Chang’e 6 миссиясы мамыр айында Қытайдың Вэнчан ғарыштық орталығынан ұшырылды. Қытай бұл ұшқышсыз кеме Айдың Жерден көрінбейтін көлеңке жағына сәтті қонғанын жариялады.
Айдан 1000 келі гелий алып келіп 20 миллиард доллар пайда табуға болады
Айдан 1000 кг гелий алып келіп 20 млрд доллар пайда табуға болады. Фото ESA агенттігінің ресми сайтынан алынды
2,584
оқылды

Ешбір ғарыштық аппарат қонбаған Айдың көлеңкелі жағына қытайлық ғарыш кемесі қонғанын BBC News кеше хабарлады. Жердің серігін зерттеуге жасалған тағы бір қадамның маңызын Aikyn.kz британдық сайтқа сілтеме жасап талдайды.

Chang’e 6 қону модулі Айдың көлеңке жағына қонды. Фото Синьхуа сайтынан алынды

Қытайдың ұлттық ғарыш басқармасы (CNSA) хабарлағандай, Chang’e 6 жексенбі күні (2 маусым) таңертең Бейжің уақытымен 06:23-те (Астана уақыты бойынша түнгі сағат 03:23) Оңтүстік полюс аймағындағы Эйткен алабына қонған. 

3 мамырда басталған миссия тарихта алғаш рет аймақтан Айдан құнды тастар мен топырағын жинауды мақсат етеді. Зонд Оңтүстік полюстегі үлкен кратерден Айдың ең көне тау жыныстарының үлгілерін Жерге алып келеді деп күтілуде.

Аппараттың қонуы тәуекелдерге толы болған, өйткені Айдың арғы жағына жеткен ғарыш аппараттарымен байланысу өте қиын. Қытай бұл жетістікке 2019 жылы жеткен, ол Chang’e-4 аппаратын Жер серігінің көлеңкелі жағына қондырған жалғыз ел болды.

Вэнчан спутниктік ұшыру орталығынан көтерілген Chang’e 6 ғарыш кемесі Ай орбитасына жетіп қонудың ыңғайлы сәтін күткен. Одан кейін миссияның қону блогы орбиталық аппараттан бөлініп, Айдың ешқашан Жерден көрінбейтін жағына қонды.

Төмен түсу кезінде кедергілерді автоматты түрде анықтау үшін автономды визуалды кедергілерді болдырмау жүйесі пайдаланылды және көрінетін жарық камерасы Ай бетінің жарықтығы мен қараңғылығына негізделген салыстырмалы қауіпсіз қону аймағын таңдады. Қону құрылғысы қауіпсіз қону аймағынан шамамен 100 метр жоғары көтерілді және баяу тік түсу алдында 3D лазерлік сканерді пайдаланды. CNSA мәліметінше, операцияға Queqiao-2 релелік қосымша аппарат қолдау көрсеткен.

Chang’e 6 модулі мамырда Вэнчан ғарыштық орталығынан ұшырылды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Liu Huaiyu / Feature China 

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары сәтті қонуды «тарихи сәт» деп атады. Жексенбі күні (2 маусым) таңертең Chang’e 6 қону кемесі Айға қонған кезде «Бейжіңнің аэроғарыштық миссиясын басқару орталығында қуаныштан үлкен толқу болған». Қону модулі Айдың бетінен материалдарды жинауға үш күнге дейін уақыт жұмсауы керек. Бұл операция, CNSA мәліметтері бойынша, «көптеген инженерлік инновацияларды, жоғары тәуекелдерді және үлкен қиындықтарды» қамтиды.

Манчестер университетінің Ай геологиясы бойынша маманданған профессор Джон Пернет-Фишер: «Бұған дейін ешкім көрмеген бұл жартастарды көре алатынымызға бәрі өте қуанышты», – деп түсіндіреді.

