Париж Олимпиадасында дзюдо бәсекелері 27 шілдеде басталады.
Дзюдодан Олимпиадаға іріктеу: жазғы ойындарға қанша қазақстандық спортшы қатысады
Фото: ҰОК
2,420
оқылды

Дзюдодан әлем чемпионаты аяқталысымен, олимпиадалық рейтинг соңғы рет жаңармақ. Енді Халықаралық дзюдо федерациясы аз уақыт ішінде жазғы ойындардан үмітті спортшылардың  тізімін жариялайды. Қазақстандық дзюдошылар арасынан да іріктеуден сәтті өткен балуандар бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Париж татамиінде жалпы есебі 372 дзюдошы бақ сынайды (186 ер адам мен 186 әйел). Төртжылдықтың басты додасына іріктеу 2022 жылдың 24 маусымында басталды. Аталған уақыттан бері өткен әлемдік тур жарыстарының барлығы да рейтинг бойынша есепке алынды. 

Жолдамалардың басым бөлігі іріктеу кезеңін сәтті аяқтап, олимпиадалық рейтингте жоғары орында тұрған спортшыларға беріледі. Осы орайда, әрбір салмақта әр елден тек бір дзюдошыдан қатысатынын ұмытпау керек. 

Сондықтан, Қазақстан бастаған көптеген құрамада Олимпиадаға қатысатын балуанды анықтау айтарлықтай қиындық тудырады. Мәселен, Канада әйелдер құрамасында 57 келі салмақтағы Крита Дегучи бірінші орын иеленді. Оның ізін ала отандсы Джессика Климкейт орналасқан. 

Әбу-Дабидегі әлем чемпионатынан соң Парижге соңғы әлемдік додада күміс алған Дегучидің аттанатыны белгілі болды. Климкейт болса, турнирден сырт қалады. Белгілі дзюдошы осыған қатысты жан тебірентерлік жазба қалдырып үлгерді. 

Қазақстанға келер болса, ерлер арасындағы 60 келі салмақтың мәселесі іріктеу белдесулері арқылы шешілмек. Бұл салмақта үш спортшымыз олимпиадалық рейтингке кіреді. Олар – Нұрқанат Серікбаев (15-орын), Елдос Сметов (22-орын) және Мағжан Шамшадин (24-орын).

Федерация аталған үш спортшының арасында шағын турнир өткізіп, 2024 жылғы Олимпиада қатысушысын анықтамақ. Белдесулер 7 маусым күні Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны кезінде өтеді. 

66 келіде Ғұсман Қырғызбаев олимпиадалық нормативті орындады. Ол 2562 ұпаймен 26-орында тұр. 

73 келідегі Данияр Шамшаев та рейтингте 19-орын алды. Оның ұпайы – 2928.

81 келі салмақтағы Абылайхан Жұбаназар рейтингілік тізімде 10-орынды сақтап қалды. Іріктеу кезеңдерінде ол 3718 ұпай жинады. 

90 және 100 келі салмақтарда балуандарымыз іріктеуден өте алмады. Десе де, 100 келідегі Нұрлыхан Шарханның жолы болды. Ол рейтинг бойынша межелі ұпайға жетпесе де, құрлыққа бөлінетін арнайы квотаға ие болды. Мұндай жолдамалар спортшылардың жынысы мен салмағына қарамастан, рейтингте жоғары ұпай жинаған атлетке беріледі. IJF рейтингінде Шархан осындай басымдыққа ие болған. 

Әйелдерге келер болсақ, олимпиадалық рейтингте және жалпы құрама командада ең жоғары орналасқан  - Абиба Әбужақынова. 48 келі салмақта белдесетін ол іріктеу кезеңін үшінші орында аяқтады (5576 ұпай). Олимпиадаға қатысуы мүмкін атлеттер арасында Ғалия Тынбаева да енді (3533 ұпай, 15-орын). Десе де, іріктеу қорытындысы бойынша Олимпиадаға Абиба барады деген сенім мол. 

78 келіден жоғары салмақтағы Камила Берліқаш та іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Ол 3344 ұпаймен рейтингте 15-орынға тұрақтады. 

Айта кетелік, Қазақстан аралас командалық жарыс бойынша да Олимпиадаға өтеді. Бұл рейтинг бойынша межелі орынға жетпеген Эсмигуль Куюлованың да Париж ойындарына қатысу мүмкіндігін жоғарылатты. 

Айта кетелік, құрлықтық квоталар негізінен болашақ  олимпиадашыларға таратылды. IJF осыған ерекше мән беруде. Іріктеуден өткен дзюдошылар тізімі жақында жарияланады. Сол кезде қатысушылардың есімі ресми түрде анықталмақ. 

Париж Олимпиадасында дзюдо бәсекелері 27 шілдеде басталады. 

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.