Жақында «ОнкоРенессанс – 2024» онкологтардың бірінші халықаралық ғылыми-практикалық мектебі аясында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарова онкологиялық ауру жылдан-жылға жасарып бара жатқанын айтты. Мысалы, бұрын асқазан, ұйқы безінің қатерлі ісігі 60 жастан асқан адамдардан анықталса, қазір бұл дерт жастар арасында жиі кездесе бастаған.
Сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны неге көбейді? – Маммологпен сұхбат
1,844
оқылды

Өткен жылдың есебі бойынша, 218 мыңнан астам қазақстандық онкологиялық есепте тұр. 2023 жылы қатерлі ісіктен барлығы 12 920 адам көз жұмды. Өкінішке қарай, статистика бес өңірде өлім көрсеткіші өскенін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Маңғыстау, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облысы және Шымкент қаласы. Осы көрсеткішті азайту мақсатында қазір қандай жұмыс атқарылып жатыр? Халықты емдеу және ерте диагностика мүмкіндіктері қандай? Тұрғындар осы мүмкіндікті пайдаланып отыр ма? Осы және өзге де сауалды онколог, маммолог Мұратжан Сақтағановқа қойған едік. 

– Онкологиялық аурулар Қазақстанда ғана емес, әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Осы салада жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман ретінде мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? Жалпы, аурудың пайда болуына генетикалық фактор әсер ете ме әлде адамның өмір салты ма?

 –  Онкологияда генетикалық фактор көрсеткіші өте төмен, бес пайыз. Негізінен өмір сүру салты, тамақтану тәртібі әсер етеді. Бізде 2008 жылдан бері скрининг бағдарлама бар. Ол әр аймақта жұмыс істейді. Қанша адам келді, тексерілді, бәріне жоспар қоямыз. Мысалы, 2000 жылдары УДЗ, маммография деген жоқ еді. Қазір пайда болғаннан кейін сүт безіндегі кішкентай, үш-төрт милиметрге дейінгі түйінді анықтап, емдейміз. Ал бұрын адамдар уақытты өткізіп бір жарым сантиметрге дейін өсіп кеткенде келетін. Қазір ерте анықталады. Жалпы, қатерлі ісіктің қай түрі болсын, ауру анықталған адам есепте тұрады. Оның ішінде сауығып кеткендер де бар. Оларды есептен алып тастамаймыз. Әрине, бәрі тізімде тұрғаннан кейін статистика өседі. Соған қарап, көбейді деп айтасыздар. Иә, өлім жағдайы бар. Былтыр 12 мыңнан аса адам қатерлі ісіктен қайтыс болды. Оның ішінде тіркеуде тұрғандар, содан кейін кеш келгендер бар. 

– Сырқаты туралы кеш білген тұрғындар туралы жиі естіп жатамыз. Оны дер кезінде анықтау үшін қай уақытта тексерілуі керек? Ем алу барлық өңірде қолжетімді ме?

– Қазір сақтандырылмаған азаматтар да тексеруден тегін өте алады. Бізде «жасыл дәліз» бар. Қатерлі ісікке күдікті науқастар барлық қымбат тексеруден тегін өтеді. Ең бастысы, емханаға келіп, тіркелуі қажет. Содан кейін қант диабеті, қан қысымын, жүректі, көздегі қан қысымын тексертіп тұрғаны жөн. Емханада бәрін тегін тексереді. Бізде әлеуметтік мамандар жұмыс істейді. Олар тұрғындарға хабарласып, тексеруден өтуге шақырады. Сондайда кейбір адамдар «Неге қайта-қайта хабарласып, мазаны аласыңдар» деп түсінбей жатады. Ал біз дәрігерлерден талап етеміз. «Неге шақырмадыңыз? Неге келмеді?» деп сұраймыз. Келіп, тексерілгеннен кейін ұрысқанын ұмытып, рақмет айтып жататындар да бар. Негізінен ауру уақытында анықталса, ем қонады. Онкологияда томография бар. Жылына бір рет болады. Оны әр адамға береміз. Генетикалық зерттеулер жүріп жатыр. 

