Астанада «Транспорт Тауэр» ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өтіп, Көлік министрі Марат Қарабаев жол құрылысы бойынша есеп берді.
30 жылдан бері тоз-тозы шыққан жолдар жөнделеді
2,079
оқылды

12 мың шақырым жол жөнделмек

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Көлік министрлігі еліміз бойынша маңызды әрі ірі жолдардың жөндеу жұмысын ұлғайтқан.

Вице-министр Сатжан Әблалиевтің айтуынша,  Қазақстанда 12 мың шақырым жол жөнделеді.

– Негізі, республикалық бюджет  есебінен қазір 9,5 мың шақырым жолда жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оның ішінде, республикалық және жергілікті жолдар кіреді. Нақты айтсақ, жергілікті жолдар – 4 200 шақырым. Өздеріңіз білетіндей, Президент 12 мың шақырым жолды жөндеуді  тапсырған болатын. Сондықтан бүгінде қосымша 2,5 мың шақырым жолды қосып, оны жөндеу жұмысын бастап кеттік, – дейді вице-министр.

Оның айтуынша, үлкен жолдар негізгі артерия болған соң, халықаралық дәлізге жатады.  Ал оған парар жол – қосымша жолдар.

– Қосымша жолдарға ең алдымен салынғалы мүлдем жөндеу көрмеген тараптарды назарға алдық. Өз басым, жолдардың сапасы емес, оның жағдайы жаман дегенді дұрыс көремін. Өйткені ел-елде төселген жолдың басым көпшілігі 2000 жылдардан жөндеу көрмеген, жаңартылмаған. Мысалы, төрт облысты басып өтетін Жезқазғаннан Петропавлға баратын мың шақырымдық  жол сол санатта. Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз жолы да сол қатарда. Не болмаса Семейден Барнауылға, Павлодардан Успенкеге, Қандыағаштан Шалқарға, одан әрі Ырғызға апарар жолдың тозығы жеткен. Соның бәрін жөндеуді, жаңартуды қолға алдық, –  деді вице-министр Сатжан Әблалиев.

Нақты айтсақ, «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахан» бағыттары бойынша бірқатар автожол жобасын қолға алдық. Жалпы, жолдың ұзындығы – 2 мың шақырым.

«Мәселен, Қарағанды-Алматы жобасы бойынша 879 шақырымның 809 шақырымы ашылып, қолданысқа берілген.  Қазір қалған 67 шақырымда жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл жол Алматы, Қарағанды және Жамбыл секілді үш облысты байланыстырып, ұзындығы 3,5 шақырымды төрт айналма жол қосылған», – деген  Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин жөндеу жұмысының шығыны әр аймақтағы жолдың ахуалына байланысты жұмсалатынын жеткізді.

 Құлсары жолының 33 шақырымы бүлінген

Төрағаның айтуынша, былтыр Қазақстанның батыс бөлігі, яғни Атырау облысындағы Ганюшкин ауданында жол жөнделген.

– Атырау-Астрахан жобасы бойынша 277 шақырымды қамту жоспарланған. Былтырдың өзінде 60 шақырым жол Ганюшкин ауданына тапсырылған. Қазір қалған 227 шақырымға жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Екі жолақты жол болмақ, – дейді Төлеген Абдуллин. 

 Оған қоса, министрлік өкілі су тасқынынан кейінгі Құлсарыдағы жолдың ахуалы жайында хабардар екенін жеткізді. Оның сөзінше, республикалық жолдардың 33 шақырымы бүлінген.

«Қолымызда бар ақпаратқа сүйенсек, республикалық жолдардың 33 шақырымы бүлінген. Алайда оның бәрін су тасқыны шайып әкетті деуге келмейді. Бір жердің жол жиегі шайылса, ендігі жерде асфальті бұзылған. Оған қоса, ол жақтағы төрт көпірде ақау шықты. Соларға жөндеу жұмысы жүреді. Жалпы, шығынның көлемі – 8 миллиард теңге, бірақ оған қосымша қаражат бөлінбеген. Сол себепті оны күтіп ұсталған жолдардың қаражаты есебінен жөнделіп жатыр», – дейді Сатжан Әблалиев.

Осы жобаның арқасында бүгінде 17 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Соның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және жөндеу жобасында 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ең қызығы, осы жұмысшылардың күнделікті азығына 2,5 мың бөлке нан, 800 литр сүт, 1 500 келі ет, 14 мың литр су жұмсалады екен. «Жұмыстың жүру-жүрмеуіне қарамастан, жоба басталысымен жұмысшыларға тамағы уақытылы беріледі», – деді Дархан Иманашев.

Оның үстіне, Көлік министрі Марат Қарабаев еліміздегі ең нашар жолдар Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында екенін жеткізді.

– Сол себепті де басқа өңірлермен салыстырғанда Батыс Қазақстанға көбірек қаржы бөлініп жатыр. 2024 жылғы жағдай бойынша, көрсеткіші 36% ғана. Бүгінде күшіміздің басым бөлігін осыған салып жатырмыз. Оған қоса, жұртқа «Халықтық бақылау» деген жаңа механизм ұсынып отырмыз. Әр ауылдың қоғам белсендісі, осы салада хабары бар жандар болса қатарға қосылып, жолдың сапасын бақылауға шақырамыз, – дейді ол. 

Бір шақырым жолды жөндеуге 100 миллион теңге жұмсалады

Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарының басым бөлігі Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Қостанай облысында 823 шақырым жол, еліміздің шығыс аймағында – 383 шақырым, Ақтөбе облысында – 381 шақырым, Павлодар облысында 358 шақырым болса, Солтүстік Қазақстан облысында 283 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

– Жөндеу жұмыстары көлік инфрақұрылымын жақсартуға және жергілікті маңызы бар жолдың сапасын арттыруға бағытталған. Өз кезегінде бұл шаралар елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға ықпал етеді, – дейді ведомство басшысы Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, еліміздегі алғашқы автомобиль туннелі мен ең үлкен көпірдің құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінде Шақпақ баба асуы арқылы өтетін автомобиль туннелінде бетон және асфальтбетон жұмысы аяқталған. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесін монтаждау және газ құбырларын өткізу, желдеткіштер мен өртке қарсы жабдықтарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазақстандағы ең алғашқы туннель – Шақпақ баба туннелі. Шымкент пен Таразды қосатын, ұзындығы 800 метр асатын асуды білмейтін жан жоқ. Естеріңізде болса, әр қыс сайын сол асудан өтуге жүргізушілер қиналатын. Жылдың соңына дейін жөндеу жұмысы аяқталып, іске қосылса жүргізушілер жолы реттеліп қалады. Бұдан басқа, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір жөнделіп, биыл күзде іске қосылмақ. Бұл көпір – Марқакөлге апаратын ең қысқа жол болмақ. Негізі, Бұқтырма су қоймасы – Қазақстандағы ең үлкен көпір. Оның жалпы ұзындығы – 1 316 метр. Жалпы, жұмыстың 81 пайызға жуығы  орындалды. Қазір 21 тіректің 17-сі салынып, қалған төрт тірек бойынша жұмыс жалғасуда», – деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, жолдың бір шаршы шақырымының құны көп факторға байланысты шешілетінін айтты.

– Мысалы, оңтүстікте асфальттың бір түрі, солтүстікте басқа түрі төселеді. Сондықтан (жолдың бір шаршы шақырымының құны) көптеген факторға байланысты. Жалпы, бір шақырымның құны 100 млн теңге болады. Орташа жөндеу шамамен 20-50%-ға қымбатқа түседі. Мұнда жолдың негізі ұсақталып, қайта өңделеді, онда тұрақтандырғыш (стабилизатор) қойылады. Осылайша, ол жолдың негізіне айналады. Бұл жолдың беріктігін нығайтады. Орташа жөндеудің жарамдылық мерзімі – 5 жыл. Бұл барлық норманы сақтаған жағдайда. Бір шақырым жолды күтіп ұстаудың құны – шамамен 2 млн теңге, – дейді Марат Қарабаев.

 Отандық көліктерге утильалым төленбейді

Көлік министрі Марат Қарабаев утильалымды қолдайтынын айтты.

–  Петицияға қол қойған жоқпын. Менің ойымша, утильалым қажет. Бұл ұстанымды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған кезде де қорғадым. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін қажет дүние. Әр ел өз нарығын қандай да бір жолмен қорғайды. Біздің нарық та қорғалады», – деді министр.

Оның айтуынша, утильалымның арқасында Hyundai, Kia және қытай көліктері нарыққа келген.

– Жұрттың басым көпшілігі Hyundai, Kia көліктерін сатып алады. Соңғы кезде тіпті ел ішінде қытайдың көліктеріне сұраныс артты. Ескеретін нәрсе, Қазақстанда шығарылған көлікке, отандық көлікке утильалым жүрмейді. Бұл – қазақстандықтар үшін утильалымның тағы бір артықшылығы.  Утильалымды негізінен BMW и Mercedes-Benz секілді импорттық көлікке төлейді. Одан түскен ақша қазақстандықтардың пайдасына жаратылады. Бұл қажет нәрсе,  – деді Көлік минстрі Марат Қарабаев.

 Сонымен бірге Көлік министрі Қытай мен Қазақстан арасындағы транзиттік тасымал бойынша келісімге келгенін дұрыс санайтынын жеткізді.

– Қытаймен келісімге келгеніміз – біз үшін үлкен жеңіс. Бұған тек біздің ел, Қазақстан ғана құқылы. Шынын айтқанда, осы күнге дейін Қытай бірде-бір елді өзінің тасымалына кіргізген емес. Біріншіден, Қытайдың ішіндегі қалаға кіріп, жүкті тез арада алып кете аламыз. Осы арқылы бізде қытай көлігі  көбейе түседі деген қате түсінік. Себебі екі ел арасында сатуға, яғни кіруге рұқсат етілетін көліктің шектеуі бар. Ал оның мөлшерін шетелдік бланктік рұқсат арқылы шешеді. Мысалы, былтырдың өзінде 150 мың бланк болса, қазақстандық тасымал соның барлығын қолданған. Ал Қытай жақтан тек 1 600-і кірген.  Айырмашылығы – жер мен көктей. Биыл 200 мың көлікке рұқсат берілген. Екіншіден, қытай көліктері Қазақстанға кіргізілгенімен, ары қарай қазақстандық сатушылар өздері алып кетеді.  Үшіншіден, транзиттік хаб ретінде үлкен жеңіс. Қытайдан Еуропаға біздің жол арқылы өтетіндіктен, ақы төленеді. Бұл – бізге табыс, – деді Марат Қарабаев.

Бұған дейін Жол түзелмей, сын азаймайтыны туралы жазған болатынбыз.