Жаратылған ғалам әртүрлі радиосигналдарға толы. Бірақ соңғы 17 айда астрономдар сағат сайын қайталанатын түсініксіз сигналдар жіберіліп жатқанын айтады. Олардың физикалық шығу тегі ғалымдарға мүлдем түсініксіз.
Сенсация: ғарыштан белгісіз біреулер 54 минут сайын қайталанатын радиосигналдар жіберуде
Астрономдар сағат сайын қайталанатын түсініксіз сигналдарды тіркеді. Олардың кім жіберіп жатқанын ғалымдар түсіндіре алмай жатыр. Иллюстрация hi-news.ru сайтынан алынды
20,736
оқылды

Жұмбақ радиосигналдар туралы алғашқы мақала Nature Astronomy ғылыми журналында жарияланды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz белгісіз радиосигналдардың шығу тегін талдайды.

Аустралиялық CSIRO мемлекеттік зерттеу мекемесінің ASKAP телескопы 2012 жылы қолданысқа берілген. Фото авторы: Ant Schinckel, CSIRO

Сигнал алғаш рет Аустралиядағы ASKAP радиотелескопының деректерінде пайда болған. Бұл телескоп бір уақытта қысқамерзімді импульстарды іздеу үшін аспанның үлкен бөлігін бақылайды. Осы телескоппен жұмыс істейтін зерттеушілер 53,8 минут сайын қайталанатын жұмбақ сигналдарға ASKAP J1935+2148 деген ресми ату берген.  

Ғалымдардың түсінбей отырғаны сигналдардың үш түрлі күйде сағат сайын қайталануы болып отыр. 

Бұрынғы білімге сүйеніп, зерттеушілер сигналдардың шығу тегін біршама түсіндіргенімен, оны қазіргі біз білетін физикалық теориямен түсіндіру мүмкін емес.

Сигнал үш түрлі күйде қайталанады. Ол кейде 10-нан 50 секундқа дейін созылатын жарқыл арқылы беріледі және радиотолқындар мақсатты түрде бір ғана бағытта «жіберіледі». Ал кейде нысан сигнал жіберіп алып, үнсіз қалады. Иллюстрация Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Fotodom

Қалай болғанда да, сигнал үш түрлі күйде қайталанады. Ол кейде 10-нан 50 секундқа дейін созылатын жарқыл арқылы беріледі және сызықты поляризация түрінде таралады, қарапайым тілмен айтқанда, радиотолқындар мақсатты түрде бір ғана бағытта «жіберіледі». Екінші және үшінші күйде оның импульстарының таралу бағыты өзгеріп тұрады және әлдеқайда әлсіз болып тек 370 миллисекундқа созылады. Ал кейде нысан сигнал жіберіп алып, үнсіз қалады.

Ғалымдар: «Егер сигналдар аспанның бір нүктесінен шықпаса, біз оның әртүрлі сигналдар жасайтын бір ғана нысан екеніне сенбейтін едік». Иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды. Авторы: OzGrav / Carl Knox

«Бір қызығы, бұл нысан сәуле шығарудың үш түрлі күйін көрсетуде, олардың әрқайсысының қасиеттері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Оңтүстік Африкадағы MeerKAT радиотелескопы осы жағдайларды ажыратуда маңызды рөл атқарды. Егер сигналдар аспанның бір нүктесінен шықпаса, біз оның әртүрлі сигналдар жасайтын бір ғана нысан екеніне сенбейтін едік», – дейді зерттеу жетекшісі доктор Маниша Калеб.

Сонымен, мұндай оғаш радиосигналдың артында не жасырылуы мүмкін? Осыны түсіндіріп көрейік: бұл өзге ғаламшарлықтар ма? Ғалымдар бұл сұраққа «мүмкін олар емес шығар» деп жауап береді.

Ғалымдардың пікірінше, сигналдардың ең ықтимал шығу тегі нейтрондық жұлдыздан немесе «ақ ергежейліден» болуы мүмкін. Бірақ бұл екі нысанның біз білетін қасиеттеріне сигналдардың табиғаты сәйкес келмейді.

Нейтрондық жұлдыздар мен «ақ ергежейлілер» өте ұқсас ғарыш объектілері. Олардың екеуі де үлкен жұлдыздардың жойылуынан туады және бастапқы үлкен жұлдыздың массасына байланысты олар нейтрондық жұлдыз немесе «ақ ергежейлі» болып бөлінеді.

Сигналдарды нейтрондық жұлдыздар жіберуі мүмкін. Бірақ олардың біз білетін қасиеті мұндай сигналдар жібере алмайтынын көрсетеді. Иллюстрация University of Manchester сайтынан алынды. Авторы: Kristi Mickaliger

Нейтрондық жұлдыздар үнемі радиотолқындар шығаратыны белгілі, сондықтан сигналдарды шығаратын солар деген жорамал күштірек. Мұндай әртүрлі сигналдар олардың күшті магнит өрістері мен күрделі плазма ағындары арасындағы өзара әрекеттесу нәтижесінде жасалуы мүмкін.

Бірақ тағы бір түсініксіз мәселе бар: олар әдетте бір секундта бір айналым жасайды немесе секундтың аз бөлігіндей жылдамдықпен айналады.

Олар үшін 54 минут сайын баяу айналу физикалық жағынан мүмкін емес. Екінші жағынан, «ақ ергежейлілер» соншалықты баяу айнала алады, бірақ зерттеуші команда айтқандай, «біз «ақ ергежейлілерде» мынандай  радиосигналдардың қалай пайда болатынын білмейміз».

Ғарыштан қайталанатын радиосигнал ғалымдарды таңғалдырған бірінші оқиға емес. Тағы осындай жағдай бірнеше жыл бұрын 18 минутта қайталанып тұратын сигналдарда болған. Ал қазіргі 54 минуттық циклда қайталанып тұратын жаңа сигналдар одан әлдеқайда ұзақ және жұмбағы күрделі болып тұр. Сигнал ерекше нейтрондық жұлдыз ба, қол жетпес «ақ ергежейлі пульсар» немесе басқа нәрсе ме, тек көбірек бақылаулар арқылы жауап беруге болады.

«Бұл тіпті нейтрондық жұлдыздар немесе «ақ ергежейлілер» туралы ондаған жылдар бойы қалыптасқан түсінігімізді қайта қарауға итермелеуі мүмкін. Олар радиотолқындарды қалай шығарады және біздің Құс жолы галактикасында олардың популяциясы қандай?», – дейді Калеб.

Зерттеу Nature Astronomy журналында жарияланған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.