ЖИ көп нәрсені адамдардан әлдеқайда жақсы жасайды. Оларды енді ата-аналар балаларының онлайндағы іс-әрекетін бақылауға қолдана алады. Жаңа Angel AI қолданбасы жасалды.
Баланы интернеттің жабайы орманынан қорғайтын технология жасалды. Өте пайдалы
Ата-аналар балаларын интернеттің жабайы орманында адасып кетпеуін қадағалауы керек. Фото store-bs.ru сайтынан алынды
2,079
оқылды

Балалардың интернеттегі ресурстарды қолдануына жасы мен қызығушылығына байланысты шектеулер қоятын ЖИ жасалғанын newatlas.com сайты жазды. Бұл технологияның басқа да мүмкіндіктерін Aikyn.kz осы материалға сүйеніп түсіндіреді.

Angel AI балаларға контентті олардың жеке басына қауіп төндірмей таныстырады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Angel AI

Angel AI қолданбасы балаларға интернеттегі түрлі контентті олардың жеке басына қауіп төндірмей таныстырады. Осы аптада Google және OpenAI өздерінің жаңа өнімдерін ұсынды. ЖИ көмекшілері көп ұзамай көптеген адамдар үшін интернетке қол жеткізудің негізгі құралына айналады деп ойлаймыз. Желі қолданушылары бұрынғыдай интернеттен ақпарат іздемейді.

Енді чат-ботқа қажетті ақпарат, мәліметтер туралы сұрақтар қойса болғаны машина ғаламдық желіде бар барлық жауаптарды сізге ұсынады.

Бүгінде ата-аналар өздерінің қызығушылығы жоғары, жаңа заман балаларына интернеттің жабайы орманында дұрыс бағыт-бағдар бергісі келеді. Яғни, әрбір жауапты ата-ана баласын жай ғана зорлық-зомбылық, есірткі, соғыс, саясат және жағымсыз контенттен арашалап қана қоймай, қажетсіз жарнама, жеке деректерді жинау және сату, жағымсыз адамдармен байланысудан, әлеуметтік желінің қорқынышты ықпалынан қорғағысы келеді.

Angel AI 5-12 жастағы балаларға арналған жасанды интеллект көмекшісі. Ол iOS жүйесінде iPad үшін жасалған. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Angel AI

Angel AI қолданбасы интернетті сұрақ-жауап құралы ретінде қызығушылықты ынталандырады. Angel AI-дің негізін қалаушы Джош Турман:

«Ата-аналардың балаларының желідегі іс-әрекетін бақылауға уақыттары да, мүмкіндіктері де жоқ. Ал балалар өздерін бақылағанды ұнатпайды. Сондықтан екі арада әрқашан келіспеушіліктер болады.  Бірақ енді ата-ана жақсы құрал ұсына алады, бұл көп нәрсені өзгертеді деп ойлаймыз», – дейді. 

Angel AI 5 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған жасанды интеллект көмекшісі қызметін атқаратын iOS қолданбасы, ең алдымен iPad үшін жасалған. Орнату оңай – балаңыздың атын, туған күнін және бірнеше хоббиі мен қызығушылықтарын енгізіңіз. Содан кейін ол бастапқы бетті жасайды, ол балаларға сұрағысы келетін кейбір сұрақтардың мысалдарын көрсетеді, сонымен қатар төменгі жақта үлкен «Сұрау» түймесі орналасқан.

Қолданбаға жазбаша да сұрақтар қоюға болады. Бірақ негізгі интерфейс – дауыс. Балалар өздерінің жасына тән сұрақтар қояды, ал Angel AI жауаптарды іздеп табады, ілеспе суреттері бар бірнеше слайдтар ұсынып, соңында балаларға арналған YouTube видеоларын көрсетеді. Жауаптар баланың жас ерекшелігіне лайықталып, мейірімді, жағымды дауыспен айтылады.

Angel AI-да үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар. Ол баланың интернеттегі әртүрлі сұрауларын тексеріп, ата-анасына хабарлайды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Angel AI

Angel AI-да үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар. Ол бастапқы сұрақты баланың жасына сәйкес келетінін анықтау үшін бағалайды. Оны жасына сәйкес келмейтін тақырыптар тізімімен салыстырады және ЖИ қолданатын LLM (Үлкен тіл үлгісі) арқылы алған жауап та бағалау үшін беріледі. Осылайша, суреттер мен видеоларды алу үшін баланың интернеттегі әртүрлі API интерфейстеріне жіберілген сұраулары алдын ала тексеріледі. Зиянды контент анықталса, ЖИ оны бұғаттайды, бала оны ала да, көре де алмайды.

Angel AI балаларды интернеттегі қорқынышты ресурстардан қорғайды. Фото store-bs.ru сайтынан алынды

Ата-аналар баласының не сұрап жатқанын веб-интерфейс арқылы көре алады. ЖИ балаға ата-ананың «үйретуі қажет» сұрақтар қойылған кезде ата-ананы ескертеді және балаңызды тақырыпты талқылауды ұсынады. Мысалы, «Мен әдемі екенімді қайдан білемін?» деген баланың сұрағына Angel AI «Сен қандай болсаң да әдемісің, Винни. Сіздің мейірімділігіңіз бен білуге құмарлығыңыз сізді одан сайын жарқыратады. Есіңізде болсын, шынайы сұлулық сіздің жүрегіңізден шығады. Сен әдемісің, өйткені сен өзіңсің» деген ата-ананың аузынан шығуы тиіс жауапты береді.

Егер бала орынсыз сұрақ қоятын болса, Angel AI жауаптың екі-үш нұсқасын ата-аналарға жібереді. Ата-ана солардың ішінен пайдалысын таңдайды, жауапты өзі енгізеді немесе одан мүлдем бас тартады. Бұл ата-аналарға таңдау еркіндігін береді.

Жаңа чат-бот iPad құрылғысында қолданба ретінде жұмыс істейді және оған уақыт шектеулерін де енгізуге болады. Басқа чат-боттардан Angel AI-дің айырмашылығы ол – балаларға арналған зиянды контенті жоқ позитивті интернет ұсынады.

Қазіргі уақытта Angel қолданбасын сынап жатқан 100-ге жуық отбасы бар. Қолданба жаппай қолдануға жаз айында шығарыла бастайды. Angel сияқты қолданбалар болашақта баланың ғаламдық желідегі цифрлық аватары мен іздерін бақылауға, оның қызығушылығын анықтауға үлкен мүмкіндік ұсынады. Қазақ баласының жақсы тәжірибесіне де осыған ұқсас қолданбалар қажеттігі күнде білініп келеді. Бұл жерде мектептегі ұстаздар мен ата-аналардың осындай цифрлық құралдарды тиімді пайдалану дағдылары да жоғары болуы маңызды. Олар да баладан қалмай технология мен жаңа коммуникация тілін бірге меңгеруге тиісті.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.