Өткенде ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ғылым ордасында өткен жиында біраз мәселе көтерді.
Ғылым қуған ел озады
542
оқылды

Еліміздегі ғалымдарға қойылатын талап пен дамытуды қажет ететін басым бағыттарды атап өтті. Осы орайда «Қазақстандағы ғылымның даму деңгейі қандай?» деген сауалдың жауабын іздеп көрген едік.

Мемлекет қолдау көрсетеді

Кейінгі жылдары мемлекет ғылымды дамытуға ерекше ден қоя бастады. Атал­ған салаға бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғайып келеді. Президент жанындағы Ғы­лым және технология жөніндегі ұлт­тық кеңес құрылды. Ұлттық ғылым акаде­­миясына «Президент жанындағы» мәрте­­бесі берілді.

Бүгінде елімізде 22 456 ғылыми қыз­­мет­кер бар. Зерттеушілердің 37 пайы­­­­зы­ның ғылыми немесе академиялық дәре­­­жесі бар – 1  743 ғылым докторы, 3 945 ғылым кандидаты, 2 460 PhD док­торы және өз саласы бойынша 96 доктор сана­ла­ды. 414 ұйым ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындаумен айна­лы­сады. Кейінгі жылдары ғалымдардың жалақысы екі есеге ұлғайды.

Білікті маман әзірлеуге бағытталған грант көлемі соңғы жылдары 1,5 есеге арт­ты. Қазір елімізде әлемнің беделді 12  уни­верситетінің филиалы бар. Пре­з­и­­­­денттің тапсырмасына сай, алдағы уа­қытта тағы бірнеше білім ордасының фи­лиалы ашылады. Таяуда Қ.Тоқаев Син­гапурге барып, ондағы жоғары оқу орын­дарының басшыларымен кездескен-ді. Келіссөздер нәтижесінде ел ма­ман­дарының Сингапурде дәріс алуына жағ­дай жасалады.

Сонымен қатар жыл сайын 500 ға­лымның шетелде тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік берілген. Оған жұмсалатын бүкіл қаражатты мемлекет төлеп береді. Тиісті министрлік жас ғалымдарға беретін гранттар санын арттырды. Жас ғалым­дарды гранттық қаржыландыру конкурс­тары нәтижесінде 881 жоба жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бұған бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен бас­­пана алды. Биыл тағы 200 пәтер өз иесін табады. 

Еңбек ресурстарының ғылыми зерт­теулер мен әзірлемелерге тартылуын эко­­­­номикада жұмыс істейтін 10 мың адам­ға шаққандағы зерттеушілер саны көр­сетеді. Қазақстанда бұл индикатор 20,1-ге тең. Салыстырмалы түрде қарасақ, Германияда 10 мың адамға 233, ал Жапо­нияда 180 ғалымнан келеді. 

 Ал біздің елде ғылым саласында әйел адамдардың басым екенін айта кеткен жөн. Қазақстан осындай жетістікке ие әлемдегі санаулы мемлекеттің қатарына кіреді. 

Құқықтық база жетіле түспек

Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Құжат қабылданған жағдайда елімізде ғылымның дамуына тың серпін бермек. Ең әуелі, ғылымды басқару жүйесінің құрылымы жетіледі. Сондай-ақ гранттық және нысаналы қаржы­­­ландыру секілді қолдау бағдарла­­маларының негізін айқындау тетіктері ен­гізілмек. Осылайша, кез келген ғы­лыми-зерттеу институтының іргелі, қол­данбалы, коммерцияландыру, өнді­ріске дайындығы әмбебап тәсіл арқылы анық­талады. 

Бұдан бөлек, Ғылым қорын венчурлік қор ретінде функционалын күшейту жоспарланған. Бұл қадам ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерін ком­­­мерцияландыру, бизнес-акселерация, тех­нологиялық бизнес-инкубациялау, технологиялық брокерлік бағдарла­ма­ларды іске асыруға жәрдемдеседі.

 Сонымен қатар өндіріс пен нарықтың сұранысын анықтайтын ғылыми-тех­никалық ақпаратты жинау, өңдеу және тал­дау жөніндегі тетіктер енгізіледі. Нә­тижесінде, ғылымға технологиялық-ин­новациялық жобаларға қатысты бүкіл мәлімет бір платформаға топтасады. Заң жобасында Ұлттық ғылым академия­сының мәртебесі, ғалымдарды қолдау тә­­­­сілдері, ғылыми зерттеулерді коммер­цияға айналдыру тетіктері қарастырылған. 

Бөлінген қаражат көп, бірақ жеткіліксіз...

Былтыр ғылым саласына, нақтырақ айтқанда, Ғылым комитетіне 160 мил­лиард теңге бөлінді. Соның ішінде 1,1 миллиард теңге мекеменің қызметіне жұмсалса, қалған қаражат саланы дамытуға бағыт­талған. Яғни, мемлекеттік сыйлық­тар мен стипендиялар төлеуге, ғылыми жо­ба­­­ларды жүзеге асыруға, ғылыми-техни­­­­ка­лық әлеуетті жақсартуға және басқа да басым бағыттарға бөлінген. 

Жоспар бойынша биыл ғылым сала­­­­сына 204 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл сомма 2025 жылы 242,6 мил­лиард теңгеге, 2026 жылы 259,5 мил­лиард теңгеге жетпек. Президенттің тапсырма­­­­­­сына сәйкес, ішкі жалпы өнім көлемінің бір пайызы осы бағытта жұмсалуы қажет. Сондықтан кезең-кезеңімен қаражат сомасы артып келеді. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Дегенмен ішкі жалпы өнімнің 1 па­йызын ғылымға бөліп, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде бәсекелесу қиын. Өйткені көптеген елде аталған салаға қо­­мақ­­­ты қаражат қарастырылады. ЮНЕСКО статистика институтының де­ректеріне сүйенсек, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызы зерттеу сала­сына жұмсалады екен. Израильде бұл көрсеткіш 5,56 пайызды құрайды. Оң­түстік Кореяда ішкі жалпы өнімнің 4,93 пайызы ғылымға бөлінеді. АҚШ-та 3,46 пайызға тең. Тайваньда үкіметі ІЖӨ-нің 3,7 пайызын зерттеуге жұмсайды.

Қысқасы, ғылымға мол қаражат бө­летін қай мемлекетті алып қарасаңыз да, заманауи технология мен өнім шығаруда алда тұрғаны анық байқалады. Осынша­­лықты көп қаражат құймаса, Израиль тақыр жерге егін егіп, мол өнім алмас еді. Ко­рейлер түрлі өнім шығарып, меди­ци­­наның ұңғыл-шұңғылын түгел біле ал­­­майтын еді. Ғылымға мол қаражат құй­ғанының арқасында Тайвань жартылай өткізгіштері арқылы бүкіл әлемді мо­йындатып отыр.

Жеке сектордың енжарлығы

Біздің елде ғылым саласынындағы негізгі қаржыландыру салмағы мемле­кет­тің мойнында. Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында аталған салаға бөлінген қаражаттың 70 пайызы мемлекеттік бюд­жеттен бөлінетінін атап өтті. Мем­лекеттің ғылымды қаржыландыруды арт­­тырғаны жөн, бірақ жекеменшік де ғылым сала­сына көңіл бөлсе, екеуі де ұтар еді. 

Қазақстанда ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс аз. Мәселен, кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс іс­тейді. Яғни, үшінші технологиялық деңгейге ие. Машина жасау, мұнай-химия өндірісіндегі төртінші деңгеймен қамтылу 34 пайызды құрайды. Тек 1 пайыз ғана микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларына (5 деңгей) негізделген. Ал нано және биотехнология секілді ал­тыншы деңгейлі өндіріс ошақтары мүлдем жоқ. 

