Біздің мақсатымыз – тек өнімді жұмысшы емес, ерекше, креативті шешімдер табу.
Не себепті тайм-менеджмент тиімділікті арттырмайды?
577
оқылды

Біздің жұмыс істеуіміз біздің уақытымызды дұрыс пайдалануымызға тәуелді емес. Қатал тайм-менеджмент біздің күнімізді артық шектеулерге толтырады. Бұдан да тиімді тәсіл – фокус-менеджент немесе фокусты басқару. Бұл туралы  Aikyn.kz сайтынан оқыңыз!

Фокус-менеджмент деген не?

Фокус-менеджмент – жұмысты дұрыс уақытта, дұрыс жерде және нақты мақсатпен істеу. Ал оның басты мақсаты – тапсырмаларды қанша уақыт алатынына қарамай маңыздылығы бойынша бөлу.

Сіздің өнімділігіңіз сіздің тиімді жұмыс жасай білуіңізге тәуелді емес, мотивацияңызға, ішкі стимулыңызға тәуелді. Тиімділік мақсат емес, ол тек мақсатқа жету жолындағы ресурс. Бірақ ол үшін алға қойған мақсатыңыз сіздің бөлген уақытыңызға тұрарлық болуы керек. Осылай сіз өзіңізге қызық, шынымен керек жұмыспен айналыссаңыз сізді мотивацияңыз өзі-ақ жетелейді.

Фокус-менеджментті қалай қолдану керек?

Көптеген зерттеулердің нәтижесінде кез келген ұжым нашар ауа райы кезінде жұмыстарын анағұрлым тиімді әрі тез атқарған. Мысалы, Жапониядағы банк қызметкерлері жаңбырлы күні транзакцияларды әдеттегіден жылдам бітірген, ал АҚШ қызметкерлері нашар ауа райы кезінде мәтіндегі орфографиялық қателіктерді жылдамырақ түзеген. Осыған қарап, адамды қызықтыратын, назарын басқа арнаға аударатын факторлардың аз болуы оның жұмысқа фокусын арттыратынын байқауға болады.

Сонымен қатар фокус-менеджменттің басты шарты: «Қайда?» емес, «Қашан?» деген сұраққа жауап беру. Бізге жұмыс істеу, процесс барысында көптеген қиындықтармен күресу емес, жұмысқа деген ынтаның, қызығушылықтың аздығы қиындық тудырады.

Корей дүкендер желісінде жүргізілген тәжірибе барысында қызметкерлерге қызықты тапсырмалар берген кезде, күнделікті іш пыстырарлық тапсырмалардың одан сайын нашар орындалғанын байқаған. Өйткені, біздің назарымыз қайта-қайта қызықтырақ жұмысқа ауып тұрады. Ал америкалық қызметкерлерге көңілді видео көрсеткеннен кейін, әдеттегі жұмысқа оралу тіпті азапқа айналғанын аңғарған. Яғни, бұл жерде – контраст. Құдды бір тәтті торттан кейін, шикі картоп ұсынғанмен тең әрекет. Сондықтан адамның көңіліне жағымды тапсырмаларды соңына сыйлық ретінде алып қалған абзалырақ.

Фокус-менеджментті қалай креатив үшін қолдануға болады?

Біздің мақсатымыз – тек өнімді жұмысшы емес, ерекше, креативті шешімдер табу.

Өнімді және креативті жұмыс әртүрлі стратегияларды талап етеді. Егер фокус-менеджмент адамның назарын аударатын факторларды белгілі бір сүзгіден өткізуді талап етсе, креатив ойлау керісінше ондай шектеулерді жоюға шақырады.

Дэниел Пинктің «Таймхакинг» атты еңбегінде күніміздің ең қызған шағында аналитикалық жұмыстарды атқарып, қара жұмысты күніміздің ортасына қалдырғанымыз жөн, ал ойдың өзгеше ойлауын талап ететін тапсырмаларды жұмыс уақытымыздың ең соңғы сатыларына, шаршаңқыраған кезге қалдырған дұрыс дейді. Себебі адам қаншалықты шаршаса соншалықты экстраординарды ойлай бастайды.

Бұл тайм-менеджентке жатпайды себебі біз белгіленген міндеттерді уақыттың емес, санамыздың мүмкіндіктеріне қарай ыңғайлаймыз.

Айсер Бейсенғали, Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті