Шымкентте көкпардан өткен ересектер арасындағы республикалық турнир аяқталды.
Шымкентте көкпардың жеңімпаздары анықталды
966
оқылды

Еліміздің астанасында алғаш рет өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы бұл республикалық турнирге Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қаратау, Түлкібас, Абай, Қазығұрт және Тұран аудандарының құрама командалары қатысып, бақ сынады.  

Еске сала кетейік, 11-16 мамыр аралығында өткен бұл турнирге аудандардың, моноқалалардың  командалары ғана қатысуына рұқсат етілді.

Бүгін, 15 мамыр, 5 күнге созылған дүбірлі доданың финалдық кездесуі өтті.

Өз тобынан алдына жан салмай бірінші орынмен өткен Түлкібас ауданының командасы мен екінші топтан Абай ауданының құрама командасы финалда кездесті.

Бұл ақтық бәсеке соңғы жылдары болмаған, көрермен көп күткен өте тартысты кездесу болды. Алғашқы минуттардан-ақ, командалар бір-біріне қарсы шабуылды үдетіп, ойынның қиын әрі көрермен үшін қызықты өтетінін аңғартты. Ақтық есеп 9-7. Түлкібас ауданының айы оңынан туды.

Үшінші орын үшін ойында Жамбыл ауданының командасы мен Тұрар Рысқұлов ауданының құрама командалары ғана кездесуі керек болған-ды. Бірақ Т.Рысқұлов ауданынан алаңға 6-ақ шабандоз шығуына байланысты, оларға техникалық жеңіліс есептелді. Көкпардың бекітілген ережесіне сәйкес, егер алаңға шығатын команданың ойыншылары 8 шабандоздан кем болса, автоматты түрде жеңіліс есептелетінін естеріңізге сала кетейік.

Осылайша, Жамбыл ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жалпы, жүлде қоры 20 000 000 теңгені құраған бұл турнирде алтыннан алқа таққан Түлкібас командасы жүлделі 8 000 000 теңгені, күмісті мойнына ілген Абай ауданына 6 000 000 теңге, ал қола жүлдені иеленген Жамбыл ауданына 4 000 000 теңге сыйақы табысталды.

Одан бөлек, «үздік ойыншы» номинациясын Әділет Мамыт иеленсе, «үздік шабуылшы» номинациясы Абылайхан Нышанбековке бұйырды. Сонымен бірге «үздік төреші» номинациясын Жамбыл облысынан Ақылбек Қымызбаев, ал «ең үздік сәйгүлік» атағын «Намыскүрең» жеңіп алды. Қосымша әр номинацияға 335 000 теңге сыйақыдан берілді.