Кездесуден соң ХОК басшысы Геннадий Головкинді ұйымның штаб-пәтеріне келген әйгілі атлеттер қолтаңба қалдыратын олимпиадашылар қабырғасына қол қоюға шақырды.
Геннадий Головкин ХОК басшысы Томас Бахпен кездесті
Фото: ХОК
1,627
оқылды

Бүгін, 24 мамыр күні, Лозаннада Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми іссапары аяқталды. Олимпиада үйіндегі екі күндік тығыз бағдарламаның басты оқиғасы – Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ХОК басшысы Томас Бахпен кездесуі, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Аталған оқиға қазақстандық спорт қоғамдастығы үшін маңызды шара болды, сондай-ақ, бұл ҰОК-тің  халықаралық олимпиадалық қозғалысқа белсенді араласуға ұмтылғанын көрсетеді. Кездесу Қазақстан мен ХОК арасындағы әріптестікті нығайтуда маңызды қадам саналады. 

Бах мырза әңгіме аясында ҰОК президенті Геннадий  Головкинді жауапты қызметке сайлануымен құттықтап, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа басшылығына ХОК тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді.

ҰОК басшысы өз кезегінде жаңарған команданың басты басымдықтарына назар аударып,  халықаралық әріптестік пен атлеттерді қолдау бағдарламаларына ерекше тоқталып өтті.

Геннадий Геннадьевич ҰОК-тің Халықаралық Олимпиада комитетіне сенімді серіктес болып қалатынын және ұйымның барлық бастамаларын, оның ішінде, спортшылар құқығын қорғауға арналған ұсыныстарды әрдайым қолдайтынын айтты. 

Тараптар олимпиадалық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді және Олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын, оның ішінде, қозғалысты Орталық Азия аймағында ілгерілету туралы сауалдарды талқылады. 

Кездесуден соң ХОК басшысы Геннадий Головкинді ұйымның штаб-пәтеріне келген әйгілі атлеттер қолтаңба қалдыратын олимпиадашылар қабырғасына қол қоюға шақырды.  

«Халықаралық Олимпиада комитеті мен арнайы Томас Бах мырзаға бізге шақырту жіберіп, жылы қарсы алғаны үшін барша командамыздың атынан алғыс айтамын. Бұл кездесу ортақ мақсат жолында біріккен екі ұйым арасындағы берік әрі сенімді әріптестіктің бастауы боларына күмәнім жоқ», – деп атап өтті Геннадий Головкин. 

Айта кетелік, кездесу ХОК директоры Джеймс Маклодтың, ХОК-тің ҰОК-термен қарым-қатынас жөніндегі директорының орынбасары Ольвие Ниамканың және Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешеваның қатысуымен өтті. Екі ұйым басшысы келесі кездесуді 2024 жылғы Париж Олимпиадасында өткіземіз деп келісті. 

22-23 мамыр күндері Лозаннада өткен іссапар барысында ҰОК делегациясы ХОК қызметі және департаменттері басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, екі ұйым қарым-қатынасына байланысты маңызды сауалдар мен мәселелерді тереңінен талқылады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.