Қазір тоқ ішек ісігі алдыңғы орында тұр. Үлкен дәретке екі апта, тіпті бір ай бойы шықпай қалған кезде келіп жататындар бар. Бұл әңгімені айтудан ұялады. Осы жағдайға назар аудартып, ұят емес екенін айтқым келеді. Біраз уақыт жүріп қалғаннан кейін ісік анықталған кезде бірінші емес, үшінші, төртінші сатысында болып шығады. Негізінен бұл сырқат тоқ ішектің ішкі қабатында, бір түйіншек пайда болуынан басталады. Ол өскенше кемінде бес жыл керек. «Полип» деген нәрсе болады. Ол өскен соң тоқ ішекті жаба бастайды, қатерлі ісік іште өседі. Ол білінбейді. Зерттеу керек, шланг жұту, басқа да жолдар арқылы. Көп адам бұған мән бермейді. 

 

Дәрігермен байланыста болуы қажет. Жасына қарай қандай тексеруден өтуі тиіс, бәрін сұрау керек. Бір зерттеуді алты айда, енді бірін бір жылда жасайды, сол жетеді. Жыл бойы медициналық сақтандыруға ақша төлейміз. Мемлекет сол төлеген қаржыдан да көп мүмкіндік береді деп айтар едім. Өйткені тіркелген жерде тегін емделуге болады. Аудан, қала болсын барлық қызмет тегін. Мысалы, Таразда тұратын адамнан жүрек ауруы анықталса, Астана, Алматы, басқа да кез келген қалаға, қалаған дәрігеріне барып, тегін емделе алады. 

Жатыр мойны, ішек, сүт безі обырын анықтау. Скринингтің осы үш түрі мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. Әйелдер қырық жастан кейін тек омырау емес, жатыр мойны, тоқ ішегін тексертуге болады. Ал қырыққа дейін УДЗ тексеру жеткілікті. Ер кісілер де жылына бір рет міндетті түрде тексеріліп тұрғаны абзал. Әйелдер 30 жастан бастап жатыр мойнын тегін тексерте алады. Қазір барлық жағдай жасалған деп айтуға болады. Тек денсаулыққа жауапкершілікпен қарауымыз керек. Жақында канадалық азамат тексерілуге келді. Ол жақта дәрігерге бару үшін кезекті екі айдан бір жарым жылға дейін күтеді екен. Бізде бір апта күтсе, шыдамсыздық танытып жататындар кездеседі. 

– Елімізге ем алу үшін тағы қай елдерден адамдар келеді?

– Әлемнің барлық елінен келіп, ем алатындар бар.

– Мұны сұрап отырған себебім, шипа іздеп шетелге барып жатқан отандастарымыз да бар. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, аурудың барлық сатысы бойынша шетелдегі емді өз елімізде алуға мүмкіндік бар ма? 

– Әрине, барлық жерде бір жүйе. Өзіміздегі дәрігерлерге сенімсіздік танытып шетелге кетіп жататындар бар. Қаражаты таусылған соң, өзімізге қайтып келетіндер де кездеседі. Емді басқа елден қабылдағысы келсе, оған қарсы емеспіз, көруі керек, таңдау бар. Жалпы, елімізде дертті емдеу мәселесі толық қарастырылған деп айта аламын. Тек қана сабыр сақтау керек. 

– Ауру пайда болғанда адам ағзасында қандай өзгерістер болады?

– Қатерлі ісікте жасуша іштегі бағдарламасын өзгертеді. Бір сантиметрге дейін өсу үшін бес жылдан он сегіз жылға дейін білінбей жүреді. Қай кезде білінеді? Өсіп кеткеннен кейін және басқа мүшелерге тарап, өткеннен соң білінеді. Адам әлсіреп, жүдей бастағаннан кейін анықталады. Мысалы, бауыр ауруына келсек, ол сарғая бастайды, істемей қалады. Адамның терісі сарғаяды. Сондықтан адам ауырмаса да, тексеріліп тұрғаны жөн.

– Жаңа туған балалардан да қауіпті дерт анықталып жатыр. Мұның алдын алуға бола ма? 

