Мемлекет басшысы әрқашан ғылым саласына көңіл бөліп, ғалымдарға қолдау білдіріп келеді. Мұны өзінің жолдаған Жолдауларынан, айтылған Үндеулерінен байқаймыз.
Ғылым мен білімнің заманы
803
оқылды

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесті. Ғылым саласындағы атқарылуға тиісті мәселелерді көтеріп, кейбір олқылықтарды атады. Сонымен қатар алдағы атқарар істер мен  жоспарлар жөнінде де кеңінен сөйледі.  

Президент алғашқы сөзін жиын өтіп жатқан Ғылым ордасынан бастады. «Бүгін сіздермен ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуа­ныш­тымын. Бұл – қазақ ғылы­мы­ның қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қыз­мет ете береді. Жалпы, осы жер­де халқымыздың көптеген көр­некті ғалымы еңбек еткен. Ғы­лым ордасында есімі ел та­рихына жазылған біртуар тұлға­ларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды» деген Мемлекет бас­шысы әрі қарай ғалымдардың мем­лекеттің даму жолындағы  маңызына назар аудартты.  

«Шикізатқа арқа сүйеп отыр­ған ел алысқа бармайды. Біз­ге ғалымдар, инженерлер, өнер­тапқыштар қажет. Мамандарымыз әлем­дік бәсекеге төтеп бере ала­тындай білімді, білікті болуы ке­рек. Бір сөзбен, ғылыми әле­уеті­мізді арттыру қажет. Жал­пы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашы­лады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер кө­беюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс

«Біз қазіргі заманғы техно­логияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жас­тардың басын қосып, ғылым жо­лына жұмылдырады деп се­не­мін», – деген Президент эко­номикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажеттігін атап өтті. 

«Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдеріс пен салаланы одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін бірік­тіру маңызды рөл атқарады. Әлем­дегі Google, Microsoft, Apple сияқ­ты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бас­тайтын IT-компаниялар құра­ды деп сенемін. Қазақстан Еу­разиядағы ең ірі цифрлық хаб­тардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды ин­теллектіні барлық салаға жыл­­дам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық тех­нологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы ор­нықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің тех­нологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді», – деді Қ.Тоқаев

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы қазір жасанды ин­тел­лектінің маңызын да атап өтті. 

«Қазір осы саланың инфра­құрылымын дамыту үшін нақ­ты шаралар қолға алынды. Супер­компьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауым­дастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады. Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл ат­қарады. Сондықтан білікті ма­мандардың қатарын көбейту керек», – деді ел Президенті. 

Ауыл да, қала да смарт стандартына сай болуы керек

Мемлекет басшысы мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажеттігін атап өтіп, «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек кездесетін метал­дарға сұранысты арттыратынын жеткізді. «Мысалы, сарапшы­лардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық бар­лау жұмыстарының ауқымын кеңей­тіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет. Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз бай­ланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық та­бысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, тех­нопарктер мен бизнес-инку­батор­лар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек», – дей келе, елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажетін айтты. 

«Біздің қалаларымыз, тіп­ті ауылдарымыз да смарт стан­дартына сай болуы керек. Бұл – Үкі­мет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ. Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қа­жет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді», – деді Президент.

Жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек

Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысы алдағы уақытата табиғи апаттардың арта түсуі мүмкін екенін, бұл ретте ғалымдардың қан­­шалықты маңызға ие екен­дігіне тоқталды.  

«Жуырда болған алапат тас­қын салдарынан онда­ған мың отбасы зардап шекті. Көп­те­ген адам дүние-мүлкінен айырыл­ды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жо­ю­ға Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің барлық күш-құрал­дары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адал­дықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының сал­дары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөн­деу­ге қаржы бөлді. Қырық жыл­дан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда, ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өз­геруімен байланыстырады. Мұ­ның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады. Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек. БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықара­лық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Мемлекет бас­шысы.

Еңбек адамының мәртебесін көтеруіміз қажет

 Жиында көптеген мәселеге тоқталған ел Президенті түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселесіне де тоқталды.  

«Мен еңбек адамының мәр­тебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеу­меттік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті. Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс істеліп жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Мемлекет басшысы. 

Маңызды жиында сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз сөйледі. 

Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылым­ның түрлі саласында еселі ең­бек етіп жүрген бірнеше азамат­қа сал­танатты түрде пәтер серти­фикат­тарын табыстады.