бізде үлкен футболға қарағанда, шағын футболдың алаңдары өте көп қой. Президенттің ойынды тамашалап, футзалды көруге келуіне біздің жетістіктер себеп деп білемін. Жаңа сөз арасында әлемдік рейтингтерді айттым. Маңызды ойын болғаннан кейін Мемлекет басшысы да ойынды өз көзімен көргісі келеді және ол футзалды одан әрі дамыту қажет екенін айтып, біраз тапсырма берді. Бұл – бір деңіз. Екіншіден, ҚР чемпионаты әлемдік топ-чемпионаттардың қатарына кіреді. Өйткені біздегі командалардың, ойыншылардың деңгейі өте жоғары. Үшіншіден, шағын футбол қазір бұқаралық сипат алады. Әрбір ұжымда футзал ойнайды, оны жақсы біледі де. Бастысы халық жақсы көреді. Әлеуметтік желі, рейтинг қаралымдарды бақылап көрсеңіз де, футзалдың көрілімі үлкен футболдан еш кем емес екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар бізде академия өте көп. Рудный қаласындағы «Аяттың» академиясы, «Қайраттың» академиясы бар. Жаңаөзен, Ақтаудағы академия, Қарағандылық «Тұлпардың» академиясы және тағы сол секілді академиялар баршылық.

– Биыл 13, 15, 17, 19 жастағы жастардың ішкі чемпионаты да ретке келіп, абыроймен өз мәресіне жетті. Одан бөлек бұрынғыдай емес, қазір ұлттық құрамаға жастар көбірек тартылып жатыр. Бұлар кімдер және құрамаға неге жастар көптеп қосылып отыр?

– Иә, U-13, U-15, U-17, U-19 санатындағы жастардың арасында жарыстар жиі өтеді. Биыл бірінші рет чемпионат өтті. Өте жақсы бәрі де. Команданың саны көп. Қазір сол U-19 санатындағы жастарды жинап алып, бас бапкеріміз Кака 4 бірдей оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Сондай-ақ биыл U-19 бен негізгі Премьер-лиганың арасында байланыс болатындай Бірінші лиганы да аштық. Бірінші лигаға 5 команда қатысты. Бірақ келер жылы команда саны артады деп ойлаймыз. Бірінші лиганың өзі өте жақсы деңгейде өтті. Демек бұл жастар арасындағы чемпионатқа көпір іспеттес, бірден жеңіл өтуіне себепші лига десек те болады. Сондай-ақ 1 шілдеден 6 шілдеге дейін қыздар футзалы да қолға алынады.

– Иә, мен де осы жөнінде сұрағым келген. Себебі бізде футзалдан қыздар командасына көңіл бөлінбейтіндей көрінетін...

– Дұрыс-ақ, бұрын бұл тек әуесқой деңгейде өтетін. Қазір енді 1 шілдеден бастап, тұңғыш рет қыздар арасында футзалдан Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жерде жеңімпаздар анықталады. Әрі көзге түскендері ұлттық құрама сапына қосылады. Ал Ұлттық құрама Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнайды. Футзалдан қыздардың ұлттық құрамасы бұрын болмаған. Енді, міне, Әлем чемпионатынан кейін басталады. Оған қоса осы Әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетсек, біздің әлемдік рейтингте бестікке не үштікке еніп кетуіміз әбден мүмкін. Өйткені 1-орын мен 8-орын арасындағы ұпай саны қатты алшақ емес. Және елдегі ішкі чемпионаттардың дамуы да жақсы жолға қойылды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі біздің құраманың сапалы болуына ықпал ететін бірден-бір фактор – ішкі чемпионат. «Қайратты» білесіз, екі дүркін Еуропа чемпионы болды. Биыл «Семей» командасы жақсы ойын көрсетіп келе жатыр. Ертең жартылай финалда «Аятпен» бәсекеге түсіп, финалдық жолдама үшін қос команда барын салады. Яғни, біздің елдің екі бірдей командасы клубтар арасындағы Чемпиондар лигасының негізгі раундында ойнайды.

– Айтылған жаңалықтардан өзге, футзалдан ішкі біріншілікте тағы нендей өзгерістер болып жатыр? Жалпы Қазақстан кубогіне қандай жаңа командалар қосылды, қандай жаңа есімдер пайда болды әрі олар несімен ерекшеленді?

– Футзалда жастар көп. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан құрамасына қарсы ойындарда Кенжеғали Сұлтан, Дамир Қайырбай, Нұрқанат Бақтияр сияқты 7-8 жас жігіттер құрамаға шақырылды. Олар ұлттық құрамада Каканың көзіне түсу үшін барын салып жатыр. Тамызда әлем чемпионатының алдында  оқу-жаттығу жиындарына шақырту алғанда, олар да келеді. Көзге түссе, негізгі құрамға енеді. Ал енбесе, бұл – үлкен тәжірибе. Ұлттық құраманың резервінде тұрады.

– Одан бөлек өңірлердегі футзалдың жағдайы қалай? Мәселен, Ақтаудағы «Атриум» командасы Еуропа чемпионы болды деген жақсы жаңалық айтылды жақында.

– «Атриум» – негізі әуесқой футбол командасы. Оның құрамында Қазақстан чемпионатында кәсіби деңгейде ойнайтын Темірлан Әділов, Қуаныш Қарағұлов сияқты жігіттер бар. Олар былтыр Әлем чемпионатын, биыл Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Шағын футболда да әлемдік рейтингте көшбасшы ретінде 1-орында тұрамыз.

– Ал қазір футзалда қандай мәселе бар? Осы футбол тақырыбы сөз бола қалса, бізде инфраструктураға қатысты проблема бары жиі айтылады. Қазақ футзалында бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Қазақ футзалында инфраструктура мәселесі әлі де бар, әрине. Шыны керек, бұл кез келген спорт түрінде бар шығар деп ойлаймын. Иә, біз әлем чемпионатын қабылдауға дайынбыз. Жекпе-жек сарайы, Барыс арена, Алматы арена сияқты ірі спорткешені бар. Бірақ аймақтарда тиісті деңгейде, стандартқа сай, футзалға арналған спорткешендері жоқ. Ол жақта халықаралық додалар өткізу үшін, телевизиялық түсірілім жасау үшін жағдай аса жасалмаған. Осы мәселені шешсек, сөз жоқ, қазақ футзалының қарқыны үдей түспек.

– Бұған кім жауапты?

– Оны жергілікті басқарушы органдар, Үкімет арнаулы қаржы бөліп, шешуі қажет. Жаңа ғана айттым ғой, Астанада Жекпе-жек сарайы, Барыс арена сияқты өте жақсы спорткешендері бар деп. Ал аймақтарда мұндай жағдай жоқ. Сондықтан аймақтарға да көңіл бөліп, стандартқа сай кешенді көптеп салуымыз керек деп ойлаймын.

– Бұрын Қазақстандағы шағын футболдың трансляциясы бөлек бір мәселе болатын. Ал қазір ше, ол мәселе әлі бар ма? Сонымен қатар төрешілерді таңдау, кәсіби білігін арттыру, олармен жұмыс істеу мәселесі қалай жүйеленді?

– Иә, былтыр трансляция мәселесі аздап қиындық тудыратын. Биыл бұл мәселе жолға қойылып, жақсы жағынан шешілді. «Q Football» компаниясы мен Қазақстан футзал қауымдастығы келісімге отырды. Барлық матчты қазір 4, 5, 6 камераға, Семейде тіпті 8 камераға түсіреді. Сонымен қатар «Qazsport» каналы да арасында матчтарды көрсетіп тұрады.

Енді төрешілер жайлы айтар болсақ, ол енді адам ғой. Кейде ойын барысында адами фактор болады. Төрешілердің біліктілігін арттыру мақсатында Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер комитеті міндетті түрде семинарлар, оқу-жаттығу жиындарын жасайды. Биыл 23 төреші сондай семинардан өтті. Оған қоса әрбір тур сайын олардың тарапынан кеткен қатемен жұмыс жүргізіліп отырады. Алдағы уақытта осындай кемшін тұстардың алдын алу үшін футзалға да VAR жүйесі енді. Енді кез келген күмәнді ситуацияларды қайталап қарауға мүмкіндік бар. Демек төрешілік жағынан қателік аз болады деген ойдамын.

– Қазір шағын футболда әуесқой лигалардан бөлек, медиа лигалар да жақсы қарқын ала бастады. Өзіңіз ашқан Жұлдыз лигасы да – сондай медиа лиганың жарқын көрінісі. Бірақ осы жерде менде мынадай ой туындап тұр. Бәлкім, мұндай медиа лигалардың алдағы уақытта көптеп пайда болуы кәсіби лигалардың дамуын тежемей ме?

– Егер жалпы қоғам не қоғамдық құндылық жайлы сөз қозғасақ, медиа лиганың қоғамға ешқандай пайдасы жоқ деп ойлаймын. Ол – бар болғаны бұқаралық өмірді, салауатты өмір салтын насихаттау. Әнші, журналист, блогерлер келіп, алаңда футбол ойнайды. Бірақ ол адамның өзі үшін, өз денсаулығы үшін ғана. Оны үлкен әлеуметтік жоба деп қарай алмаймын. Мұны мүмкін біреулер хобби деп, ал екінші тарап кәсіп көзі деп түсінер. Бірақ ақиқаты сол, кәсіби лига бәрібір өз биігінде қалады, ал медиа лига кәсіби лигага ешқашан жете алмайды. Оны ойнап жүрген жігіттердің өздері де біледі. Медиа лиганың болашағына үлкен сеніммен қарамаймын. Оны бір сөзбен айтқанда, футболға әуес жандардың көңіл көтеретін ортасы деп қарауымыз керек шығар. Сол себепті мұны профессионал футболдың дамуына жақсы не жаман жағынан ықпал етіп жатыр деп ойламаймын.

– Түсінікті. Көкейдегі біраз сұраққа жауап алдым деп ойлаймын. Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

– Сізге де көп рақмет!