Балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту – ҚР Үкіметінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл бағытта бірқатар бастамалар мен түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр.
Балаларды қорғау күні: Президенттің жақсы өмірді қамтамасыз ету туралы тапсырмасы қалай орындалып жатыр
853
оқылды

Балаларды қорғау күнінде Primeminister.kz редакциясы ҚР Президентінің еліміздің кішкентай тұрғындарын әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша алға қойған тапсырмаларының орындалуы және қабылданып жатқан шаралар туралы шолу материалын жариялайды.

Балалардың құқығын қорғау

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Аталған мерекені әлемнің 30-дан астам елі атап өтеді. Бұл күн бізге өскелең ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті еске салады. Өйткені, баланың ең маңызды құқығы – бақытты болу!

Балаларды қорғау әрқашан мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болған және бола бермек. Қазақстан балалардың құқығын қорғау саласындағы барлық негізгі халықаралық-құқықтық құжаттарды, оның ішінде 30 жыл бұрын қол қойылған Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 6,8 млн бала тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. 

«Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жетім балалар құқығының кепілдіктерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Еліміздің 20 облысында балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер тағайындалған. Оқу-ағарту министрлігінің жанынан Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Осыған ұқсас 235 комиссия жергілікті деңгейде де жұмыс істейді.

Басым міндеттердің бірі – балалардың отбасында өмір сүріп, тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. 21 387 ата-анасы жоқ баланың 17 660-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл сайын Қазақстан азаматтары өз отбасыларына 1 мыңнан астам жетім баланы қабылдайды.

ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатында Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, оған бірқатар маңызды бастамалар енгізілді. Төтенше жағдайларда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа ден қою алгоритмдері бойынша ұсыныстар әзірленді. Республикамызда 14 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді.

«Бала құқықтары туралы» және «Білім беру туралы» негізге алынатын құжаттарды қоса алғанда, Қазақстанның ұлттық заңнамалық базасы – бұл балалардың берекелі әрі қауіпсіз балалық шағы құрылатын құқық қорғау алаңы.

Негізгі басымдық 

Білім беру саласы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы ретінде мемлекет тарапынан қолдауға ие. Педагог мәртебесін көтеру, жаңа мектептер, балабақшалар, мектептен тыс ұйымдар, колледждер салу және ашу бойынша міндеттемелер орындалып жатыр. Оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін дамыту үшін жағдайлар жасалған.

Шетелдік сарапшылар атап өткендей, балаларға жасалған қолайлы жағдайлар білім сапасының 10%-на кепілдік береді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арнап 369 мектеп ашу жоспарда бар. 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін – 110, қалғандарын 2025 жылдың соңына дейін ашу көзделген.

Жайлы мектептерде оқу-тәрбие процесін сәтті жүзеге асыру және ұйымдастыру үшін жаңа форматтағы басшылар белсенді түрде дайындалуда. Дарынды балаларды мемлекеттік қолдау оқушыларды да, педагогтарды да жоғары жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Биыл алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтті. 1 мың бала өздерін жоғары республикалық деңгейде көрсете алды.

Сонымен бірге мемлекет талантты балаларға нақты материалдық көмек көрсетеді. Мәселен, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 500-ден 1,5 мың АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы қарастырылған. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Осылайша, білім беру саласында жүргізіліп жатқан саясат сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға бағытталып отыр.

Сонымен қатар республикада мектепке дейінгі ұйымдардың бірнеше түрі жұмыс істейді. Олардың саны қазірдің өзінде 11,5 мыңға жетті, оларда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленуде. 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар салу және қайта жаңғырту есебінен 300 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін 77,3 мың жаңа орын іске қосылады.

Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 91,5%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, кезекте тұрғандар саны – 107 мың. Мектеп жасына дейінгі балаларды есепке алу, кезекті орталықтандыру және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру үшін Бірыңғай деректер базасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл отбасының өмірлік жағдайын ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымға ашық кезекке тұруды қамтамасыз етеді. 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда физикалық тұрғыда сау, әлеуметтік белсенді, үйлесімді дамыған тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін қолжетімді даму ортасы құрылды.

Сонымен қатар бүгінде мектептердің 86%-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Жыл сайын арнайы оқу ұйымдарының желісі кеңейіп келеді. Осындай 500-ге жуық нысан ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қызмет түрін көрсетеді. Еліміздің 4 өңірінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту ұлғайтылды, бұл 2 мың баланы қамтыды. Мектептерде 1051 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді. 2,5 мыңнан астам педагог-ассистенттер оқушыларға оқу бағдарламасына және мектепке бейімделіп, әлеуметтенуіне көмектеседі.

Тағы 3 млн бала қосымша біліммен қамтылды. 2023 жылы балалардың өзін-өзі дамытуы үшін 2 балаларға білім беру орталығы (ББО) және 9 оқушылар сарайы пайдалануға берілді, ауылдық мектептерде 16 комьюнити-орталық ашылды. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, оның шеңберінде 50 ББО мен 100 жаңа ірі қосымша білім беру нысандарын құру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы колледж білім алушыларының 85%-ы тегін білім берумен қамтамасыз етілген. Қажетті техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс кезең кезеңімен ұлғайтылды. 2023 жылдан бастап жұмысқа орналастыру міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлау жүргізілуде. Бұл жыл сайын 10 мың адамды қамтуы тиіс. Бұл ретте 518 кәсіпорын 410 колледжге қамқорлық жасайды. Қосарлы білім беру 558 ТжКБ-ға енгізіліп, 85 мыңнан астам студентті қамтыды.

Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын қолдау үшін 2023 жылы 20 «Бизнес-стартап» студенттік орталығы ашылды. 119 колледж өздері өндірген тауарларды сатады. Шәкіртақы да 2 есе өсті. Ел студенттерінің 85%-дан астамы жатақханаларға орналасты.

Мұқтаж отбасыларды қолдау шеңберінде жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға материалдық көмек алады. Орта есеппен әр оқушыға шамамен 45 мың теңге бөлінеді. Қаржылық көмекті жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ төтенше жағдайға тап болған мектеп оқушылары алады.

Балабақшалардың 97 мың тәрбиеленушісіне және халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан 5-11 сыныптардың 200 мың оқушысына тегін тамақ беріледі. 7,5 мың мектептегі барлық бастауыш сынып оқушысы күніне бір рет ыстық тамақ ішеді. Мектеп асханаларына қоғамдық бақылау ұйымдастырылды. Ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар құрылған. 263 мектептің асханасы жаңартылды.

Биылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың оқушылары үшін бірқатар жеңілдіктер жасалды. Атап айтқанда, емтихан мерзімдері кейінге шегеріліп, түлектерге алдыңғы ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесімен жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік берілді. Су тасқынынан зардап шеккен және қашықтан оқытуға көшкен 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысына білімдегі олқылықтардың орнын толтыру үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылды.

Қолдау шаралары

Балалардың демалысына ерекше көңіл бөлінді. 1,2 мыңнан астам оқушы сауықтыру лагерлеріне барды, тағы 3,8 мың бала жақын арада жолдама алады. Айта кету керек, балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылуда. Республикалық және өңірлік штабтар құрылды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы аясында 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі оқушыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға және ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі.

Жалпы 3,1 млн оқушы немесе оқушылардың 92%-ын демалыспен, жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 2,9 млн бала жазғы демалысын 10 мыңнан астам түрлі балалар сауықтыру орталықтары мен лагерлерде өткізеді. Қазірдің өзінде маусым айының алғашқы күндерінде 182 демалыс орнының 150-і іске қосылса, мектеп оқушыларының сапалы әрі мазмұнды демалуы үшін 120 мың педагог-ұйымдастырушы арнайы даярлықтан өтті, оларға 12 мыңнан астам студент пен ерікті көмекке келеді.

2024 жылдың басты бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мемлекет басшысының бастамасын орындау мақсатында енді инвестициялық табыстың жартысы 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтарға жыл сайын бөлінетін болады. Кәмелетке толған кезде, ақшаны білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсауға болады.

Балалы отбасылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау да – еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі бала тууды ынталандыруға және отбасындағы балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ көпбалалы аналардың мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесімен ұсынылған. Жәрдемақылардың 5 түрі бюджет есебінен және төлемнің 2 түрі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. 2 млн-ға жуық балалы отбасы жәрдемақы мен төлем алушылар санатына жатады. Биыл аталған мақсаттарға 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сома былтырғы жылғы көрсеткіштен 19%-ға артық.

Сондай-ақ жыл сайын туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Аталған шарамен өткен жылы қазақстандық 5,5 млн бала қамтылды. Балалардың денсаулығын сақтаудағы басты жетістіктердің бірі – неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамыту. Қазақстан – бала туғаннан бастап кардиохирургия операциялары жүргізілетін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. 2023 жылы туа біткен жүрек ақауы бар балаларға ашық жүрекке 1708 ота жасалса, оның жартысына жуығы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды. Республикада диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық заманауи әдістері – иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, ерекше онкомаркерлерді анықтау, сүйек және жұмсақ тіндердің саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, сүйек саркомаларын хирургиялық емдеудің ағза сақтаушы әдістері енгізілген. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын әзірледі. 2025 жылға дейін балалар онкологиялық ауруханаларының материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және аталған қызмет мамандарының біліктілігін арттыру шаралары қарастырылған. Балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталығын құру жоспарлануда.

Қазақстан Үкіметі балалардың жан-жақты дамуы үшін жайлы әрі қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдауда жоғары стандарттарды енгізу Қазақстанның барлық салаларда одан әрі дамуына көмектесетін жаңа прогрессивті ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.