Кездесу барысында тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Серік Жұманғарин Вьетнамға Қазақстанда электромобильдерге арналған батареялар шығаруды ұсынды
595
оқылды

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Вьетнам – Қазақстан үшін Азиядағы маңызды серіктестердің бірі. ҚР Президентінің былтыр тамыздағы Вьетнамға ресми сапарының қорытындысы бойынша? біз екіжақты қарым-қатынастарымыздың жоғары белсенділігін атап өтеміз: тауар айналымы 85%-ға өсіп, шамамен $1  млрд-қа жетті. Елдеріміз арасында аптасына 13 әуе рейсі орындалады. Ұшу географиясын кеңейтуге дайынбыз», –  деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар вице-премьер вьетнамдық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін зерттеуге шақырды. Бұл вьетнамдық экспортқа теңіз бағыттарына қарағанда шығыстан батысқа қарай 3-4 есе жылдам жүруге мүмкіндік береді, бұл шығындарды айтарлықтай азайтады.

«Біз ТХКБ Азия мен Еуропа арасындағы ең оңтайлы бағыт деп есептейміз. Сондай-ақ Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалының және Сиань құрғақ портының қуатын іске қосуды ұсынамыз», –   деді ол.

Кездесу барысында тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Вьетнам делегациясына электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіру үшін Қазақстандағы ірі литий кен орындарына назар аударуға ұсынылды, бұл Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.

Анықтама: 2023 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда $979,2 млн құрады –  өсім 85,4% ($528,3 млн). Экспорт $180,2 млн (+ 44,1%), импорт – $799 млн (+ 98%).

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.