Елімізде шетелден келіп, білімін Қазақстанда жалғастырып жатқан студенттер қарасы көбейді.
Шетелдік студенттер: «Қазақстанда сапалы білім алуға толық жағдай жасалған»
www.istockphoto.com
3,762
оқылды

Бұрындары сапалы білім һәм сапалы жағдай үшін, ғылым жолындағы ізін жалғастыру үшін қазақ жастары мұхит асып, шетелге көптеп ағылатын. Бұл тенденция қазір де толастаған емес. Десе де сондай кәсіби білімді іздеп, бізге де келетін өзге жұрттың біраз екені анық сезіліп отыр. Себебі елімізде шетелден келіп, білімін Қазақстанда жалғастырып жатқан студенттер қарасы көбейді. Мәселен, Астанадағы іргелі оқу орны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өзінде әлемнің 26 елінен келген 2500-ге жуық студент білім алады. Әрі ғылым жолындағы мансабын осында жалғастырғысы келетіндер де баршылық. Aikyn.kz редакциясы сол студенттердің екеуіне сауал жолдап, Қазақстандағы білім, мәдениет, ғылыми көзқарас хақындағы пікірін сұрады. Бірі –  Абай атындағы ҚазҰПУ Филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша студент Хамром Ниязов, ал екіншісі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінде шетел тілі мамандығын бойынша студент Хемра Паррыков. Екеуі де – Түрікменстаннан келген студенттер. Ендеше сөз кезегі соларда...

Қазақстандағы оқу қалай? Көңіліңізден шыға ма, мұнда білім алуға қаншалықты жағдай жасалған?

Хамром Ниязов, Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша студент:

– Қазақстанда білім алудың ең басты артықшылығы: мұнда әртүрлі елден келген, қазақ тілі мен орыс тілін білмейтін білім алушылар үшін ағылшын тіліндегі бағдарламалар ұсынылады. Тіл білмейтін студенттерге бұл – өте қолайлы ұсыныс. Сондай-ақ, басқа елден білім қуып келген білімгерлер әртүрлі стипендиялар мен қаржылық қолдауларға ие бола алады. Мұнда жатақхана мәселесі де ыңғайлы жолға қойылған. Мен әрқашан өз таңдауыма ризамын. Бүгінде мен Абай университетінде «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Қазір университетте тек орыс тілін ғана емес, қазақ, ағылшын тілдерін үйрену үстіндемін. Осындағы оқу процесі көңілімнен шығады. Ұстаздар жағы да тек білім беріп қана қоймай, жеке басыма, өмір сүру қағидаларыма үнемі алаңдаушылық білдіріп отырады. Бұл қазақ халқының мейірімді, бауырмалдығынан болса керек. Ең жақсы, білімді мұғалімдерден сабақ аламын. Профессорлар тәртіпті қатаң талап етеді. Сондай-ақ, барлығын дұрыс, түсінікті, анық жеткізе біледі. Сабақ барысында қазақстандық студенттер үнемі көмек қолын созуға дайын тұрады. Барлығы сондай мәдениетті, ақкөңіл. Ойыңды анық жеткізе алмаған, дұрыс емес айтылған ақпарат үшін ешқашан күліп немесе сыналған жағдай орын алған емес. Ойым – үнемі сабақта. Мен мұнда не үшін келгенімді, ел асып неге басқа мемлекетте жүргенімді саналы түрде білемін. Сондықтан, барлық дүниені барынша меңгеріп қалуға тырысамын. Бір айта кетерлігі, қазақстандық студенттердің көпшілігі бірнеше тілді қатар меңгерген. Бұл шет жақтан келген тіл үйренетін және өз дағдыларын жетілдіруге ұмтылатын шетелдік студенттер үшін ыңғайлы, қолайлы жағдай туғызады.

