Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім-ай…
Жұмат Шанин баласын неге Мәскеуде жерледі?
Фото: Almaty.tv алынды
5,318
оқылды

Құрметті оқырман, бұл жолдарды оқи бастағаныңызда әнді әуенімен айтып кеткен боларсыз. Ән тарихын зерттеушілер бұл 1916 жылы соғысқа аттанып бара жатқан сарбаздың әні дейді. Соғыс дегеніміз – Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914-1918 жылдары). Қырғынның бел ортасында Ресейге әскер жетпей, Орта Азия халықтарын да жаппай жинап алып кетеді. Осылардың қатарында «Самал таудың» авторы да, бүгінгі мақаламызға өзек болып отырған Жұмат Шанин де бар.

Жұмат Шанин 1892 жылы Баянауылда дүниеге келген. Әкесінің есімі – Тұрғынбай, анасы – Қалия. Шана – үлкен әкесі, яғни Жұматтың атасы екен. Осы атасы бала Жұматты он жастан асқанда жыл сайын Қоянды жәрмеңкесіне апарып жүрген дейді. Десе де өнер атаулыны алғаш нағашыларын үйренген екен. Жас дарынды домбыраға баулып, ән мен күйді алғаш үйреткен нағашысы Алтыбай болса керек. Бұл дерек «Кереку-Баян кітапханасы» сериясымен 2003 жылы жарық көрген «Жұмат Шанин» кітабында берілген. Оқып-жазуды алғаш ауыл молдасынан үйренеді. Кейін әкесімен Омбыға ілесіп барып жүргенде, татар молдалардан орыс әліппесін де меңгеріп алады.

Осылайша, жиырма жасқа жеткенде ілім-білім іздеп Омбыға қайта барады. Алғашында қара жұмысшы болып жүріп, қара нан мен суға өмір сүрген дейді. Кейін жағдайы жақсарып, мұғалім жалдап, үйреніп, бухгалтерлер курсына түседі. Бір жылдан кейін Омбыдағы Машинский зауытында бас есепшінің көмекшісі атанады. Шамамен осы уақыттарда Омбы семинариясында оқып жүрген Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақовтармен танысып, «Бірлік» ұйымының ісіне де араласады.

Осы уақыт жайлы атақты Ермек Серкебаевтың әкесі, педагог Бекмұхамед Серкебаев айтты деген келесідей естелік бар: «Мен ұмытпасам, не 1913 жылдың, не 1914 жылдың қысы болса керек. Жұмат Шанинмен бір пәтерде тұрдым. Үй иесі орыстың кәрі шалы болатын. Жұматтың менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Және бұрын Омбыға келіп-кетіп жүргендігінен бе, әлде зейінділігінен бе, әйтеуір әжептәуір тіл біліп алған. Сергек, жинақы, жұмыстан қолы босаса айналдыратыны кітап. Менің таң қалғаным оқитыны әңгіме кітап емес, көбінесе пьеса кітаптары еді». 

Сөз басында жазып кеттік, 1916 жылы әскерге адам жинау басталды. Оң мен солын енді түгендеп келе жатқан Жұмат та тізімге ілініп, 12 инженерлік армияның құрамына алынады. Инженерлік армия дегеніміз – окоп қазып, ауыр артиллерияны тасып жүретіндер. Қысқасы, қазақтарды қара жұмысқа жеккен. Егер бірдеңеге келіспесе ұрып-соққан. Бұныменен күреспек болып, жиналыс ұйымдастырып жүрген Жұматтың басшылықтан көрмеген қорлығы жоқ. «Осы үшін офицерлер тарапынан таяқ жеді. Апталар бойы зындандай құлазыған суық карцерде жападан жалғыз азап шектім. Денсаулығым сонда құрыды», – деп Жұмат Тұрғынбайұлы жазып кеткен екен. Келесі жылы Ресейде революция болып, майданда жүрген барлық жауынгерлер елге қайтады.

Елге келген Жұмат алдымен Зайсанда (ШҚО), кейін Семей қаласында үкіметтің жұмысын істеп, үлкенді-кішілі қызметтер атқарады. Осы уақытта шығармашылықтан да қол үзбей, 1925 жылы Семейде шыққан «Таң» журналының бірінші санында «Торсықбай қу» атты бір бөлімді пьесасын жариялайды. Ал бір жыл бұрын, 1924 жылы «Арқалық батыр» трагедиясын сахналайды. Осы жылдары Семейде атақты «Ес аймақ» труппасының гүрілдеп тұрған кезі. Смағұл Садуақасовтың 1925 жылғы «Еңбекші қазақ» газеті «Ұлт театры туралы» мақаласында Жұматтың осы шағы туралы келесідей жазған: «...Осы күні Семей жақта жүрген Жұмат Шанинді ескерейік. Бұл жігіт – театр үшін барын салатын адам. Жұмат Зайсанда жүргенде әжептеуір сахна жасап жүрді. Семейге келгенде де пьесалар қойыла бастады. Жұмат – өзі артист, өзі жазушы. Оның «Арқалық батыры» кәдімгідей маңызы бар кітап».

Жұмат Шаниннің Сәкен Сейфуллинге жазған хаты

Ал 1926 жылы үкіметтің арнайы тапсырмасымен Қызылордаға жөнелтіліп, қазақтың тұңғыш театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі атанады. Осы қызметінде қазақтың, орыстың, әлем классиктерінің пьесаларын сахналап, зор ықыласқа бөленеді. Нәтижесінде республикада алғаш рет берілген «Халық әртісі» атағы Жұмат Шанинге бұйырады. Бұл – 1931 жыл.

Бірде Жұматқа біреу «Қазақта би болмаған» деп уәж айтқан екен. Сонда ол: «Қоғам ортасында не нәрсе жоқ болса, онда атауы да жоқ болмақ. Бұрын қазақтың билегеніне, қазақта би болғандығына «би» деген сөздің барлығы дәлел. …Би мәселесіндегі біздің творчествомыз примитив емес, көбінесе күншығыс елдерінің классикасына пайдалана отырып, тақырыбын пьесаға байланысты ұлт ойындарынан туғызып отырамыз» деген екен. Және де зерттеушілер «Бүркіт-қоян», «Өрмек би», «Кигіз басу», «Шашу» билері Жұмат Шаниннің идеясымен қойылған дейді.

1936 жылы мамыр айында Мәскеуде Қазақ өнерінің онкүндігіне аттанады. Арасында Жұмат Шанин мен жұбайы Жанбике де бар. Жанбикенің қолында кеше ғана дүниеге келген екі айлық сәбиі жүр. Жол алыс. Суық тиді ме, жел тиді ме кім білсін, екі күннен кейін шақалақ қатты ауырып қайтыс болады. Пойызда кетіп бара жатқан қазақ тобы үн-түнсіз. Сонда Жұмат тұрып: «Ешкімге айтпайық, қазір пойыз басшысы еститін болса бәрімізді жолда түсіріп кетеді. Осы жүргенмен Мәскеуге жетейік» дейді. Кейін діттеген жерге жеткен соң, баласының өлі денесін алып, татар моласына арулап қойған екен.

Бір жыл өткен соң репрессия салқыны басталады. Бұл салқын Жұматқа да әсер етеді. Осы кезде Орал қаласында  қазақ музыка-драма театрын құрып жүрсе керек. Оралдан Алматыға жеткізіліп, айып тағылады. Архив деректерге сүйенсек, Жұмат 1937 жылдың 15 қазанында тұтқындалған. Жабар жаласы баяғы 58-статья. Жұматтың немересі Болат Шанин бірнеше ТВ хабарларда ҰҚҚ арнайы құпия қорына кіріп, атасының жеке ісін оқығанын айтады. Тергеушінің «1936 жылы Мәскеудегі декадада «Қыз Жібек» пьесасы неге 10 минут кешігіп басталды?» деген сұрағына, Жұмат «Ол кезде біз Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенев және мен үшеуіміз осы уақыт ішінде 2-қабатқа тез көтеріліп, Сталинді өлтірмекші болдық» деп жауап беріпті-мыс. Осы айып негізінде өлім жазасы кесіліп, 1938 жылдың ақпан айында атылады. Жиырма жылдан соң «қылмыс құрамы жоқ» деп 1958 жылы толық ақталады.

Бұған дейін Репрессия жылдары атылып кеткен күйшілер  туралы жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.