Жүлделерді қайта бөлгеннен кейін Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күмісіне қол жеткізді.
Зілтемірші Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс медалімен марапатталды
Фото: ҰОК
1,996
оқылды

Қазақстандық спортшы Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ұлттық олимпиадалық комитеттен мәлім еткендей, марапат Лимада (Перу) өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында салтанатты түрде табысталды. Спортшы медальді Перуде Халықаралық Олимпиада комитетінің құрметті мүшесі Иван Дибостың қолынан алды.

«Перудегі әлем чемпионатына келгеніме қуаныштымын. Маған Олимпиада медалін табыстады. Қазіргі сезімдерімді сөзбен жеткізу қиын. Федерацияға, мені марапаттаған ХОК мүшесіне алғыс айтамын. 2012 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғаныма  қуаныштымын. Бұл - менің мансабымдағы ең үлкен жеңіс. Жүлде табыстау сәтін ұйымдастырғаны үшін көп рақмет. Жас спортшыларға табыс, төзім және сәттілік тілеймін», - деді Анна. 

Айта кетейік, Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшысы 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 5-орыннан көрінді. Алайда қайта тексеруден кейін марапаттар қайта бөлінді. Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецтің тыйым салынған препараттар қолданғаны анықталды. Олардың нәтижелері жойылып, Нұрмұхамбетова ресми түрде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

2020 жылы Лондонда 2-орын иеленген румын спортшысы Роксана Кокоштың сынамасынан да допинг табылғаны белгілі болды. Ол күміс жүлдесінен айырылды және Лондонда көрсеткен нәтижесі жойылды.

Жүлделерді қайта бөлгеннен кейін Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күмісіне қол жеткізді. Қола медаль колумбиялық Убальдина Валлеске бұйырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның бірнеше спортшысы марапаттарды қайта бөлуден кейін Олимпиада медальдарына ие болған еді. Зілтемірші Денис Уланов ресми түрде 2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ал зілтемірші Алла Важенина араға біршама уақыт салып 2008 жылғы ойындардың чемпионы ретінде танылды.

Допинг-сынамаларды қайта тексергеннен кейін қазақстандық грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болды.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында 4-орын алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова барлық тексерулерден кейін күміс жүлдегер атанды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.