Ол ортақ балалары – 2 қызы өзімен бірге тұратынын айтқан.
Мақат ауданының әкімі 11 жыл бойы ұрып-соқты деп айыптаған бұрынғы әйеліне жауап берді
Фото: gov.kz
13,481
оқылды

Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов Facebook-тегі парақшасында бұрынғы әйелінің ұрып-соқты және қинады деп айыптағанына байланысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Бүгінгі әлеуметтік желіде бұрынғы жұбайымның видеоүндеуіне қатысты төмендегідей түсінік беріп өткім келеді. Бұрынғы жұбайымның менің атыма таққан негізсіз айыптаулары мен жалған ақпараттары БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Жеке өмірім туралы пікір айтудың қажеті жоқ деп санаймын. Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желілерде тараған соңғы оқиғаларға байланысты, менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты", – деп жазған әкім.

Ол ортақ балалары – 2 қызы өзімен бірге тұратынын айтқан.

"Олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Мұндай шешім 2 қызымның қалауы бойынша қабылданып, бұл туралы соттың заңды шешімі де шыққандығын хабарлаймын. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандығын және де БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауларын сұраймын", - деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін желіде Ақмарал Үмбетқалиева жазған видео тараған болатын. Ол Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтің бұрынғы әйелі екенін мәлімдейді. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны 11 жыл бойы жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.