Кездесу барысында Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ ПА және ТүркПА аясындағы өзара байланыстың перспективалары да талқыланды.
Сенат Спикері Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасымен кездесті
868
оқылды

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат танытып, биыл Қазақстанда болған алапат су тасқыны кезінде бауырлас Түркия елінің гуманитарлық көмек жіберіп, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Түркия Қазақстанның аса маңызды стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынас Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығын одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқарады.

«Біздің елдеріміз арасында берік саяси диалог орнады. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да жан-жақты дамып келеді. Біз Түркияның Ұлы ұлттық Мәжілісімен ынтымақтастықты дамытуға және заңнамалық бағытта тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Парламенттердің құзыретіне жататын өзекті мәселелерді шешу жолында «Қазақстан-Түркия» парламентаралық достық топтарының әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз парламентаралық диалогті нығайтуға және елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуге тың серпін береді деп сенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев бүгінгі кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шарттың 30 жылдығымен қатар келгеніне назар аударды.

Кездесу барысында Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ ПА және ТүркПА аясындағы өзара байланыстың перспективалары да талқыланды. Сондай-ақ сұхбаттасушылар бірқатар бірлескен жоба жөнінде пікір алмасты. Нақты айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, көлік-логистика саласын дамыту және басқа да бағыттағы бірлескен іс-қимылды арттыру мәселелері әңгімеге арқау болды.

Бұдан бөлек, Мәулен Әшімбаев Парламенттің Қазақстан Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына тоқталды. Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасы туралы да айтылды.

Өз кезегінде Нуман Куртулмуш Қазақстанда қолға алынған реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға және рухани дипломатияны дамыту бағытында съезд хатшылығы қабылдаған шараларға ерекше назар аударды.