Ерлан Қошанов қазіргі Салық кодексінде орта бизнесті дамытуға тиісті жағдай жасалмай отырғанын жеткізді. Керісінше, ондағы талаптар салық заңнамасын бұзып, тіпті оны айналып өтуге итермелейді.
«AMANAT» партиясы фракциясының отырысында салық жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды
938
оқылды

Бүгін Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында депутаттар Үкімет мүшелерінің жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша есебін тыңдады. Депутаттар бұл ел экономикасына, әрбір кәсіпкерге және салық төлеушіге тікелей қатысы бар ең күрделі және жан-жақты талқыланатын заң жобасы екенін атап өтті.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеуді екі жыл бұрын тапсырғанын атап өтті. Президент салық саясаты әділ, ашық, тұрақты және барлығына бірдей түсінікті болуы керек екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

«Бүгінде қоғам жаңа Салық заңнамасынан үлкен үміт күтеді. Жаңа заң жобасы қазіргі салық саясатына қатысты барлық мәселені шешіп, Президент жариялаған жаңа экономикалық саясаттың негізін қалауға тиіс. Салық жеңілдіктері тек фискалдық мақсаттарды көздемеуі және жекелеген салаларға лоббизм жасамауы керек. Олар болашаққа бағытталып, ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуымен өзара байланысты болуы тиіс», – деді ол.

Ерлан Қошанов қазіргі Салық кодексінде орта бизнесті дамытуға тиісті жағдай жасалмай отырғанын жеткізді. Керісінше, ондағы талаптар салық заңнамасын бұзып, тіпті оны айналып өтуге итермелейді.

«Орта бизнес сапалы экономиканы дамытудың нағыз қозғаушы күші болуы керек. Бұл – халықаралық тәжірибе. Бәріміз білетіндей, орта тап қаншалықты күшті болса, экономика соншалықты тұрақты және мықты болады. Сондықтан біз орта бизнестің дамуы үшін реттеуші және салықтық жағдай жасауымыз керек», – деп атап өтті партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етудің басты құралы ретінде цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударды. Салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету үшін цифрландыру жұмысы толыққанды жүргізілуге тиіс.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттарға жаңа Салық саясатының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы салықтар санын кем дегенде 20%-ға қысқарту міндетін қойды. Осыған байланысты бірыңғай жер салығын салықтың жеке түрі ретінде жою, сондай-ақ алымдардың 6 түрін және мемлекеттік баждардың 5 түрін қысқарту ұсынылады. Бұған қоса, азаматтардың зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату, сондай-ақ «сән-салтанатқа», оның ішінде жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілеріне салынатын салық мөлшерін арттыру жоспарлануда.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық есептілігін қысқарту бойынша ұсынылған шараларға тоқталды. Бизнес субъектілері декларациялар мен салық есептерін уақытылы өткізбегені үшін жауапқа тартылмайды. Егер салық міндеттемелері 1 млн теңгеден кем болса, мүлік пен жерге салынатын, сондай-ақ заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша есеп беруді алып тастау ұсынылады.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Татьяна Савельева жаңа Салық кодексінің жобасын Парламентке енгізу 2023 жылғы желтоқсаннан осы жылдың тамыз айына ауыстырылғанын еске салды.

«Мерзімі неғұрлым кейінге шегерілген сайын, салық төлеушілердің, сарапшылар қауымдастығының, инвесторлардың түсініспеушілігі мен күмәні соғұрлым арта түседі. 2030 жылға дейінгі салық саясатының Тұжырымдамасы әлі қабылданған жоқ. Тиісінше, салықтық ынталандыру тетігін қай тұста қосу, қай тұста қатаңдату керек екені, бұл қадамдар бюджет кірісіне қалай әсер ететіні туралы нақты көзқарас жоқ», – деді ол.

Үкімет өкілдері депутаттардың жаңа Салық кодексіне және қазіргі салық саясатындағы мәселелерді шешуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Үкіметке жаңа Салық кодексі бойынша жұмысты жеделдету қажет екенін және құжат мерзімінде Мәжіліске енгізілуге тиіс екенін атап өтті. Бұл жұмысқа депутаттар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қосылуға тиіс. Бұл жұмыс Бюджет кодексінің жобасымен қатар қарастырылуы керек. Осы мәселе бойынша Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның жеке отырысы өтеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.