Білім саласына бағытталған отандық кинолардың ішінде мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік мәселесін көтергені бар да, ал мамандық таңдауда көмектесетін, ауыл балаларына да ерекше қолдау білдіретін жобалардың бар екені туралы нақты түсірілген кинотуындылар жоқтың қасы.
IQanat қанатын кеңге жайды
840
оқылды

Жуырда IQanat білім беру жобасы туралы телесериал түсірілімі аяқталды. Көркем туынды биыл күз мезгілінде көрерменге жол тартпақ.

Аталған жоба туралы түсірілген теле­хикая шынайы оқиғаны негізге ала оты­рып, білім беруде ауыл балаларына ерек­ше назар ауғанын көрсетеді. Оқиға желісі IQanat республикалық олимпиададан жеңімпаз атанған оқушының өмірі тура­лы өрбиді. Яғни, ауыл балалары да бұғып қалмай, білімнің биік белесін бағын­дыруға қауқарлы екенін алға тартады. Айта кетейік, бұл сериалды әй­гілі «Кани­кулы OFF-line» франшиза­сының автор­лары түсірді.

«Телесериал 16 бөлімнен тұрады. Әр бөлімінде бас кейіпкер әртүрлі маман­дықты таңдайды. Біріншісінде бизнесмен болса, екіншісінде құрылысшы болып түрлі өзгерісті басынан кешіреді. Сөйтіп, өмірге қажет болатын барлық маман­дықты көреді. Ең соңында таңдаған ма­ман­­дығын әзірге айта алмаймыз, ол көре­ременге құпия болуы керек. Актерлік құрамда IQanat-тың оқушылары да бар. Бірақ біздің басты мақсатымыз – осы мектептің оқушыларын белгілі бір рөлге кіріктіру емес, балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін жетілдіру», – дейді жобаның атқарушы продюсері Аруана Серікбаева. 

Оның айтуынша, «IQanat» сериал мен шынайы өмірдегі білім беру жүйесінің арасында айтарлықтай айырмашылығы бар от­басы­лық көркем туынды. 

«Сериал бойынша балалардың сабақ өту үрдісі өзгеріске ұшырайды. Олар сабақтарын сыныпқа бөлініп өтпейді, Ақ орда, Көк орда, Қызыл орда сияқты топтарға бөлінеді. Одан бөлек, телесериал арқылы қазіргі ұрпақ тәрбиесін, білімдегі жетістіктерін көрсеткіміз келді. Бұл үшін ұлттық құндылықтарымызды, садақ ату, күрес сияқты дәстүрлі ойындарымызды максималды түрде көрсетуге тырыстық. Ұрпақ тәрбиесін көрерменге толық жеткізу үшін IQanat-тың жұмыс істеу жүйесінде бар дүниелерді қолдандық. Мәселен, Абайдың келтірген бес асыл ісін де көркем туындының негізгі идея­сына арқау еттік», – деді А.Серікбаева. 

Сериалдағы бас кейіпкер Айболдың рөлін ойнаған  – Саят Ата­бай. Ол – Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің 2-курс студенті. Айтуынша, бұл – жас актердің алғашқы ауқымды жобасы. Жо­ға­ры оқу орнын тәмамдаған­нан кейін әскерге барып, болашақта театрға келуді жоспарлап отыр. Қазір мектеп оқушы­ларының арасында өзекті болып отырған мамандық таңдау мәсе­лесін көрерменге жеткізу үшін барын сал­ған актер өзін кейіпкеріндей түрлі сала­да сынап көргісі келетінін айтты. 

«­Өзінің мамандығын таппай жүрген оқушының рөлін ойнау, алғашқы кезде мен үшін түсініксіздеу болды. Өйткені кейіпкер таңдауын өзгерткен сайын мінез-құлқы да өзгереді. Бір күйден екін­ші күйге ауысып, оған бейімделуім кіш­кене ұзаққа созылды. Кейін бұл рөлге де ендім. Жалпы, Айболды көрерменге сол қалпында жеткізу кезінде бастаған істі аяғына дейін жеткізу керегін түсіндім. Сонда ғана көздеген мақсатыңызға жете­сіз. Телесериалда IQanat-тың шы­найы өмірі толық көрсетілді деп ойлай­мын. Өйткені түсірілім барысында осы мек­тептің де оқушылары актерлік қыры­нан көрінді. Бұл менің басты рөлді ойна­ған жобам болғандықтан, арасында кейбір сахналарды қайта-қайта түсірдік. Мы­салы, терезеге қарап отырған Айбол­дың анасын сағынып, телефон арқылы сөйлесетін сахнасы бар. Басқа адамға өз анама болған сағынышты білдіру өте ауыр болды. Дегенмен осындай сахна­ларды өз деңгейінде алып шықтым деп ойлаймын», – дейді актер Саят Атабай. 

IQanat – Қазақстанның барлық өңі­рін­­дегі ауыл оқушыларын қолдауға ба­ғытталған әлеуметтік-білім беру жо­басы. IQanat Білім беру қорының ака­демиялық директоры Зухра Шегенова осы жоба туралы түсірілген сериалдар ауыл бала­лары­на құлаққағыс бола ала­ты­нын да жа­сырмады. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

«IQanat High School of Burabay мекте­бінің басты мақсаты – оқушыларға Қазақ­станның ең үздік және шетелдердегі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар IELTS, SAT, NUET ха­лықаралық емтихандарына дайын­дықты жүйелі түрде жүргізеді. Бүгінде аталған мектепте оқып шыққан ауыл мек­­­тептерінің оқушылары рейтингі жо­ғары оқу орындарына: Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago грантқа оқуға түсті. Мұндай мүмкін­дік­терді экраннан көрсету арқылы шетте жатқан ауыл балаларын білім алуға тарта ала­мыз», деді қордың академиялық ди­рек­торы. 

Зухра Шегенованың айтуынша, соң­ғы үш жыл ішінде аталған мектептің  36 оқушысы Назарбаев университетіне, 38 түлегі шетелдің үздік жоғары оқу орын­дарына грантқа түсіп, білім көк­жиегін кеңейтіп жүр. Айта кетейік,  IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіп­кердің қолдауымен жүзеге асып отырған білім беру жобасы. Қолдаушылардың ішінде ІnDrive негізін қалаушы Арсен Томский, елдегі ең ірі бастапқы бизнес қолдаушы Мұрат Әбдірахманов, TS Development компаниялар тобының иесі Серік Төл­басы, Kusto Group Pte Ltd басқа­ру­шы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаев, Atasu LOGISTICS негізін қалаушы Марат Жұман, G&G Glamour президенті Гаухар Қаппарова және бірқатар кәсіпкерлер қатарды то­лық­тырып тұр. Жомарт және ізгі жүректі жандар жобаны қолдай отырып, білім мен ынталандырып, бас­тап­қы мүмкін­діктер беру арқылы ауыл балаларының өмір сүру деңгейін өзгерту­ге баса назар аударды. Қор дерегінше, қазір ауыл бала­лары қалалық қатарлас­тарынан 1-1,5 жылға артта қалып отыр. Салдарында ауыл түлектерінің төрттен бірінен астамы ҰБТ-да шекті балл жинай алмауда.  

IQanat-тықтардың айтуынша, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектепте «Лига плюща» тобы өз жұмысын бастай­ды. Бұл – АҚШ-тағы түлектері бүкіл әлем­ге танымал ең беделді 8 жеке универ­ситет тобы. Олардың ішінде мемлекет басшылары, әлемдегі ең ірі компания­лардың жетекшілері, зерттеушілер, Но­бель, Пулитцер және басқа да халықара­лық сыйлықтың иегерлері бар. Өкінішке қарай, ауыл балаларына арналған әлем­дегі ең жақсы білім алудың ерекше мүм­кіндігі түсірілімін ерте бастаған теле­сериал­дың сценарийіне енбей қалды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