TikTok-қа тіркелген Дональд Трамп бір күнде 3 миллион жазылушы жинады. Республикалық партияның атынан президенттік сайлауға түсетін үміткерді америкалықтар неге жақсы көреді?
Дональд Трамп пен Джозеф Байден өздері тыйым салған TikTok-қа тіркелді. Бұл қалай?
Джозеф Байденнің сайлау науқаны да TikTok-та белсенді өтіп жатыр, оның 340 000-нан астам жазылушысы бар. Фото nournews.ir сайтынан алынды
1,584
оқылды

Өзі тыйым салған TikTok-қа президент Байденнің тіркелгені туралы Reuters хабарлама жариялады. Aikyn.kz президенттен үміткерлердің екі жақты саясатын әлемдік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап талдайды.

Президенттікке үміткер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Нью-Йорк қаласындағы Трамп мұнарасындағы баспасөз мәслихаты кезінде сөйлеп тұр., 31 мамыр, 2024 жыл. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Brendan McDermid

Сенбі күні (1 маусым) танымал әлеуметтік платформаға қосылу туралы шешім АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа жас сайлаушыларды өзіне тартуға көмектеседі деген мақсатта қабылданған. Ол президенттікке үміткер ретінде үшінші рет сайлауға түседі. Ол 5 қарашада өтетін президенттік сайлау алдында Демократиялық партияның қазіргі президенті Джозеф Байденмен бәсекелесуде.

Байденнің сайлау науқаны да TikTok-та белсенді түрде өтіп жатыр, оның 340 000-нан астам жазылушылары бар. Бір қызығы, Байден қытайлық иесі ByteDance оны америкалық компанияға сатпаса, 170 миллион америкалықтар пайдаланатын желі жабылатыны туралы заңға қол қойды.

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп тыйым салынған әлеуметтік желіде президенттің өзі де, оның қарсыласы да аккаунт ашып сайлау науқанында өзіне жастардың арасынан қолдайтын жақтастар іздеуде. Бұл да «мақсатқа жету үшін барлық тәсілдерді қолдануға болады» деген америкалықтарға тән қағидаға сәйкес сияқты.

АҚШ-тағы TikTok желісіне салынған тыйымдарды талдаған мақалаларды Aikyn.kz сайтынан мына сілтемелер бойынша оқи аласыздар:

TikTok-қа тыйым салса айдаһар АҚШ-ты «тістеп ала» ма?

Президент TikTok-қа тыйым салатын заң жобасына қол қоятынын айтты

TikTok-қа тыйым салынады

TikTok қызметін тоқтатты 

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп тыйым салған TikTok желісіне Трамп та, Байден де тіркелген. «Мақсатқа жету үшін барлық тәсілдерді қолдануға болады» деген америкалық қағидаға жұмыс істейді. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Brendan McDermid

Трамп өзінің жаңадан ашылған TikTok желісіндегі @realdonaldtrump аккаунтында алғашқы видеосын жариялады. 56 миллионнан астам қаралым жинаған видеода Трамп Нью-Джерси штатының Ньюарк қаласында өтіп жатқан Ultimate Fighting Championship жекпе-жегінде өзін жақтаушылармен амандасады. Трамп «Америка халқымен тікелей сөйлесу үшін қолжетімді барлық құралдарды қолданатынын» айтады.

ByteDance АҚШ сотында TikTok-ты келесі жылдың қаңтарына дейін сатуды талап ететін заңға шағымданған. Ал Ақ үй болса ұлттық қауіпсіздік мақсатында әлеуметтік платформадағы Қытай меншігінің жойылғанын қалайды.

TikTok өз тарапынан АҚШ-тағы қолданушылардың жеке деректерін Қытай үкіметімен бөліспейтінін және өз қолданушыларының құпиялылығын қорғау үшін маңызды қадамдар жасағанын айтуда. Бұған АҚШ билігі сенбейді.

АҚШ-тың екі президентінің 3 жыл бұрынғы дебаты:

Трамптың 2020 жылы президент болған кезінде TikTok-қа тыйым салу әрекетіне соттар тосқауыл қойғаны белгілі. Наурызда ол платформаның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтты, сонымен бірге оған тыйым салу «кейбір жастарға зиянын тигізеді және Facebook-тің мета-платформаларын күшейтеді» деп мәлімдеген еді.

Трамп қазірдің өзінде X-те (Twitter) 87 миллионнан астам жазылушысы және күн сайын дерлік жариялайтын өзінің Truth Social платформасында 7 миллионнан астам қолдаушысы бар. Ол әлеуметтік желінің әлеуетін мейлінше белсенді қолданады.

Өткен аптада АҚШ-тың апелляциялық соты TikTok-қа тыйым салатын заңға қатысты құқықтық даулардың жеделдетілген кестесін белгіледі. Колумбия округі бойынша АҚШ-тың апелляциялық соты TikTok, ByteDance және TikTok контентін жасаушылар тобы осы айдың басында соттан жылдам кестені сұрап Әділет департаментінің шешіміне қосылғаннан кейін іс сотта қыркүйек айында қарала бастайды деген шешім шығарған.

TikTok және басқа да әлеуметтік желілердің алгоритмдері балалар мен жастардың психикалық денсаулығына зиянды екенін ғылыми зерттеулер де, нақты өмір де дәлелдеп келеді. Қазақ билігі мен қоғамының да бірлесіп, бұндай қауіптердің алдын алуға шешімдер қабылдайтын мезгіл жетті деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.