Астананың қалалық сотында 4 маусым күні «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығында шыққан дауға қатысты іс апелляциялық сатыда қаралды.
«Болашақтың» болашағы бар ма?
1,580
оқылды

Азаматтық істің қозғалуына «Болашақ» стипендиясының грант иегері Валерия Гавриленконың өз міндетін орындамай, өзіне кепіл (гарант) болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьеваның басын дауға қалдырғаны себеп болған. Айта кетсек, 2019 жылы В. Гав­риленко «Болашақпен» оқыған оқуының шығынын өтемеген. Сондай-ақ екі пәтерін кепілден шығарып, өзі Ұлыбританияда қалып қойған. Сөйтіп, «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығымен түзілген келісімшартты орындамаған. Енді оқуға кеткен шығынды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Валерия Гавриленкоға кепіл болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан өндіріп алмақ. Шығын сомасы 30 млн теңгеге жуық.

Кепілгер Мақпал Дәрібаеваның айтуынша, 4 маусымда өткен сот оты­рысында «Болашақ» орталығы өкіл­дері арадағы дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат жолдаған. Соған байланысты іс тоқтатылып, сот алқа­сы­ның төрағасы екі тарапқа нақ­ты бір шешімге келгенше, 10 күн уақыт берген.

– Бізге арадағы дауды медиация ар­қылы шешуге уақыт берді. Біз заңсыз кепілден шығарылған екі үйдің бағасын есептеттік. Тәуелсіз сарапшылардың ба­ға­лауынша, ол 26 млн теңгеге жуық қа­­­­ражат болады екен. Оған қоса, В.Гав­ри­ленконың 1,3 млн теңге төлеген қара­жаты бар. Содан қалған 1,5 млн тең­­гені Наталья Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келі­семіз. Мен 2016 жылы В.Гав­ри­­­ленко кепілге екі үй қойып отырғандықтан ға­на гарант болу­ға келісімімді бер­ген­мін, – деді Мақпал Дәрібаева. 

Оның айтуынша, бұған дейін 2021 жы­лы В. Гав­­риленконың өзін ғана Халықара­лық бағдарламалар орталығы сотқа берген. Ол кезде кепіл­герлерді (Мақпал Дә­рібаева мен Наталья Во­робьева) сотқа берген жоқ. Сол сотта В.Гавриленко жеңі­­ліп, барлық шығынды өзі өтеуге ке­­ліскен. Бірақ биыл В.Гаври­ленконың өз міндеттерін орындамағаны үшін ке­пілгерлер де жауапқа тартылып отыр. 

4 маусымдағы өткен апелляциялық сотқа дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: 

«Заң бойынша екі кепілгер – М.Дәрі­баева мен Н.Воробьев ортақ жауапкер­шілікте. Яғни, олар келісімге қол қою арқылы бұл жауапкершілікті өз еркімен алды. Біз жағдайдың әділетсіз екенін түсінеміз. 2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екіжақты ке­лісімшартқа қол қойылды. Сол келі­сімшарттың арқасында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды, – деген болатын.

Белгілі болғандай, В.Гавриленко сот шешімі негізінде бір жылдан астам уақыттан бері ай сайын 100 мың теңгеден қарызын өтеп жатыр. Наталья Во­робье­ваның айтуынша, шын мәнінде қа­рыз өтеліп жатыр. Алайда ай сайын 100 мың теңгеден төлейтін болса, В.Гавриленко қарызын 27 жыл бойы төлейді. Сон­дық­тан «Болашақ» орталығы өкілдері қа­рызды қысқа мерзімде кепілгерлерден өндіріп алуды көздесе керек.

Гавриленко екі үйін кепілден қалай шығарған? 

Егер В.Гавриленко қарызын толық төлемеген болса, кепілге қойылған екі үйі қалай кепілден шығарылғаны туралы «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығын 2016-2019 жылдары басқарған Жанболат Мелдешовтан сұраған едік. 31 мамырда Orda.kz. сайтында шыққан мақалада Ж.Мелдешов «Бірін­шіден, мен мұны жанжал деп атамас едім, өйткені жанжал заңсыз әрекеттерді біл­діреді. Гавриленкоға қатысты жағдай, өкінішке қарай, «Болашақ» үшін қа­лыпты жағдай. «Мен адамдардан кепілдік алып, оны шәкіртақы деп айту, сосын оларды тұтқындай көріп, сотқа тарту дұрыс емес әрі тиімсіз екенін бір­неше рет айттым» деп мәлімдеген болатын. Біз осы мақа­лаға орай, Ж.Мелдешовтен «В.Гав­ри­ленкоға гарант болған М.Дәрібаева: «2019 жылы мамыр айында сол кездегі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма президенті болған Жанболат Мелдешов қол қойған құжатпен Валерия Гавриленко екі үйін кепілден шығарып алған», – дейді. Яғни, М.Дәрібаева, В. Гав­­риленко үйін кепілден заңсыз шы­ғарған деп отыр. Өзіңіз де «Болашақ» бағ­дарламасымен оқуын тоқтатқан көп­теген стипендиаттың мүлкін кепілден шығару секілді талай құжатқа қол қой­ғаныңызды, бұл заңсыздық емес, «Бола­шақ» үшін қалыпты жағдай болатын депсіз Orda.kz. сайтындағы мақалада. Әрі қарай не болады, сіздерді сыбайлас жем­қорлық үшін тексере ме? деп сұраған едік. 

– Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, қыл­мыстық іс қозғалған бір жыл бұрын, Бас прокуратураның шешімімен ол іс тоқтатылды. Екіншіден, заңсыз болып танылған, біздің екеуара қол қойған кепілден шығару туралы келі­сімшартта қол қойғанда қателік болды. Бірақ ешқандай қылмыс жоқ. Ол қате­лікті орнына келтіру үшін сол кезде Гав­риленкомен жаңадан келісімшартқа қол қойылды. Ол жерде Гавриленко қарызын өтеуге міндеттелді. Ол қарызды Гаври­ленкомен қоса, гаранттар да өтеу керек. Оны Халықаралық бағдарламалар ор­талығы қызметкерлерімен тараптар кез­десіп, барлық тарапты қанағат­танды­ратындай келісімге келу керек. Бұл еш­қан­дай шу, дау көтеретін мәселе деп ойламаймын өзім, – деді Ж. Мелдешов.

«Болашақ» Халықаралық бағдар­ла­ма­лар орталығы кезінде Гавриленконың үйін кепілден заңсыз шығарғаны туралы М.Дәрібаева: – «Болашақ» өз заңсыз­дығын өздері шешсін. Не үшін оған жауап бе­руіміз керек?! – десе, Наталья Воробьева «Болашақтың» ішкі былығына жауап беруге міндетті емеспіз деп отыр.

– «Болашақ» Халықаралық бағдар­ламалар орталығы біздің конституциялық құқықтарымызды бұзып отыр. Әріптесім Мақпал айтқандай, өзгелердің заңсыз­дығына біз неге жауап беруіміз керек? Орталық өздері кепілден пәтерді шы­ғарып алып, 2021 жылы өз құжатын заң­сыз деп танып, В.Гавриленконы шә­кіртақыдан айырды. Ал кейіннен оған оқуға кеткен шығынды өтеуді талап етеді. Бірақ Валерия елде жоқ. Шығынды өндіру керек болғасын орталық бізге не­гізсіз талап қойып отыр. 2019 жылдан бері бес жыл өтті. Бірақ бес жыл бойына қылмыскерлер анықталмады, қыл­­мыс­тық іс қозғалмады. «Болашақ» орталығы болып жатқан оқиғадан өз кінәсін көр­мей отыр ма? Біз орталықтың ішкі былы­ғына жауап беруге міндетті емеспіз. Не­ліктен ар-намысы бар азаматтар, «Бо­лашақта» болып жатқан озбырлық пен жем­қорлық кесірінен жапа шегіп, 30 млн төлеуі керек? Неге олар шығынды өзге­нің мойнына оңай іліп қоя салады?» – дейді Н.Воробьева. Сонымен қатар М. Дә­рі­баева өзінің болжауынша, «Бола­шақтың» лауазымды тұлғалары лауазым­дарын асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол беріп отырғанын айтты.

– Валерия Гавриленконың келі­сімшарт бойынша Қазақстан Респуб­ликасының территориясында 5 жылдық еңбек өтілін орындамағанына қара­мастан, кепілдікте тұрған бір емес екі пәтерді заңсыз кепілден шығарып бер­ген. Яғни, біздің қаржылық міндетте­мемізді біржақты, екі гарантты ешқандай ақпараттандырмастан өсіріп жіберген, – деді ол.

Біз Жанболат Мелдешовтен «Шудың дәл қазір шығуына қандай да бір мүдделі топтар бар деп ойлайсыз ба? Жалпы, бағдарламаның айналасында сыбайлас жемқорлық бар деп айта аласыз ба?» деп сұрағанымызда: 

– Дәл қазір бұл шудың көтерілуіне екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, маған деген қарсы істеліп жатқан іс-әрекеттер немесе қазіргі Халықаралық бағдарла­малар орталығы қызметкер­лерінің не істерін, қалай жұмыс істеу керек екенін, қалай шешімге келу керегін білмеуінің салдары. Яғни, кәсібиліктің кемшін түсіп жатқаны. Жалпы, Қазақстанда қазір қаражат бар жерде сыбайлас бар, кор­рупция бар. Оны мойындау керек. Өкі­нішке қарай, ол жалғыз «Болашақ» бағ­дарламасының айналасында емес, бар­лық жерде де бар, – деп жауап берді ол. 