Ол бұрыннан бері АҚШ-тың «Аполлон» миссиясы және Қытайдың алдыңғы миссиялары алып келген Ай тастарын талдаған ғалым. Бірақ оның айтуынша, бұл жолы Айдың мүлдем көрінбейтін аймағынан тастарды алып келіп талдау планеталардың қалай пайда болатыны туралы іргелі сұрақтарға жауап бере алады. Осы уақытқа дейін жиналған тастардың көпшілігі Исландияда немесе Гавайда кездесетіндерге ұқсас жанартаулық тастар. Бірақ көлеңкелі ауданның тастары басқа химиялық құрамға ие болуы мүмкін.

«Бұл бізге планеталар мен олардың қыртысы қалай пайда болатынын, Күн жүйесіндегі судың шығу себептерін білуге көмектеседі?», – дейді профессор.

CNSA мәліметтері бойынша, бұл миссия бұрғы мен механикалық қолдың көмегімен шамамен 2 кг материал жинауы тиіс. Оңтүстік полюс – Айткен соқпалы кратер алабы Күн жүйесіндегі белгілі ең үлкен бассейндердің бірі болып саналады. Бұл ауданнан қытайлық зонд Ай мантиясының тереңінен – Айдың ішкі өзегінен алынған материалдарды жинай алады.Миссия сәтті болса, ғарыш кемесі арнайы қайтару капсуласында бағалы үлгілермен Жерге оралады. Фото lookintothe.space сайтынан алынды

Айдың оңтүстік полюсі Ай миссияларының келесі шекарасы болып есептеледі. Басқа елдер бұл аймақты түсіну үшін жарысуда, өйткені ол жерде мұз болуы мүмкін. Суға қол жеткізу Айда ғылыми зерттеулер жүргізу үшін адам базасын сәтті құру мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Миссия сәтті болса, ғарыш кемесі арнайы қайтару капсуласында бағалы үлгілермен Жерге оралады. Алынған үлгілерді Жерге таза күйінде жеткізу үшін олар ерекше жағдайда сақталады.

Қытай ғалымдарына тастарды талдауға бірінші мүмкіндік беріледі, ал кейінірек әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілер бұл мүмкіндікке өтініш бере алады. Бұл Қытайдың Айдан үлгілерді жинауға арналған екінші миссиясы. 2020 жылы Chang'e 5 Айдың арғы жағындағы Oceanus Procellarum деп аталатын аймақтан 1,7 кг материал алып келген еді.

Қытай осы онжылдықта тағы үш рет ұшқышсыз миссия жоспарлап отыр, өйткені ол Айда су іздеп, онда тұрақты база құру мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бейжіңнің кеңірек стратегиясы шамамен 2030 жылға қарай қытайлық астронавтың Айға аяқ басқанын көздейді. АҚШ, Жапония мен Ресей де өз аппараттары мен астронавтарын Айға апаруды мақсат етуде, NASA 2026 жылы Artemis 3 миссиясын іске асыруға дайындалып жатыр.

Artemis бағдарламасының шығындары 93 миллиард доллар деп бағалануда. Бұл миссияны Айға бір рет ұшыру құны 4,1 миллиард доллар. Әрбір долларды есеппен жұмсайтын АҚШ бұл шығындардың орнын қалай толтырмақ?

Айдың бетіндегі борпылдақ топырақ қабатын реголит  деп атайды. NASA мәліметтері бойынша, оның құрамында 43% оттегі, 5% су, 5% метан, аммиак, сутегі, көмірқышқыл газы сияқты ұшқыш заттар бар. Ай реголитінде гелий-3 және гелий-4 көп. Бұл гелий изотоптары миллиардтаған жылдар бойы Айдың жұқа беткі қабатында жинақталған. Бір тонна реголитте шамамен 0,01 г гелий-3 бар.

Оны термоядролық реакторларда отын ретінде пайдалануға болады. Ол жер бетінде сирек кездеседі және бір килограммы 20 миллион доллар тұратын қымбат газ.

Айдан 1 тонна гелий алып келсе 20 млрд доллар пайда табуға болады. Міне, ғарыштық державалардың Айға ұшуға деген құлшынысының артында үлкен саясат пен қаржылық пайда жақсы көрінеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.