Сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті
527
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Сингапурдың премьер-министрі лауазымына тағайындалған Лоуренс Вонгты құттықтап, оның жаңа мемлекеттік қызметіне табыс тіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпалдастыққа жоғары баға берді.

– Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас орнатуға тікелей атсалыстым. 1970 жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 51, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Сингапурдың өте қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бұл елдің әлемдік экономикада жетекші орын алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сингапурға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылау жоспарланып отыр.