Бағдарламаның жабылуын қалайтындар бар

«Жығылғанға жұдырық» дейміз бе, қазір «Болашақ» бағдарламасының «ба­сына» қара бұлт төндірушілер аз емес. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова «Болашақ» бағдарламасы қажет емес екенін айтады. Бұған дейін сенатор Андрей Лукин «Болашақты» иммиграция құралына айналып кетті деп сынаған болатын. 

Осы орайда біз Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орын­басары Айнұр Кәрібозоваға хабарласқан едік.

– Осы күндері белсенді болашақтықтар өзіміздің қарапайым отбасынан шығып, "Болашақтың" арқасында шет көріп қана қоймай, қатардағы емес әлемнің маңдайалды оқу орнында озық білім алып, елге оралып, ел игілігіне қызмет етіп, үздік орта қалыптастырып жатқанымызды айтып, кезекті ақталумен болудамыз, – деді Айнұр Кәрібозова.

Елімізде адами капиталды дамытып, ғылым мен білімге негізделген экономика құрудың маңыздылығы күн өткен сайын өзекті болып келеді. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы жоғары білім мен ғылымды елдің инновациялық өр­кендеуіне арнауға және жастардың кәсі­билігін қамтамасыз етуге деген сұраны­сын арттырып отыр. Осы орайда «Бола­шақ» Халықаралық бағдарламалар орта­лығының басшысы Әлия Оспанова бү­гінде стипендия иегерлері республи­ка­ның сапалы менеджментін құрап отыр­ғанын айтты.

– Инженерлік-техникалық қызмет­керлер қатарындағы «болашақ­тықтар» өндірісте еңбек етеді. Жаңа отандық өнім­дер мен жұмыс әдістерін әзірлейді. Бүгін біз табысты кәсіпкерлерге айналған және жыл сайын мемлекет бюджетін мил­лиардтаған теңгемен толықтыратын жүздеген кадрды көріп отырмыз. Олар шетелден жаңа идеялар, тәжірибе, дағ­дылар әкеледі, – дейді Әлия Оспанова.

Сондай-ақ Айнұр Кәрібозованың айтуынша, қазір ел халқының саны 21 миллионға жетті. Оның 9 мил­­лионы еңбекке жарамды азаматтар бол­са, 4 миллионға жуығы әртүрлі жастағы жастар.

– «Болашақ» шеңберінде 30 жылда 12 мыңнан астам ғана түлек оқып келді. Елдік масштабта аса көп емес сияқты. Бі­рақ осы 12 мың түлектің әрқайсысы бол­маса да, басым көпшілігі өз оқуына жұмсалған салық төлеушілердің қара­жатын тікелей немесе жанама қайтар­ғандар. Бір ғана мысал келтірейін: кіші және орта бизнесте жүрген «болашақ­тық­тар» қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, жылына мысалға бір түлек 2 млрд теңге салық төлеген. Яғни, оқуына жұмсалған қара­жатты біржылдық салығымен ғана мың есе қайтарып тастағанының дәлелі бар. «Болашақ» бағдарламасы, тағы да сы­зып айтамын, әлі де мыңдаған қара­па­йым отбасынан шыққан білімді аза­мат­қа шетелге шығып, озық білім алып, зерт­­теу жүргізіп, ғылыми дәреже иеле­ну­ге мүмкіндік беретін бірегей бағдар­лама. Бағдарламаны жаппау керек, ны­­сан­дылығын күшейтіп, тиім­ділігін арттыру жолдарын алға тарту керек, – деді ол.

Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» па­­р­­тиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза: «Болашақ» бағдарламасы жабылса, елді көтеретін буынның та­мырына балта шабамыз», – дейді.

– Президент бағдарламасымен оқы­ған 3-4 қылмыскер мен жемқорды алға салып, бағдарламаны жабуды талап ететін азаматтарды көзім шалып қалды. Айтайын дегенім, «Болашақ» бағдар­ламасының арқасында талай кедей және орташа отбасыдан шыққан жастар шетел көрді, білім алды, мемлекеттік сектордың орта деңгейінде қызмет етіп, елге пай­дасын келтіріп жатыр. Еуропа мен АҚШ, Канада мен Қытайда білім алуға 80% қазақстандықтардың қалтасы көтер­мейді, нәтижесінде ғылыми прогресс пен дүниежүзілік бәсекелестіктен артта қа­ламыз. Әрине, бүгінгі буын ол қатерді сезінбей өтеді, қиналатын сол неме­релеріміздің буыны. Тоқетері «Болашақ» бағдарламасына талаптарды күшейтіп, іріктеу процесін қатаңдатып, бірақ жастарды жіберуді тоқтатпау керек. ТМД мемлекеттерінің арасында ондай бағдар­лама жоқ, не болып жатқанын көріп отырмыз. Өз сорпасына өздері малынып отыр. Жаһандану процесіне есе жіберуге болмайды, – дейді Самат Нұртаза.

