Ол «мүгедек болып қалмайын» деген ой келіп, ажырасу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
«5 жыл бойы таяқ жедім»: «Меломен» тобы әншісінің бұрынғы әйелі жан сырын ақтарды
Фото: әлеуметтік желі
2,087
оқылды

Нұрилла Ақберген «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлымен ажырасуына не себеп болғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.     

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған Нұрилла Ақберген журналист Анна Данченкоға сұхбат берді. Ол «мүгедек болып қалмайын» деген ой келіп, ажырасу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

«Алты жарым жылдай бірге өмір сүрдік. Бізге ешкім араласқан жоқ. Ажырасу менің шешімім болды. Екі адамның бірі осы ойға бекінсе, оған үшінші адамның қатысы жоқ. Қазір әйел құқығы қатты қорғалып жатыр. Осыған мен қатты қуаныштымын. Бес жыл үйде отырдым. Бес жыл таяқ жеп өмір сүрдім. Осы аралықта керемет тамақ істеп, үй шаруасымен айналыстым. Бірақ ата-енемен бірге тұрмағандықтан, қандай келін екеніме баға бермей-ақ қояйын», – дейді Нұрилла Ақберген.

Оның айтуынша, ажырасқаннан кейін алимент те сұрамаған.

«Үш баламен ажырасып, екі жылдан бері бөлек тұрып жатырмын. Ажырасқаннан кейін балаларға алимент те сұрамадым. Ол кісі тек балабақшасын ғана төлейді. Біздің ортақ келісіміміз осы болған. Одан кейін мүмкіндігінше ақшасы артық қалып жатса беріп тұрады. Өзім еңбекке ерте араласқандықтан, қаржылай тәуелсіз болдым. Декретте отырғандықтан табыс табуды үйреніп алдым. Ақшам болған соң, алиментке басымды ауыртқым келмейді. Соңғы кезде «алиментке беремін-ау» деген ой келіп жүр. Ауызекі келісім ештеңені шешпейді екен. Бәрі заң жүзінде болғанын қалаймын», – деді блогер.

Нұрилла Ақберген тұрмыста болған жылдарда күйеуінің қол көтергенін ашық айтты.

«Жеке парақшама шындықты жаза бастағанда ол кісінің туысқандары маған ренжіді. «Елге танымал өнер адамының атына күйе жақтың» деп айыптады. Сол кезде менің намысым мен арымды ешкім ойлаған жоқ. Бәрі балалы болғаннан кейін басталды. Мен жалған үмітпен өмір сүрдім. Адам өзгереді, отбасылық өмір осындай кезеңдерден тұруы керек деп қате түсінік таныттым. Бишімбаевтың ісін көріп отырып, қатты ауыр күйге түстім. Өйткені ешқашан өліп қаламын деп ойламайды екенсің. Соңғы кездегі соққыдан кейін, «мүгедек болып қалмаймын ба, менің кетуім керек» деген ой келді. Шапалақпен ұрдым дегенінің өзі – үш жұдырық. Соны түсіну керек», – дейді Нұрилла Ақберген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.