Жоба басталғаннан бері барлығы 3500-ден астам қатысушы қаржылық сауат бойынша оқытудан өтті.
«Қарызсыз қоғам» жобасы 12 мың алматылықты қаржылық сауат бойынша оқытады
1,462
оқылды

12 мың алматылық қаржылық сауат бойынша оқудан өтуге мүмкіндік алады. «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғаннан бері мегаполистің 3500 тұрғыны өз қаржысын басқаруды үйренді. Бұл ақпаратты Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жобаның бастамашылары айтты.

«AMANAT» партиясы іске қосқан «Қарызсыз қоғам» жобасы проблемалық кредиттер мен қарыздар салдарынан қиындықтарға тап болған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Алматыда жоба 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап қалалық әкімшілікпен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Брифингте сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жобаның маңыздылығын және оны еліміздің барлық өңірлерінде кеңейту қажеттігі туралы тапсырмасын атап өтті.

«Биыл жоба бойынша еліміздің барлық өңірінде 200 мың адамды, оның ішінде Алматы қаласының 12 мың тұрғынын оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесе қаламыздың 6 мекенжайы бойынша оқыту өткізілуде. Алматы қаласына 6 қаржы сарапшысы бекітілген. Олар түске дейін жалпы бағдарлама, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер береді. Жоба қаланың 8 ауданын қамтиды. Оқыту 5 күн болады. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарын басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, тиімді шарттармен несие таңдауды, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді», – деді Қ.Төлепов.

Жоба басталғаннан бері қазіргі уақытқа дейін 11 топ оқытылып, барлығы 3500-ден астам қатысушы қаржылық сауат бойынша оқытудан өтті.

Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізеді және қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында қатысушылар білікті заң көмегін алып, шоттарына тыйым салынған, қарыздары коллекторлық компанияға сатылған жағдайда немесе несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша көмектер ала алады. Бұл оқудан офлайн форматта бір топта 100 адамға дейін өтуде.

«Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Бәрін осы жобаға қатысып, өзінің қаржылай сауаттылығын арттыруға шақырамын», – деді Қ.Төлепов.

Оқыту азаматтарға қаржылық мәселелерді жақсырақ басқаруға және ақшаларын басқаруда негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жалпы экономикалық тұрақтылықты жақсартуға ықпал етеді.

Тегін курстар мен оқудан өтуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына немесе аудан әкімдіктеріне жүгіне алады. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы да іске қосылды, ол арқылы сіз оқу курстарына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алсаңыз болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.