«Болашақ» бірегей жоба ма?

«Болашақ» бағдарламасы шынымен баламасы жоқ бірегей бағдарлама ма? Оның елімізде адами капиталды дамы­туға, еңбек нарығының қажеттілігін кәсіби мамандармен толықтыруға қоса­тын үлесі қандай? Бағдарлама 30 жылдық тарихында өзіне жүктелген міндетті ақтай алды ма? Мақала жазу барысында туындаған сұрақтарға қа­тысты бірқатар маманға жүгіндік. «Бола­шақ» Халық­аралық бағдарламалар орталығының экс-басшысы Ж.Мелдешовтың айтуын­ша, «Бағдарлама өзіне жүктелген міндетті толық ақтады ма дегенге келер болсақ, алдымен әрбір стипендиатты жеке қарау керек. Кейбір түлектер толығымен ақ­тады, асырып та ақтады».

– «Болашақ» бағдарламасы қазақ жастарының шетелге барып, үздік уни­верситеттерде оқып, білім алып, елге келіп, елге пайдасын тигізіп жатыр. Әри­не, бұл бағдарламаны жалғастыру керек. Бірақ жалғастырған кезде рефор­малар жасау керек, өзгерістер енгізу керек. Қазір «Болашақ» бағдарламасын толық мемлекет төлейді, бірақ әлемде өте сапа­лы және шығын талап етпейтін, былайша айтқанда тегін мықты білім бере алатын университет көп, сол мүмкіндікті көптеп пайдалану керек, – деді ол.

Сарапшы мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде адам капиталының дамуы, білікті маман, кадр тапшылығы – өте күрделі мәселе. Жылдан жылға халық­тың саны өсіп, бірақ сапасының төмендеу процессі күрделеніп бара жатыр.

– Биыл жылдың басында Дүние­жүзілік банк Қазақстан экономикасы бойынша өзінің кезекті баяндамасын шығарған болатын. Сол баяндамада, өкінішке қарай бірнеше жыл қатарынан Covid-19 пандемиясынан бері келе жатқан қорытынды өзгермеген, соның ішінде елімізде адам капиталының ұлттық байлыққа жасап жатқан үлесі төмен кірісті елдердегідей, және жо­ғары кірісті елдердің орташа көрсет­кішінен әлдеқайда төмен деп бағаланған. Сондықтан менің ойымша, адамды жұмыс күші емес, құнды адам капиталы ретінде қарастыратын мәдениетті қалып­тастыратын уақыт келді. Отбасы, ата-ана, одан кейін балабақша мен мектеп тәрбие мен білім беруді, ал әрбір жоғары оқу орны тек маман дайындауға ғана мән бермей, Абай хакімше айтсақ, толық адам, тұлға қа­лып­тастыруды мақсат етуі керек, – деді Айнұр Кә­рі­бозова.

Ал толық адам, тұлға қалыптастыруға «Болашақ» бағдарламасының қосып жатқан үлесі зор. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ай­туынша, «Болашақ» стипендианттары арасында мемлекет алдындағы борышын өтемеген түлектердің үлесі 2 пайызға да жетпейді.

– Бағдарлама шартын орындамаған немесе бұзған, соның ішінде шетелге кетіп қалған түлектердің саны 200-ден асады. Пайызға шақсақ, көпшілік ойлап жүргендей үлкен емес, 2 пайызына да жет­пейді, – деді министр. Десе де, ха­лықтың көңілі қалған кейбір "шенеуніктердің" «Болашақ» түлегі екені ой­лан­дырмай қоймайды.

Ал ұлт тарихында С.Сәдуақа­сов, Ә. Бай­ділдин, Е.Ал­­доңғаровтар бірігіп, 1922 жылы ҚазОАК мен ҚазАКСР-і Халық ағарту комис­­сариатына «Шығыс үшін буржуа­зиялық Еуропа «мәде­ние­тін» қабыл­даудың қа­же­ті жоқ. Шығысқа еуро­палық дамыған техника, тек тех­ника ғана ке­рек» деп хат жолдағанын  ескер­сек, «Бола­шақ­тың» айналасындағы әңгі­мелерге нүкте қойы­лып, оның мем­лекетті білікті кадрлармен қамт­амасыз ету, адами ка­питалды дамыту миссия­сына сызат түс­пегені керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