Хемра Паррыков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Филология факультетінде шетел тілі мамандығын бойынша студент:

– Еуразия ұлттық университетінде оқып жүрген шетелдік студенттер туралы айтатын болсам, қазіргі уақытқа университетімізде әлемнің 26 елінен келген 2500-ге тарта студент білім алады. Еуразия ұлттық университеті 2023 жылы шетелден академиялық мобильділік бағдарламасына келетін қатысушылардың рекордтық санына жетті. Яғни 286 шетелдік студент қабылданған. Оның ішінде 200-ден астамы – түрікменстандық студенттер. Сонымен қатар Бельгия, Германия, Қытай, Литва, Польша, Словакия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты елдерден де көп келеді. Шетелдік студенттер «Welcome to ENU» кіріс академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 1-2 семестрде тегін оқиды.

– Неге білім алу үшін Қазақстанды таңдадыңыз?

Хамром Ниязов, Абай университетінің студенті:

– Дұрыс айтасыз, Қазақстанда жоғары оқу орындары жетерлік, таңдау да көп. Алайда мен Абай университетін таңдадым. Себебі бала күннен бергі арманым ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу еді. Ал Абай университеті – Қазақстандағы ең алғаш ашылған, педагогикалық білім берудегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстандағы жетекші педагогикалық оқу ордасының «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын аяқтап, педагогика саласында өз қабілеттерімді сынағым келеді. Әрі, мемлекетімдегі білім саласының дамуына өз үлесімді қосып, жаһандық бәсекеге сай деңгейге көтергім келеді. Әрине, бұл мамандықтың шыңына шығып, мақсатымды орындау үшін қажырлы қайрат пен терең білім керегін білемін. Сондықтан таңдауым 100 жылға жуық тарихы бар, көптеген ғалым мен профессорды тәрбиелеп шығарған оқу орына түсті. Ғаламтордан өз университетім туралы іздеген кезде, оның Азиядағы ТОП-150, Қазақстандағы 5 үздік университеттерінің қатарына кіретінін білдім. Мұнда 16 000-нан аса студент білім алады екен. Ал бітіріп шыққан түлектердің 95-96 пайызы сұранысқа ие мамандар болып шығатынына көзім жетті. Университетте оқыған түлектердің тізімін қарайтын болсақ, мұнда көптеген танымал тұлғалар, атақты мәдениет және спорт өкілдерін, ел басқарушы қайраткерлерді табамыз. Абай атындағы ҚазҰПУ-да ақылы оқуға жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Беделін, оқыту жүйесінің айтарлықтай ерекшеліктерін, оқытушылардың білім деңгейінің жоғарылығын, белсенді және қызықты студенттік өмір сүруге жасалған жағдайды ескере отырып, өз таңдауымның дұрыс болғанына көзім жетті.

Хемра Паррыков, ЕҰУ студенті:

– Шетелдік білім алушылар таңдаған негізгі білім беру бағдарламалары: «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық», «Түркология», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Шетел филологиясы», «Шығыстану», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Ақпараттық жүйелер», «Менеджмент» сияқты мамандықтар.

Шетелдік білім алушылар ЕҰУ өзі тағайындайтын «Күлтегін» және «Гумилев» стипендиялық бағдарламасына қатыса алады. Еуразия ұлттық университеті Басқармасының шешімімен шетелдік білім алушыларға арналған «Күлтегін» және «Гумилев» стипендиясы университет қаражаты есебінен тегін оқу, тұру және ай сайынғы стипендия беру мәселелерін реттейді. Стипендияны ақылы негізде білім алатын шетелдік студенттер мен магистранттар ала алады. Мен де сол мүмкіндікті пайдаланып, «Күлтегін» стипендиясына иесі болдым.

– Сіздің ел мен Қазақстанда оқудың, білім алудың қандай айырмашылықтары бар немесе ұқсастығы қандай?

