Сыбызғышылық өнердің қара нары Кәлек Құмақайұлы тартқан күйлерді қадірлі оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.
Кәлек Құмақайұлы тартқан сыбызғының сырлы күйі
e-history.kz
2,012
оқылды

Күйді орындау негізгі үш аспапқа тиесілі. Бұл – домбыра, қобыз, сыбызғы. Әрқайсысы өз бояуымен тыңдарманның жүрегін жаулай біледі. Әр аспаптың шебер күйшісі де бар. Біздің ойымызша, сондай шеберлердің күйіне арнайы тоқталып, халыққа ұсынып отыру тиімді болмақ. Осы ниетпен арнайы жазбалар топтамасын бастамақшымыз. Негізгі мақсат – күйшінің өзі емес, өнерін таныстыру. Яғни, күйді аңызымен қоса ұсынып отыру. Aikyn.kz-тің қалың оқырманы ішінен әйтеуір бірі әлдебір күйді тыңдай қалғанда, «мынау бәленшенің тартуы ғой» деп танып отырса, ойымыздың орындалғаны. Қош, сонымен бүгін сыбызғышылық өнердің қара нары Кәлек Құмақайұлы (1930-2023) тартқан күйлерді қадірлі оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.


Жорға аю

Жазығынан тау-төбешігі көп Алтай аймағы. Бірнеше аңшы азық іздеп, жолға шықса керек. Түс ауа жаңбыр себелей бастайды. Аңшылар бір тастың түбіне жата қалып, жан-жағын бағамдап жатыр.

Қас қағым сәтте бір аю өзінің қонжықтарымен өзен жағалай келе жатады. Жауған жаңбыр тау мен тасты тайғақ қылса керек, төрт аяқтылар әрең жүр. Бір кезде топ соңындағы қонжықтың аяғы тайып, суға құлап кетеді.

Сонда суға ағып бара жатқан қонжығын көрген ене аю жан ұшыра боздап, жүгіріп, мойынынан тістелеп, өзен бойымен ағып бара жатқан қонжығын жағаға алып шыққан екен. 

Әлгі аңшылардың ішінде бір сыбызғышы да болыпты. Бұл көрініс көптен ойынан кетпей, аюдың жүрісін күйге салған екен. Халық арасында бұл күй «Жорға аю» деп аталып кетсе керек.

Тепеңкөк

Баяғы заманда бір бай «қой баққанда мініп жүріңдер, мынаның шамасы сол» деп қойшыларына бір ат берген екен. Шабандығына бола әлгі ат «Тепеңкөк» атанған.

Күндердің күнінде ауылға бір сыншы келіп, әлгі Тепеңкөкті малшылар мініп жүргенде, таңғалған екен. Шын жүйрік екенін көріп тұр. Қойшыларға жақындап: «Мынау байда жүйрік ат көп пе еді? Өрен жүйрікті қойға мінгізіп қойғаны қалай?»,- деп сұрайды. Қойшылар күліп қарап тұрып: «Қойға да жете алмай жүрген Тепеңкөкте қайдағы жүйріктік?!»,- деп бір-біріне қарап қарқылдапты.

Сыншы аттың басын ауылға, байдың үйіне бұрады. Амандаса келе:

- Байеке, бәйге атты қой қайыруға мінгізіп қойғаныңыз қалай?- дейді.

- Анау ма бәйге аты? Жылқының ішіндегі мың салса, бір баспайтынның өзі. Қойшылар кейде далаға тастап, қойды жаяу айдап кетеді.

- Байеке, менің жылқы танитынымды білесіз. Әр жүйріктің өз баптау әдісі бар. Тепеңкөктің үстіне екі қоржын құмды теңдеп, тер шыққанша етін қыздыру керек. Тер шығып, бауыры жазылған кезде, үстіндегі отырған адам қоржынды пышақпен тіліп жіберіп, құмын төгіп жіберсін. Сол кез мына саяғыңыз құстай ұшады,- деп кеңес айтады.

Байдың сенбеске амалы жоқ. Келіседі де: «Бүрсігүні пәленшенің асында бәйге бар, мына Тепеңкөкті қосып көрейік»,- дейді. 

Бәйге күні байдың өзі шабандозға келіп, сыншының айтқанын істетеді.

Бұл бәйгені көрген адамдар таңғалған деседі. Қойға ілесе алмай жүрген Тепеңкөк бәйгеде барлығынан оза шауып, бірінші келген дейді. Сол мезетте ауылдағы сыбызғышы «Тепеңкөкті» былайша күйге қосады.

Арман

Кәлек күйшінің өз күйі. Бұл күй жайлы автор былай деген екен:

«Кішкентай кезім болса керек. Үлкендердің сыбызғы тартқанын көріп, мен де сыбызғы тартуды армандадым. Ақырындап дыбысын шығарып, ептеп күй тарта бастадық. 

Тағы бір жолы әкем сияқты дәулескер күйші атануды армандадым. Арманым орындалғандай. Сыбызғы күй тартуым жаман емес сияқты.

Кейін ауыл арасында ғана жүрмей, үлкен сахналарға шығуды армандадым. Ол мұратқа да жеттік. Театр мен үлкен залдардың төрінде тұрып, сыбызғымызды сайратып жүрдік. 

Осы бір уақытта «адам армандап, еңбек етсе бәріне де жетуге болады екен ғой» деп түйдім. Сол кезде шығарған күйім еді. Өзім атын «Алыстағы арман» деп қойған едім. Қазір барлығы «Арман» деп тартып жүр.

Рүстем Нүркенов,

өнер зерттеушісі