Қазір қылмыстық іс қозғалды.
Кірпіні доп қылып ойнаған: ақтөбелік жігіттер қылмыстық жауапқа тартылады
877
оқылды

Ақтөбе қаласының Триатлон паркінде кірпіні доп қылып теуіп ойнаған жігіттер жазаланады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әлеуметтік желіге жарияланған видеодан үш жігіт кірпіні бір-біріне теуіп, доп қылып ойнағанын көруге болады. Бұл видео Триатлон паркінде түсірілген. Бірі аяқкиіміне жабысқан тікендерді көріп таңғалып, тазартуға көшті. Полиция осы видеоны түсірген адам мен кірпіні тепкілеген жастарды тапты.

– Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бір топ жастың тірі кірпіні тепкілеп, футбол ойнағаны анықталды. Тексеру барысында бұл видеоның Ақтөбе қаласында түсірілгені белгілі болды. Күдіктілер анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қылмыстық кодекстің "Жануарларға қатыгездік жасау" фактісі бойынша іс қозғалды, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес жануарларға қатыгездікпен қарап, оның мертігуіне әкеліп соққан жағдайда 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады. Биылғы АЕК мөлшері – 3692 теңге. Сонда айыппұл мөлшері 443 040 теңге шығады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.