Хамром Ниязов, Абай университетінің студенті:

– Менің елім мен Қазақстанда немесе басқа шетелдерде білім алудың көптеген ұқсастығы немесе айырмашылығы болуы мүмкін. Ол – заңды. Сізге өзім байқаған кейбір ақпаратты айтып көрейін. Қазақстанда әртүрлі салада бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты оқыту бағдарламаларының кең ауқымын ұсынатынындай, менің елімде де осы оқыту жүйесі қалыптасқан. Көптеген елдегі сияқты, мұнда да, менің елімде де білім беру мекемелерінің өзіндік стандарттары мен білім беру талаптары қалыптасқан. Қазақстан мен Түрікменстандағы білім беру ошақтары студенттердің білім беру тәжірибесін байыту үшін халықаралық серіктестер мен алмасу бағдарламаларын дамытуға ұмтылуда. Менің елімде бір немесе бірнеше оқыту тілін қолданады. Қазақстанда да, қазақ тілінен басқа, орыс, ағылшын тілдерінде оқыту процестері бар екен. Әр елдің өзіндік мәдени аспектілері бар, олар білім беру процесіне оң ықпал етеді. Соның ішінде оқыту әдістері, белгілі бір пәндерге баса назар аудару сияқты өзіндік қағидалары қалыптасқан. Бағалау және емтихан жүйелері әр елдің білім беру жүйесіне сәйкес, әртүрлі болуы мүмкін. Қазақстанда да өзіндік тепе-теңдіктер мен нақты бағыттар қалыптасқан. Бұл, әрине, білім беру процесіне өз деңгейінде білгілі бір пайда келтіреді. Сондай-ақ студенттерге алға жылжу өзіндік мотивация бола алады деген ойдамын. Білім беруде қаржыландыру жүйелері де әртүрлі болуы мүмкін. Соның ішінде, стипендиялардың, жеңілдетілген несиелердің, студенттерді қаржылық қолдаудың әртүрлі тәсілдері бар. Нақтырақ айтсақ, белгілі бір айырмашылықтар болғанымен, екі елде де студенттерге сапалы білім алуға және табысты мансап үшін дағдыларды дамытуға жағдай жасалған.

Хемра Паррыков, ЕҰУ студенті:

– Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ – халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны. 2022 жылы зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. ЕҰУ-де студенттiң шығармашылық қабілетін шыңдауда барлық жағдай жасалған.  Университеттімізде студенттердің жақсы білім алуы үшін үлкен мүмкіндіктер жасалған. Кітапхана, спорт кешені, жатақханалармен толық қамтамасыз етілген. Оқу ғимараттарында, жатақханада сапалы интернет бар.

– Алдағы уақытта жұмыс істеу үшін Қазақстанда қалатын ойыңыз бар ма?

Хамром Ниязов, Абай университетінің студенті:

– Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын. Дегенмен қазақстандық мәдениет пен білім беру ортасында өзімнің білімім мен қабілетімді кеңейту мүмкіндігіне еніп, тәжірибе жинауға дайынмын. Мұндағы оқыту мен білім беру бағдарламалары, кәсіби процестер менің білімімді толықтыратынына, бірегей тәжірибелер мен перспективалар ұсына алатынына сенімдімін. Өз еліме барып, ойға алған мақсаттарымның жүзеге асуы үшін әлі талай ізденуім керек екенін білемін. Болашағымның қай бағытқа бұрылатынын, тағдыр жолы қандай жолдармен алып жүретінін білмеймін. Бар білетінім – дәл қазіргі уақытта қолымдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалану.

Хемра Паррыков, ЕҰУ студенті:  

– 2023 жылдың маусым айында EҰУ-ге тіл курсына келдім. Бұл жерде 3 айлық тілдік курс оқып, қазақ тілін үйрендім. Содан қабылдау комиссиясының сұхбатынан өтіп, қыркүйекте 1-курсқа түстім. Қазіргі уақытта қазақ тілінде сөйлей аламын. Университетте сабақты қазақ тобында, қазақ тілінде оқимын. Әрине, Түрікменстанда да жоғары оқу орындары көп. Бізде де шетелдік студенттер: Ауғанстан, Тәжікстан сияқты елдерден келіп, білім алады. Түрікменстан мен Қазақстанның жоғары оқу орындары өзара ынтымақтастықта. Олар халықаралық білім конференцияларына қатысады. Қазіргі мамандығымды бітіргеннен кейін басқа мамандық немесе магистратура бойынша оқуымды осында жалғастырғым келеді. Мен Еуразия ұлттық университеті студенті болғандықтан, өзімді ЕҰУ-дың отбасындағы бір мүшесі сезінемін... Eurasian – best of the best.

