Орал қаласында үйлері суға кеткен саяжайлықтарға үй беріле бастады. Үш айға жуық ағайын тума мен эва­куациялық пунктті жағалап өмір сүрген саяжай­лық­тар өз баспаналарына қол жеткізіп, мәре-сәре бол­­ып жа­тыр.
Саяжай халқы баспаналы болды
837
оқылды

Батысқазақстандықтар үшін биылғы көктем жайсыз болды. Қыс­тан аман шықтық па деп әупірімдеп көктемге жеткеніне қуанған халықтың қуанышын аяқасты еріген қарғын су бұзды. Алдымен Сырым, Қаратөбе, Теректі аудандары қарғын сумен күресті. Оның бетін қайтара бергенде облыстағы ірі өзендер тасып, қала іргесіндегі саяжай біткеннің бәрі судың астында қалды. Мамандар 15 мыңға жуық саяжай учаскесін су басты деп отыр. Сол қала маңындағы саяжайда 20 мыңнан астам адам тұрады. Суға кеткен 1,2,3, және Нұрлы жол саяжайларында хал­ық тығыз қоныстанған. Өкініш­ке қарай, саяжайлардағы су әлі кетпеді. Тек кейбір аймақ­тар ғана дегдіп, мамандар өтіп, тех­ни­калық тескеріс жүргізіп жатыр. 

Бірақ осыған қарамастан жақсы жаңалық та, қуанышты күндер де бар. Орал қаласының маңында саяжайда тұратын тұрғын­дар үйлі бола бастады. 

Саяжайдағыларға үй тек бір ғана талаппен беріледі. Саяжайда жалғыз баспанасы болуы керек. Әзірге Орал қаласында ірі кәсіпорынның қаражатына 50 үй сатып алынған.

Үйлі болған отбасылардың қатарында Шәкіровтер отбасы бар. Олар саяжайдағы үйлерінің орнына су жаңа пәтер алып отыр. Шәкіровтер отбасында бес бала бар. Отбасы 13 жыл бойы қала іргесіндегі 1-саяжайда тұрыпты. 

– 13 жыл бойына саяжайда тұрдық. Бүгінге дейін 5 баламен эвакуациялық пунктте тұрып келдік. Шынымды айтайын, тез арада үйлі боламыз деп ойлама­дық. Қуанышымызда шек жоқ, бәріне ризашылығымды білдіремін, – дейді Ләйла Шәкірова. 

 Жасыратыны жоқ, саяжайда тұру да оңай шаруа емес. Қаладан қашықтығы бар, оның үстіне қо­ғам­­­­­дық көлік қатынамайды. Мек­теп, балабақша, емхана дегендер атымен жоқ. Қаладан үйлі болып жатқандар осы қиындық­тың бәрі артта қалғанына риза. Ен­ді олар қала ортасындағы әде­мі, жарық жаңа пәтерде тұра­ды. 

Бүгінде комиссия саяжайдағы 3 мыңнан астам адамның үйін жалғыз баспанасы деп таныпты. Бірақ бұл сан әлі өзгереді. Себебі су кетпей, комиссия өте алмай тұрған саяжайлар бар. 

– Саяжайда тұратын азамат­тар­дың қатарында 120-150 шаршы метрлік үлкен үй салып ал­ған­дары бар. Олардың қалада 20-25 шаршы метрлік бір бөлмелі жатақханалары бары анықталды. Әзірге, осындай 100 шақты отбасыны анықтадық. Бұдан бөлек, 300-дей азаматтың ауылдық жерде тіркеуде тұрған үйлері бары анықталды. Бірақ ол үйлер қазір жоқ, бұзылған. Азаматтар кезінде қалаға көшкенде өз аттарынан сол үйлерді шығармаған. Біз осы жоғарыдағы екі топқа да түсіністікпен қарап отырмыз. Оларға үй береміз. Немесе үй­лерін жөндейтін қаржы бөле­міз, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов.

Жалпы, қалада қазір 62 сая­жайлық үйлі болды. Ал эвакуа­ция­­­­лық пункттерде әлі күнге дей­ін 2 242 адам тұрып жатыр. Айта кетейік, жалпы облыс бой­ынша 401 үйдің құрылысы жүру­де.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы