Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі респуб­ликалық референдумнан кейін Президент әділдік идеясы еліміздің мем­ле­кеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өткені есімізде.
Жетісудағы жөні бөлек жоба
761
оқылды

«Әлеу­мет­тік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жем­­қорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жас­тардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жетісу облысында еліміздің келешегі – жастардың тәрбиесіне баса назар аударылып, жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішіндегі бір жылға жуық уа­қыттан бері қолға алынып келе жатқан «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының жөні басқалардан бөлек. Пилоттық жоба облыс орталығы Талды­қорған қаласының мектептерінде былтырғы жыл­дың қыркүйек айынан басталса, биылғы қаң­­тарда Панфилов ауданының мектептеріне де енгізілді. Жылға жуық уақыт ара­­­лығында түрлі саланың мамандарымен және лекторлармен қазіргі заман­ның өзекті тақырыптары бойынша 170-ке жуық кез­­­десу өткізіліп, жүздесулерге 17 мың­нан астам оқушы қатысыпты. Жүргіз­іл­­­­ген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан оқу­­шылардың 75%-дан астамы арнайы кел­­ген лекторлардың дәрісіне риза екенін, ал 62%-ы мектеп менторларымен оңды қарым-қатынас орнатылғанын айтқан. Сонымен қатар 28,6%-ы жеке консультациялар алғанын, ал 20%-ға жуығы мен­торлармен әңгімелесу нәтижесінде шешілмейтін проблемалар жоқ екенін түсінгенін атап өткен. Қол жеткізілген оң нәтижелер ескеріліп, алдағы оқу жылынан бастап 7 ау­­­­дан орталығы мен 1 қалада тағы 48 ментор өз жұмысын бастайтын болды. Жақында менторлық тәжірибедегі қонақ дәрістерін өткізу дәстүрін жалғастырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев та оқушылармен кездескенін айта кеткен жөн. 

– Кез келген елдің ең үлкен байлығы –  адами капитал, яғни сіздер. Мемлекет өз тарапынан жас ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасауда. Білім – қатаң бәсекелестік жағдайында алға ілгерілеуге, жетістікке жетуге көмектеседі. Соған сай әдеп-құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі менторлық жоба суицид, буллинг және кибербуллинг, лудомания, интернет алаяқтық, нашақорлық сияқты мәселелер белең алған қазіргі ақпараттық әлемде бірінші кезекте сіздерді қорғауға бағытталған. Сон­­дықтан тәлімгерлермен өзара түсіністікте болуларыңыз өте маңыз­ды. Әлеуметтік сауалнаманың нәтижелер­іне­­ қарағанда, басым көпшілігіңіз өз дә­р­­­­­­­­іс­­керлеріңізді, менторларыңызды бі­­л­е­­­сіздер, тәлімгерлермен жақсы қар­ым-қат­­­­­­ынас орнатқансыздар. Өзара түсіністіктің арқасында менторларға деген сенім ар­­тып келе жатқаны біздің бір­лескен жұ­­­мыс­ымыздың оң жемісі деуге болады. Дегенмен әлі де тұжырымдамалық тұрғыдан нақтыланатын тұстары бар. Біз өз тарапымыздан осы жобаға қызығушылық білдіргендер болса, керекті әдістемелік қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Облыс басшысы өз сөзінде бірнеше басты бағытқа тоқталды. Мектеп бағдарламасын меңгерумен қатар өзін-өзі жетілдіруге назар аудару, қызығушылық танытқан немесе жаны қалайтын пәндерді тереңірек зерттеу маңызды екенін атап өтті. Қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін оқудың маңызы зор екеніне тоқталды. «Мысалы, көптеген мемлекетте ұлттық кітап күні атап өтіледі. Халықаралық кітап беру, балалар кітабы және кітап оқу күндері бар. Біздің елде де ұлттық кітап күнін бекіту идеясы ай­­тылды. Бұл – өте пайдалы бастама. Ас­та­на, Алматы қалаларының тәжірибесін ескере келе, өңірімізде еліміздің үздік баспаларын шақырып, «Кітап Фест» кітап фестивалін өткізуді ұсынамын. Кітапханаларды заманауи коворкинг-орталықтар түр­­інде жаңғырту керек, кітапхана қорларын үнемі толықтыру керек», – деді облыс әкімі.

Спикер оқушылармен Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Азаматтық жауапкершілік», «Әлеуметтік әділеттілік» ұғымдарының мәні туралы әңгімелесті, оқушылардың тақырыпқа қатысты өз ой-пікірлерін тыңдады. Ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізі ретінде дәс­­түрдің, түпкі негіздердің, отбасылық құн­ды­лықтардың, өзара татулықтың маңызды­лы­ғына мән берді. Өңір жастарының вол­онтерлікте белсенділік танытып, қо­ғамдық салалардың, қайырымдылық ұй­ым­дары мен өзін-өзі басқару институттар­ының жұмысына қатысып, қазірдің өзінде демократиялық қоғам құруға үлес қосып жатқанына разышылығын білдірді. Жас­тардың қоғамдық кеңестердің жұмысына қа­т­ысу туралы бастамаларын қолдайтынын, «Жас полиция», «Жас құтқарушылар», «Жас­ сарбаз» кадет сыныптары мен әскери-патриоттық клубтардың оң тәжірибесін айтып, олардың санын ұлғайтып, материал­дық-техникалық және құқықтық базасын дамыту мәселелерін шешуді тапсырды. «Жасыл ел» отрядтарының, «Тәуелсіздік ұрпақтары» және Zhas Project жобаларының, жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын да  атап өтті. Екі сағатқа жуық әңгіме барысында облыс әкімі мен жауапты тұлғалар қатысушылардың барлық сұрағына егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Мектептегі өзін-өзі басқару өкілдерінің қатарындағы бір­­қатар тәлімгер мен оқушыға облыс әкімінің алғысхаты тапсырылды. Облыс әкімі менторларды жеке кабинеттермен қамтамасыз ету, тәлімгерлік сағаттарды ұйымдастыру мәселелерін пысықтауды тиісті мекемелерге тапсырды. Кездесу аясында оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға қатысатын оқушылардың жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда балалар  өнерін, жасаған бұйымдарын көрсетті.

Жетісу облысында қолға алынған бұл «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының негізгі мақсаты – оқушылардың жеке дамуы мен оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі заманғы өзектілігін ескере отырып, жобалық кеңсе жұмысының негізгі бағыттарына балалар мен жасөспірімдердің құ­қық­­тары мен міндеттерін түсіндіру; наша­қорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу; жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу); сала­матты өмір салтын насихаттау; мамандық таң­дау және кәсіптік бағдар беру; сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыптары таң­далып алынған. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы