Маусым айының үшінші жексенбісі – дәрігерлер күні. Біз осы мерекеге орай қаламыздағы көпбейінді ауруханаға бас сұқтық. Бұл жерде талай адамды дәрігерлер ажалдан арашалап қалды, талай тағдырды аяққа тұрғызды.
Адам жанының арашашысы
1,066
оқылды

Дәрігерлердің жұмысында сенбі, жексенбі, бүгін демалыс деген түсінік жоқ. Бұлар күні-түні жұмыс істейтін халық. Соның ішінде хирургтердің жұмысы қауырт. Жаз мезгілінде хирургтерге түсетін салмақ тіпті көбеюде. Себебі екі күннің бірінде жол апаты, ол аз десеңіз, самокат, скутер тепкен бозбалалар бір-біріне түйісіп жарақаттанып жалпы хирургия бөліміне келіп түседі. Хирургия бөліміне күніне 100-ге жуық адам келеді екен. Соның ішінде 10-12 адамға міндетті түрде шұғыл ота жасалады. Бұл жұмыстардың бәрін жалпы хирургия мамандары атқарады. 

Хирургтардың түрі көп. Кар­­­диохируг, қан тамыр­лары хирургы, нейрохирург деп ке­те береді. Бұлар белгілі бір са­ла­ны ғана меңгерген хирургтер. Ал осы­лардың ішінде «Отқа салса жан­байтын, суға салса батпайтын» әм­бебап мамандар бар. Олар – жал­пы хирургия мамандары. Бұ­лар ота­ның барлық түрін жасайды. Бір сөз­бен айтқанда, адамның басынан ба­қайшағына дейін қа­рай­ды, ота жа­сау қажет болса жа­сайды. 

Бізді аурухана алдында Орал қа­­­лалық Көпбейінді аурухана ди­рек­торының медицина бөлімі бойын­ша  орынбасары Диас Жай­лау­байұлы күтіп алды. 

– Жаңа ғана көптеген де­не­жа­ра­қатын алған ер адамды алып кел­ді. Қолымызда ол туралы ақ­па­­рат жоқ. Кім екенін, жасын да біл­мейміз. Біздің міндет – құтқару. Қан­сырап, есі кіресілі-шығасылы жат­қан сол ер адамға қазір ота жа­са­лып жатыр, –  деп бізді ота за­лы­на алып барды. 

Барсақ ер адамның кеуде тұ­сын түгел ашып тастаған. Ер адам 6 жерден пышақ жарақатын алып­ты. Мойыны, кеудесі, бауыры, жү­регінің тұсы, ішегіне пышақ ти­ген дейді. Қазір дәрігерлер жан­та­ласып ота жасауда. Бір адамға төрт хирург ота жасап жатыр. Бұл екі бригада дейді. Себебі нау­қас­тың жағдайы өте ауыр болыпты. 

Ер адамды көшеден жедел жәрдем әкеліпті. Оны қансырап жатқан жерінен көшедегі адамдар жедел жәрдемге салып жіберген. Дәрігердің қолында осыдан басқа ақпарат жоқ. Бірақ соған қара­мас­тан дәрігерлік көмек көрсетіле бе­­реді. Себебі бұл ақхалат­ты­лар­дың бірінші міндеті – адамды құт­­қару. 

– Бұл науқастың өмірін құт­қару мүмкіндігі өте төмен. Көп қан жоғалтқан. Көшеде пышақтап кеткен. Қанша уақыт жатып қал­ды, біз білмейміз. Бірден ота за­лына алып келді. Қан қысымы, ге­моглобині өте төмен. Қазір ота­дан кейін қан құямыз. Мы­салы, бұл науқаста жұқпалы ауру­лар бар жоғын білмейміз, соған қарамастан отаны бастап кеттік. Өзіңіз көріп тұрсыз, денесінің сау жері қалмаған. Мұндай шұғыл ота­лар кезінде хирургке де қауіп жо­ғары. Мәселен, жұқпалы ауру­мен ауыратын науқас болса тарауы мүмкін, ал шұғыл ота кезінде оны анықтап тұратын уақыт жоқ, –  дейді ота жасап жатқан хирург­тер­д­ің бірі Қасым Бисенғалиев. 

Қасым Бисенғалиев жеті жыл­дан бері жалпы хирургия ма­ман­дығы бойынша жұмыс істеп ке­леді. Жас та болса талай күрделі ота­ны өткерген дәрігер. 

– Жалпы, хирургия маман­дығы өте күрделі мамандық. Біз шұғыл оталарды жасаймыз ғой ой­ланып тұруға уақыт жоқ. Бірақ бізді көп білмейді. Біздің маман­дықтың жауапкершілік жүгі өте ауыр. Мысалы, осы науқасты аяқ­қа тұрғызу – біздің міндет. Мұн­дай күрделі оталар 3-4 сағат жа­са­лады, барлық энергиямыз ке­теді. Біз өз міндетімізді бұлда­май­мыз, осы мамандыққа келге­сін жасай­мыз. Бірақ мемлекеттік дең­гейде жал­пы хирургия сала­сына көңіл бө­лінсе екен деген ті­ле­гіміз бар, – дейді хирург-дәрігер Қасым Би­сен­ғалиев. 

Хирургтер қара терге түсіп ота жасап жатыр. Қалың ұй­­­қыға кеткен науқас ештеңе се­зер емес. Біз осы кезде әңгімеге  анес­т­езиологты тарттық. 

Бекнұр Ақылбекұлының ай­туынша, қазір ота жаса­лып жатқан ер адамның жағдайы өте ауыр. Көп қан жоғалтқан. 

– Біз кез келген операцияға қатысамыз. Адамның денесі мен сал­мағына қарай ұйықтататын дәрі саламыз. Мына кісінің сал­ма­ғын нақты білмейміз. Бізге кел­генде есі кіресілі-шығасылы бол­ды. Шамамен қарап саламыз. Нау­қас өте әлсіз болғандықтан бір­ден ұйықтап кетті. Менің мін­детім – науқасқа операция жа­са­лып жатқан кезде оның жүрек со­ғысын, қан қысымын, өкпесі мен бауырының жұмысын қадаға­лап тұру. Қазір бұл кісінің қан қысымы мен гемоглобині өте тө­мен, – дейді анестезиолог Бек­нұр Ақылбекұлы. 

Бұлар операцияның бәрін жасайды

Хирургтар – адам жанының ара­шашысы. Соның ішінде жалпы хирургия мамандары – оң-солын таң­дамайтын медицина сала­сы­ның батырлары. Бұлар опера­ция­ның бәрін жасайды. Өкінішке қа­рай, БҚО-да осы жалпы хирур­гия мамандарының тапшылығы қатты сезіледі. Әсіресе, аудандық жер­лерде хирургсыз отырған ауру­ханалар бар. Ал бізде аудандардың бә­рі де тасжолдардың бойында орна­ласқан. БҚО жол апаты саны жа­ғынан алдыңғы орындарда екен­­­дігін ескерсек, жалпы хиру-гия ма­маны батысқа ауадай қа­­жет-ақ. 

– Бізде маман тапшылығы қат­ты сезіледі. Бұл тек біздің об­лыс­тың проблемасы емес. Жалпы, рес­публика бойынша хирургтер, со­ның ішінде жалпы хирургтер тап­шылығы сезіледі. Біздің аудан­дағы ауруханаларда хирургтер өте тапшы. Мысалы, бір ауруханада бір жалпы хирург отыр. Егер ол ая­­қасты ауырып қалса немесе іс­са­парға кетсе орнына кісі жоқ. Біз­де аудандардың бәрі тас­жол­дар­дың бойында орналасқан. Ол жерлерде жол апаты өте көп бо­лады. Күніне жоқ дегенде бір адам­ды апарады. Егер сол жалғыз хи­рург еңбек демалысына кетсе, шұ­ғыл ота жасайтын кісі жоқ. Біз­де сондықтан жалпы хирургия са­ласының хирургтері 24 сағат 365 күн үздіксіз жұмыс істейді. Ба­ла-шағасын, үйдің бетін көрмей жұмыста жүреді. Аудандық жер­дегі терапевттің жоқтығы аса бі­лі­не қоймайды. Ал хирургтің жоқ­ты­ғы бұл өте қауіпті. Тіпті, сол ау­дан­дағы жалғыз хирургті білік­ті­лігін арттыру курстарына да жі­бере алмаймыз, себебі ол оқуға кет­се, орнына кісі жоқ. Осыдан ке­ліп жол апаттарынан қатты зар­дап шеккен, ауыр жағдайдағы адамдар мен аяқасты ота жасалуы ке­рек жүкті әйелдер секілді топ­тарға ота жасау қажет болса, ау­дан­дардағы хирургтер кейде бі­лік­тілігі жетпей санавиацияны ша­қырады.  Шұғыл жағдай болса, қа­ладағы хирургтер санавиация­мен ұшып барамыз. Аудандарда анес­тезиологтар жоқтың қасы. Хи­рург болмағасын анестезио­лог­та болмайды. Екеуі өте тығыз жұ­мыс істейтін адам ғой, – дейді хи­рург Диас Жайлаубайұлы.

Жалпы хирургия мамандары неге тапшы?

Диас Жайлаубайұлының ай­туын­ша, бұрын хирургтер жеті жыл оқып болғасын бірден хирург бо­лып жұмысқа тұрған екен. Қ­азір бұл жүйені алып тастаған. 

Жалпы хирургия маман­ды­ғын алу үшін қазір ал­­­­дымен 7 жыл оқисың да, тек жал­­пы дәрігер деген дәреже алып шы­ғасың. Одан кейін үш жыл та­ғы қосымша оқысаң ғана жалпы хирург мамандығын береді. Ал 7 жыл оқуын аяқтаған жастарды жұ­мысқа тек 0,5 бірлікпен ғана ала­ды екен. Бұл ақша кімге жетсін. Сондықтан да қазіргі жастар жал­пы хирургия бөліміне оқуға аса құлықты емес. 

– 7 жыл оқып келіп, 0,5 бірлік­пен жұмысқа тұра алады. Ол әрі қосымша оқуы керек. Мұндай жа­­­лақымен ешкім өмір сүре ал­май­ды, әке-шешесіне қарайласу ке­рек, отбасын құруы керек, бала-ша­ғаны асырау керек деген секілді әлеу­меттік мәселелер бар . Сон­дық­тан да олар жалпы хирургияға оқуға түскенше трамватолог, ней­рохирург, уролог болып 7 жыл оқып шыққанды дұрыс санайды. Осыдан келіп жалпы хирургияда маман тапшылығы қатты сезіледі.  Хирургтердің жалақысы да өте төмен. Таңғы сегізден түскі 16:00-ге дейін жұмыс уақыты бар. Сенбі-жек­сенбі шұғыл ота болса ша­қы­рып алады, себебі манағы айтқан ма­ман тапшы. Әрі кезекшілікке тү­семіз. Осы жүктеменің бәрін есеп­тегенде жалақымыз тек 300 мың­ды құрайды. Бұл хирургтер үшін аз жалақы ғой. Сондықтан да біз­дің жалпы хирургия  бөлімінің хирургтері пластикалық хирургия секілді ақшасы жақсы салаға ауы­сып кетіп жатады. Жалпы, хирур­гия мамандары үшін жағдай жа­сал­май отыр ғой, бізде әлеуметтік мә­селе өте көп. Үй мәселесі бір ше­шілмей-ақ қойды. Әсіресе, ау­дан­дарға баратын мамандар үй бол­мағасын бармайды. Үсте­меа­қы, бір реттік төлемақының да кө­лемі артса жақсы болар еді, – дей­ді Диас Жайлаубайұлы. 

Хирургия бөлімі шұғыл хи­рур­гия жә­не жоспарлы хирургия бөлімі деп екіге бөлінеді. Жоспарлы хирургия бөліміне 20 адамдық төсек-орын, шұғыл хи­­­рургия бөлімінде 30 адамдық тө­сек-орын бар екен. Жалпы, хи­рур­­гия бөліміне күніне 100-ге жуық пациент келеді, оның ішінде 10-12-ге жуық адамға шұғыл ота жа­салады. 

Жалпы, хирургия саласы ма­ман­дарының тапшылығы аздай көп хирургтер  бұл саладан кетіп жа­тыр. Себеп –  сол баяғы ақша мә­селесі. Нарық заманында адам­ның өмір салты ақшаға байланған уа­қыт. Мәселен, қазір жалпы хи­рур­гия саласының төрт хирургі плас­тикалық хирургияға кетіп қал­ған. Енді бірі бариатриалық хи­рургияны оқып жүр екен. Айы­на 300 мың жалақыға өмір  сүретін жал­пы хирургия маманына қара­ған­да  екі көздің үстіңгі етін 300 мы­ңға алып беретін пластикалық хирургтің табысы жақсырақ енді. 

– Қазір жалпы хирургия ма­ман­дығы аса бір өзекті болмай тұр. Себебі ақшасы өте аз. Еңбегі де елеу­сіз. Халық та бұл саланы көп тү­сіне бермейді. Адамдар кар­дио­хируг, нейрохиругтерді жақсы біледі. Ал біздің жұмыс көбіне шұғыл жасалатын оталардан тұрады. Шаштың ұшынан бастап аяқ­тың тырнағына дейін біз қа­рай­мыз. Бастағы, башпайдағы ірің, бұлшық ет жарақаты, со­қы­рі­шек, ішкі құрылыс жарақаты осы­ның бәрін біз, яғни жалпы хи­рургия қарайды. Ал кардио­хирург тек жүрекке ота жасайды, плас­ти­калық хирург сол  отаны жасайды. Көр­діңіз бе, салмақ пен жүктеме бір­дей емес. Бізде ауырт­па­шылық өте көп, жарақатпен түсе­тін нау­қас­тар да көп.  Сон­дық­тан біздің жал­пы хирургияда жүр­ген жігіттер плас­тикалық хи­рург, нейрохи­рур­гия­н­ы қосымша оқып алып ауы­сып кетеді, – деп атап өтті хирург Диас Жайлау­бай­ұлы. 

Бариатриалық хирургия –асқазанды тарылтуға ар­налған операциялық хирургия. Дәрігердің көмегімен асқазанды та­рылтып, арықтау үшін, мето­бо­лизмді жақсарту үшін жасалатын ота түрі. Қазіргі ғасырдың дерті се­міздік десек, арықтағысы келе­тін қыз-келіншектер мен сылқым жі­гіттер бұл ота үшін ақша аямай­ды. Сондықтан да жалпы хирургия ма­мандығынан бариятриалық хирургияға  өткісі келетін табысты салаға қарай ауысу үрдісі белең алып барады. Бұл әлеуметтік мә­се­лені билік қазір шешпесе кейін жалпы хирургия саласында маман таппай сандалып қалуымыз әбден мүмкін. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы