Биыл 11-сыныптың 186 мың оқушысы мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, жаңа өмірге қанат қағады.
Емтиханнан кейінгі дастарқан, тырнақ пен кірпік жасату: мектеп бітіру құны қанша?
www.istockphoto.com
9,413
оқылды

2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты. Оның сөзінше, биыл 11-сыныптың 186 мың оқушысы мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, жаңа өмірге қанат қағады.

Сонымен қатар биыл тасқын судан зардап шеккен елді мекендегі оқушылар оқу жылының аяқталуына байланысты болатын жиынға онлайн қосылады. Мұны жауапты департамент басшылары да растап отыр.

Тасқыннан зардап шеккендер қашықтан қатысады

Су тасқынының болуына және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектепте 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге биылғы оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабағы қашықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаты онлайн форматта өтеді, дейді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова. 

Мектеп бітірудің өзі 100-150 мыңнан кем емес...

Оқу жылы аяқталғанымен, 11-сынып оқушылары үшін алда үлкен білім сынағы бар. Ол – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Ұлттық бірыңғай тестілеуден бұрын, қазір ата-аналар соңғы қоңырау күнін тойлау, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру мәселесіне қатты алаңдайды. Осыны ойлап, жылда шырылдайды. Бірақ бұдан қандай нәтиже бар? Ата-аналардың айтуынша, бір баланың мектеп бітіруінің өзі 100-150 мың теңгеден кем емес көрінеді.

«Емтиханнан кейін ет асып, шай беру қажет»

Ата-ана қанша наразы болғанымен, басым көбі «баламыз ешкімнен кем болмасын» деп соңғы ақшасын мектеп бітіруге жұмсауға дайын. Міне, сондай ата-ананың бірі – Айнаш. Редакциямызға пікір берген ол қызы 2022 жылы мектеп бітірген кездегі оқиғаны баяндап, мәселенің мән-жайын толық айтып берді. Оның сөзінше, қызы оқуын тәмамдаған мектепте тегін өтуі қажет емтиханға ата-аналардан ақша жинаған. Тіпті, сынып жетекшісі әр емтиханнан кейін мұғалімдерге ет асып, шай беру керегін айтқан.

Қызымның сыныбында 13 оқушы еді. Ал көрші сыныпта 17 оқушы болатын. Ата-аналар отыратын WhatsApp чатына емтиханға ақша жинап, дастарқан жаюымыз керегі туралы хабарлама келді. Ата-аналар болып, өз арамызда ақылдасып, бірауыздан ешқандай ақша жинамаймыз деп шештік. Кейін екі сыныптың сынып жетекшілері ашуланып, «сіздер өз балаларыңыз үшін ақша жинай алмайсыздар ма?» деп айта бастады. Біздің сөзімізге құлақ аспаған соң, мектеп директорына хабарласуға тура келді. Ал ол мұғалімнің емтиханға ақша жинап жатқанынан бейхабар екенін айтып, бұл мәселе жөнінде сынып жетекшілермен сөйлесетінін уәде етті, дейді ол.

Биыл қызы мектеп бітіретініне қуанып жүрген тағы бір ата-ана Раушан Құсайынова сол «қуаныштың» осынша қымбатқа түсетінін білмесе керек.

Виньетка, лента, макияж, шаш, тырнақ пен кірпік жасату...

Қызым Айымгүл дарынды балаларға арналған мектепті бітіреді. Күні кеше ғана виньеткаға суретке түсті. Виньеткасы 10 мың, фотосессия әр балаға 4 мың, лентасы 2 мың, макияж 10-15 мың, шаш жасату 8 мың, тырнақ пен кірпік жапсыру 16 мың болды, дейді Р.Құсайынова.

Бір қызығы тек 11-сыныпты бітіруші түлектердің ата-аналары ғана емес, 4-сынып пен 9-сыныпты тәмамдайтын оқушылардың ата-аналары да аталмыш сыныпты бітіру кеші, ақша жинау, көңіл көтеру сияқты мәселелермен басы қатып отыр. Себебі ешкімнің «қызықтан» құр қалғысы жоқ. Енді бұған кафе немесе ресторанда той тойлап, барлық мұғалімге гүл беріп, мектепке арнап сыйлық жасауға да қомақты ақша керегін қосыңыз. Мұның бәріне «бұл баланың өмірінде бір-ақ рет қана болады» деп қанша жерден ақталғанымызбен, барлық отбасының оған жағдайы келе бермейтіні анық.

Ал егер жергілікті Білім басқармасы мектептегі түлектер кешін дүркіретіп өткізіп жатқандар туралы білер болса, онда директорлар жазаланар еді. Бірақ баласының өмірінде тек бір рет болатын түлектер кешін ұмытылмастай етіп жасап бергісі келетін ата-ананы ештеңе тоқтатпайтын да шығар...

«Оқуға түсу мәселесі екінші орында...»

P.S. Қош, сонымен қалай десек те, түлектер кешін тойлауды армандамайтын бала кемде-кем. Бірақ адамға керегі – бірер сәттік көңіл көтеру емес, болашағына азық болатын білім. Бұл туралы кезінде біраз жылдан бере білім саласында еңбек етіп келе жатқан маман, ұстаз Аятжан Ахметжан: «Мектеп бітіретін баланың басты мақсаты мен арманы, ең алдымен, оқуға түсу болуы керек еді. Бірақ қазір оқуға түсемін бе, түспеймін бе деген арман екінші орында қалып, бірінші келістіріп тойлап алу мәселесі алға шығып кетті» деген еді. Әрі дәл осы пікірді елдегі білім сапасына алаңдайтын қоғам белсенділері де қуаттап отыр.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті