Екі ел президенттері Қазақстан мен Кореяның танымал мәдениет қайраткерлерінің, өнер ұжымдарының концертін тамашалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады
Фото: Ақорда
562
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шараға дейін мемлекет басшылары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының фойесіне қойылған «Ұлы дала алтыны» көрмесін аралап көрді.  

Көрмеге алтыннан жасалған археологиялық тарихи жәдігерлер, соның ішінде басты экспонат ретінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкцияланған киімі мен қару-жарағы қойылған.

Екі ел президенттері Қазақстан мен Кореяның танымал мәдениет қайраткерлерінің, өнер ұжымдарының концертін тамашалады. Бағдарлама аясында шетел композиторларының туындылары, әлемге әйгілі опералардан үзінділер орындалды. Сонымен қатар бірнеше хореографиялық композиция ұсынылды. 

Концертте жеке орындаушылармен қатар, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының әртістері, «Бірлік», Korean Culture Leaders ансамбльдері өнер көрсетті.  

Кешті Корея ресми делегациясының өкілдері және еліміздегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері де тамашалады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.