– Қазір елімізде диагностика дамып жатыр. Бұрын нәресте ананың жатырында жатқанда қандай өзгеріспен дүниеге келетінін білмейтін едік. Қазір құрсақта жатқанда қандай аурумен туатынын, қандай генетикалық өзгерістер болатынын анықтаймыз. Оны туу керек пе, алдыруы керек пе, жоспарлауға болады. Бала құрсаққа біткенде зерттеп алуы керек. Дәрігерге көкейдегі сұрағын қойып, сөйлесуі қажет. 

– Қалай ойлайсыз, адамның дерттен айығып кетуіне психологиялық жай-күйі қандай да бір рөл атқара ма?

– Біріншіден, өмірде мақсаты, үміті болуы керек. Мақсат қойсаң, армандай білсең, жетесің, жеңіп шығасың. Еуропада, шетелдерде диагнозды бірден ашық айтады. Осындай болжам, осынша пайыз деп. «Емдейміз, жеңіп шығуға тырысамыз» деп түсіндіреді. Психологтар жұмыс істейді. Бізде де әр онкологиялық орталықта психологтар жұмыс істеп жатыр. Жұмысы өте қиын. Науқастармен сөйлеседі, олардың ішкі сезіміне үңіліп, талдау жасайды. 

 

Алдымызға кішкентай нәрестеден бастап тоқсаннан асқан қарттар келеді. Алдымен көңіл күйіне қараймыз, сөйлесеміз. Уақытында келсе, қуанамыз, үміттенеміз. Ауруынан айығып кетсе деп, емдейміз, зерттеу жасаймыз. Түрлі адам болады емес пе? Дәрігерге сенбей, интернеттен түрлі дүниені оқып, өзінше емделіп жататындар да бар. Түрлі дәрілік шөптің қоспасын ішіп жүреді. Онкологияның әр түрі болады. Біреуі тез өсіп кетеді, біреуі баяу өседі. Кімге қандай нәрсе шипа болатынын білмейміз. Сондықтан «ішіп жатқан шөбіңізді зерттеп көрейік» деп айтамыз. 

– Елімізде онкология саласында мамандар жеткілікті ме? Саладағы ең өзекті мәселе деп нені айтар едіңіз?

– Ең басты мәселе – тәжірибені арттыру. Жас мамандарды оқыту керек. Ал жұмыс істеп жүрген мамандарды тез зейнетке шығарып жібермей, олардың тәжірибесін, білімін қолдану керек дер едім. Дәрігерлер шетелге көбірек шықса, мамандармен тәжірибе алмасса деп ойлаймын. Шетелдік мамандарды елімізге жұмысқа шақыру да маңызды деп есептеймін.

– Сүт безі қатерлі ісігі – әлемде әйелдер арасында көп таралған сырқат. Осы аурудың алдын алу үшін қыздар неше жастан дәрігерге қаралғаны жөн?

– Иә, әлемде әйелдер арасындағы сүт безі ауруы бойынша көрсеткіш өсіп барады. 2000 жылдары бір миллионға жуық адам шалдықса, жиырма жылдың ішінде  бұл көрсеткіш екі миллион үш жүз болды. Ең маңызды дүние – диагностика. Қыз балалар маммолог, гинеколог маманға 13-14 жастан бастап тексеріліп тұруы қажет. Жалпы, әйелдер гинекологқа жылына бір рет қаралатын болса, маммологқа да баруы керек. Өйткені екеуі бір-бірімен байланысты. 

Қазір тамақтану бұрынғыдай емес. Бұрын мемлекеттік стандарт болатын. Синтетикалық сусындарды қолдамаймыз. Ішінде қант қосылған нәрселер болады. Содан кейін ет, өзге де тағамдар қандай майға пісірілді, соған мән беру керек, фастфудты шектеген абзал. Мұны айтып отырғаным, тамақтану тәртібі жасөспірімдердің сүт безіндегі өзгерістерге алып келуі мүмкін. Ол күнделікті дәретханаға барып жүр ме, белсенді ме, суды жеткілікті мөлшерде іше ме? Соны қадағалау қажет. Әр адам бір келі салмақ үшін отыз милилитр су ішуі керек. Қабылдауға келген адамдар күніне тіпті бір стақан су да ішпейтінін айтады. Себебін сұрағанда, жай ғана қажет етпегенін айтады. Бұлай болмайды.  

Содан кейін он алты жастан бастап сүт безін жарақаттан сақтау керегін ескертеміз. Өйткені сүт бездерінің созылмалы жарақаты онкологиялық ауруға әкелуі мүмкін. Егер жас әйел жыныстық қатынас кезінде қорғанбағандықтан гормоналды контрацепция, яғни түрлі таблетка қабылдаса, бұл сүт бездерінің құрылымын, қалыптасуын бұзады. Сонымен қатар бұл уақытта кішкентай түйін болса, осының салдарынан түйін тез өседі. Мұны көбі білмеуі мүмкін. Содан кейін жиі түсік жасату он бес, жиырма жылдан кейін сүт бездерінің өзгерісіне әкелуі мүмкін.

– Сүт безі ауруының пайда болуына әсер ететін қандай факторларды атап өтер едіңіз? 

– Сүт безі қатерлі ісігі диагнозы – әрбір әйел үшін, отбасы үшін үлкен қорқыныш.  Статистика бойынша, өкінішке қарай, сүт безі қатерлі ісігі әлем бойынша бірінші орында. Жыл сайын әлемде екі миллионнан астам әйел осы дертке шалдығады. Ал елімізде жыл сайын шамамен төрт мыңнан астам әйелге диагноз қойылады. Қазір қырық жастан асқан әйелдер скринингтен өтеді. Статистика өсіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл жағдай қиын деген сөз емес, дер кезінде анықтап жатқанымыздың дәлелі. Пациенттер толық емделіп кетіп жатыр. Бұған негізінен түрлі фактор әсер етеді: қолайсыз жағдай, кеш босану, жиі түсік жасату, сүт безінің дисгормональды жағдайы, зат алмасудың бұзылуы, семіздік, қозғалыстың аздығы, тамақтану тәртібі. Бұл – әрбір әйел түсінуі тиіс нәрсе. Ал диагноз қойылған болса, бұл туралы жақындарыңыз білуі керек, көмектесуі тиіс дер едім. 

Біраз уақыт бұрын әйелдер он сегіз жастан бастап қырық беске дейін бала босанса, қазір тенденция өзгергенін байқаймыз. Қазір көбіне қыз балалар алдымен кәсібін, жұмысын жүйелеп алғаннан кейін күйеу іздеп жатады. Одан кейін көбі бір-екі бала ғана табады. Әрине, мансап қуып жүргенде сүт безінде өзгерістер болуы мүмкін. Оған стресс, жамбас мүшелерінің қабыну аурулары, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, аз қозғалыс, бір орында қозғалмай отырып жұмыс істегеннен пайда болатын созылмалы іш қату, қалқанша безі қызметінің бұзылуы. Міне, осының бәрі гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп жатады. 

Бізге көбіне әйелдер сүт бездері ауыратыны жайлы шағыммен келеді. Тексеріс жүргізгеннен кейін сүт безімен бірге жаңа айтқан диагноздар анықталып жатады. Одан кейін онколог, маммолог маман ретінде әйелдерді емдеу әдісін ұсынамыз. Ол алдымен, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану. Пациенттерге қандай емдеу тәсілі қолданылатынын түсіндіреміз. Тәжірибемізде кездесіп жатқандай, бірден қорқынышқа бой алдырып, бәріне қолды бір сілтегісі келетіндер бар. Бұл басымыздан өтуі тиіс өмірдегі жағдай екенін түсінуіміз керек. Мақсат қойып, жоспар құрып, алға қарай жүру маңызды екенін ұмытпаса деймін. Денсаулық – басты байлығыңыз. Ешкімге ашуланбай, өмірді қалай бар, солай қабылдау керек. 

Жалпы, қазір қара жұмыс істегенді азайттық, денеміз босап кетті. Оны да есепке алу керек.

– Қазір қан тамырлары аурулары да өзекті болып отыр. Диагностикадан бөлек, тағы қандай тексеруден өтіп тұру керек?

– Иә, өлім көрсеткіші бойынша қан тамырлары аурулары бірінші орында, онкология екінші орында. Сондықтан адам қан қысымын, қан құрамын тексеріп жүруі керек. Қаны қоюланған ба, майланған ба, анықтау керек. Қазір 3D деген бар. Емханада тегін тексеріліп тұруға болады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.