– Сізді қазақ мәдениеті қызықтыра ма, қазақтың ақын-жазушыларымен, салт-дәстүрімен танысып үлгердіңіз бе? Мұнда өмір сүру сіз үшін қаншалықты тиімді немесе қандай қиындық тудырып жүр?

Хамром Ниязов, Абай университетінің студенті:

– Қазақстанда білім аламын деп шешім қабылдамас бұрын көп ойландым. Қалай болады, жатырқап, тіл табыса алмасам ше, сабағымнан қиындық туындаса деген сияқты сансыз сауалдар уайымдатып, түнімен ұйықтай алмайтынмын. Алайда өзімнің дұрыс таңдау жасағаныма іштей сенім болғанымды да жасырмаймын. Мен осында оқуға келгелі, көп ұқсастықты байқап үлгердім. Түрікменстан мен Қазақстан көптеген ғасырлар бойы тату көрші, стратегиялық серіктестік орнатуда бір-біріне дос, тіпті, кез келген жағдайда өзара қолдау, ынтымақтастығы дамып келе жатқан мемлекеттер ғой. Оның үстіне, қазақтар қонақжай, бауырмал халық екен. Тіліміз әртүрлі болғанымен, дініміз, сыртқы түр келбетімізден ұқсастықтар байқалады. Менен басқа, мен оқып жатқан Абай университетінде әртүрлі елдің 500-ге жуық азаматы білім алады. Ал Түрікменстаннан білім қуып келген менен басқа 102 студент бар. Айтқым келгені, қазақ жері солардың барлығына дерлік құшағын ашып, кең жері мен мейірімді жүрегіне баршамызды сыйғызып отыр. Қазақ достарым көп, қонаққа жиі шақырып тұрады. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын, ырымдарын біртіндеп үйрену үстіндемін. Ұлттық ас бешбармақ – мен жеген тамақтардың ең дәмдісі. Қазақ мәдениеті өте қызықты әрі бай.

Ал ақын-жазушыларға келетін болсақ, Сізге қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының төрт шумақ өлеңін оқып берсем деймін.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге...

Қазіргі таңда Абайды, Мұқағали Мақатаевты танып жатырмын. Олардың өлеңдерін оқыған ұнайды. Сізге бір қызық айтайын. Достарым қазақ тілінде сөздік қорды көбейту үшін Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолын» оқуды ұсынды. Ал мен оның төрт томнан тұратынын білмеппін. Кітапханадан іздеп, оқып көргенім бар. Ең қызығы, бір бетін тауысып, екінші бетіне келгенде, басы қалай басталғанын ұмытып қалып жатырмын. Сондықтан әзірге роман, повесть емес, тілге жеңіл өлеңдерден бастап жүрмін.

Хемра Паррыков, ЕҰУ студенті:

– Әрине, маған қазақ мәдениеті өте қызықты.  Сол себептен де мен бауырлас мемлекет Қазақстанды тандадым. Қазақ мәдениетінің әдет-ғұрыптары, салт дәстүрлері Түрікменстандағы мәдениетке өте ұқсайды. Қазақ мәдениетінің тарихы терең және салт-санаға бай. Қазақ музыкасы, ұлттық киімдері, тамағы, қолөнер бұйымдары және әдебиеті мен үшін өте қызық.

P.S. Редакцияға пікірін білдіріп, сұхбат берген шетелдік студенттердің сөзінше, Қазақстандағы білім де – әлемдік стандарттарға сай. Әсіресе оларды елімізде қазақ тілінен басқа, өзге тілдерде де оқыту процесі бар екені ерекше қуантады екен. Ал бізді қазақ мәдениеті, қазақтың ұлттық тамағы да, салт-дәстүрі – осының бәрі де шетелдік студенттердің қызығушылығын тудыратыны қуантты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.