Ал дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысы бесінші деңгейлі, 5 пайыздан астамы алтыншы деңгейлі саналады. Ғы­лымға жекеменшік сектордың инвес­ти­ция салуы да төмен деңгейде қалып отыр. АҚШ-та, Израильде, Финляндияда, Оң­түстік Кореяда ғылымға құйылатын қар­жының 75-80 пайызы жекеменшік салаға тиесілі. 

Бұған дейін Тоқаев жер қойнауын игеретін компанияларды табысының бір пайызын ғылымға бөлуге шақырған еді. Алайда шикізат сатып пайда тауып отыр­ғандар әзірге мұндай ұсынысқа құлақ асар түрі байқалмайды. 

Жетістіктеріміз де жетерлік

Отандық зерттеушілер Марсқа ұшу­дың оңтайлы тәсілін таппаса да, ауыз тол­тырып айтатын ғылыми жаңалықтары жетерлік. Солардың ішінде коронавирус пандемиясы кезінде шығарылған QazVac вакцинасының шоқтығы биік. Бүкіл әлем бетперде тағып, төрт қабырғаға тығылған сындарлы сәтте ғалымдарымыз құр қол қарап жатпай, індетке қарсы екпе жасады. 

QazVac сынақ мерзімінен сәтті өтіп, кейінірек ел аумағында жаппай салынған санаулы вакцинаның қатарына кірді. Ме­дицинаға арналған салалық журнал Lancet басылымында QazVac екпесінің артық­­шылықтары туралы мақала жариялағаны есімізде. Осылайша, қазақстандық ға­лымдар төрткүл дүниені әбігерге салған пан­демияны жеңуге айтарлықтай үлес қосты.

Қазір күнделікті тұрмысқа қажет, өн­діріс ошақтарында пайдаланатын ноу-хауларға сұраныс жоғары. Қазақстандық ғалымдар бұған да үлес қосып отыр. Мәсе­­лен, былтыр Сәтбаев университеті Кен байыту және металлургия институының зерттеушілері селен металын тазартудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Бұл тәсіл қазір қолданысқа енгізілді. 

Былтыр осы технологияның негізінде Балқашта селенді тазарту және бағалы металды қожды өңдеу цехы ашылды. Бү­г­ін­де аталған өндіріс ошағында селен 99,5 пайызға дейін тазартылады. Салыс­тырып қараңыз, өңделмеген селеннің келісі 7-10 доллар көлемінде сатылады. Ал рафинат­талған металдың құны 150 долларға дейін жетеді. Демек, отандық ғалымдар өндірістегі пайда көлемін 15 есе арттыруға үлкен үлес қосты. Енді селенді тазартуды 99,9 пайызға жеткізу тәсілдері қарастырылып жатыр. Алда-жалда бұған қол жеткізсек, бір келі сирек металдың бағасы 300 долларға дейін жетеді. 

Сондай-ақ қазақстандық ғалымдар сүйектерді қалпына келтіретін гидрок­сиапатит деп аталатын биоматериал әзір­леді. Жану проблемалар институтының қызметкерлері ойлап тапқан материал шетелдік нұсқаларынан үш есе арзан. Елімізде жасалған гидроксиапатит сүйек ақауларын қалпына келтіруге, сүйек за­қымданғанда, сынғанда, тістерді имплан­тациялауда қолданылады. 

Сол секілді Egistic атты бірегей бағ­дарлама NASA және Еуропа ғарыш агент­тігінің мәліметтеріне сүйеніп, егістіктегі азот мөлшерін, топырақтың ылғалын анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған биосенсор, титанды ыдыратудың тың тә­сілі секілді ауыз толтырып айтатын ғылыми жаңалықтарымыз бар. 

Қорыта айтқанда, ғылым саласындағы жетістіктерімізге қарамастан, әлі де кем­шін түсіп отырған мәселелер жетерлік. Бұл түйткіл, әрине бір күнде шешіле сала­тын жұмыс емес. Бұған біраз уақыт керек. Қазір Парламент қабырғасында талқы­ланып жатқан ғылым туралы заң жобасы мен Президенттің қолдау көрсетуі Қазақ­­стандағы ғылымның өркендеуіне жол ашады деп сенеміз.

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