Президенттің маңызды шешімімен елімізде жаңа үш облыс пайда болды.
Депутат: Кемертоғандағы халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр
968
оқылды

Оның ішінде Алматы облысы екіге бөлінді. Облыста арнайы Алатау қаласы бой көтерді. Бұл –  өңір үшін Президент тарапынан едәуір қолдау. Дегенмен әлі де өңірдің аудандарындағы инфрақұрылым мәселелері шешімімін таппай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өз депутаттық сауалында Д. Қасқарауов:

– Мысалы, шалғайдағы аудандарды айтпағанда, Алматы қаласының іргесінде тұрған Қарасай ауданының проблемалалары шаш етектен. Ал ол мәселелерді шешуге не облыс, не аудан, не ауыл әкімдері құлықты емес. Әрбір мәселеге тек сыдырма жауап қайтарумен шектеліп келеді. Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Кемертоған ауылында 160-тан астам ток подстанциясы бар екен.

Оның барлығы жекеменшіктің қолында. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ техникалық талаптарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп, жарамсыз болуда. Келесі мәселе, Кемертоғандағы көшелердің тозығы жеткен, жол мүлдем жоқ деп айтса болады. Кейбір көшелер жекеменшіктің қолында. Мәселен Жасқыран, Шапағат көшелеріндегі тұрғындар өз үйіне көше жақтан кіріп шыға алмайды. Себебі көше түсуі тиіс телімдер жекенің қолында. Жергілікті автокөлік жолдары, өндірістік аймақтардың жерлері бөтен біреулердің жер учаскесі болып кеткен.

Оған қоса, Қарасай ауданындағы жер мәселесі де ушығып тұр. Өкініштісі, су қорғау белдеулерінің аумағында жаппай құрылыс орын алуда, Іле-Алатауы ұлттық саябағының қорғау аймағында, мүрделердің санитарлық қорғау аймағында тұрғын үйлер соғылуда. Рекреациялық аймақтар қысқарған. Онымен қоса, үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әсіресе, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының өзінде үш ауысымды мектеп мәселесі күйіп тұр. Қазіргі таңда осы аталған аудандарда шамадан тыс жүктемесі басым 82 мектеп бар.

Сонымен қатар кейінгі жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі рухани салада түбірлі жаңғырулар жүргізілген жоқ. Оған дәлел, облыстың 22 ірі ауылында осы күнге дейін мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жоқ, 25 мәдениет үйі мен клубтар апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ, 25 мәдениет нысан жөндеуді қажет етеді.

Сондықтан Қарасай ауданындағы күрмеуі көп мәселені шешу үшін төмендегідей талаптарымыз бар:

Біріншіден, Бас прокуратурадан – электр жабдықтау ұйымының 2021-2023 жылдардағы шаруашылық қызметін прокурорлық тексеруді;

Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне аудан бойынша жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын қайта қарауды.

Үшіншіден, Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексерісті ашуды талап етемін.

Төртіншіден, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне аталған өңірдегі үш ауысымды мектептерді жою, сонымен бірге білім, мәдениет және спорт саласындағы жаңа объектілердің құрылысы мен төтенше жағдайдағы объектілердің жөндеу жұмыстары бағытында нақты атқарылып жатқан шаралар туралы ақпаратты заңнамада белгіленген мерзімде беруді сұраймын, – деді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.