2024 жылдың 14 маусымында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов дүниеден озды.
Өмірден кім өткенін білемісіз?
ulysmedia.kz
6,712
оқылды

Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі күні кеше, яғни 16 маусымда Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында болып, сол жерде жаназасы шығарылды. Марқұмның денесі Алматының орталығындағы зиратқа, әкесінің жанына жерленді.

Оның қайтыс болуы қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін орны толмас қаза һәм алып жоғалту болды. Бұл туралы:

«Қазаның ауыр-жеңілі жоқ. Дегенмен де халқына сүйікті, ардақты Мұрат ағамыз, Мұрат Мұхтарұлының дүние кешуі – барша қауымға ауыр қайғы. Бүкіл өмірі мен шығармашылығы  ұлттың өзін-өзі тануының ғана емес, терең зерделеуінің, ең бастысы шыңдалуының, осылайша жаңа мазмұнға шығуының һас үлгісіндей Тұлғалар болады. Олар – санаулы. Санаулы болатыны, бұл дегеніңіз – ауыр миссия… Осындай санаулы тұлғаларымыздың бірі – көрнекті замандасымыз Мұрат аға, Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ еді», – дейді сыншы, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова.

Осы орайда  Aikyn.kz  сайтының оқырмандары үшін белгілі мәдениеттанушы, жазушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің ғұмыр дерегі жөнінде аз-кем ақпарат беруді жөн көріп отырмыз.

Өмірбаяны

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы қаңтардың 1-інде Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келді. Әкесі – әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов. Анасы – Фатима Ғабитова. Білімі – жоғары. Ол Мәскеудегі мемлекеттік университеттің филология факультетін «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірген​.

Шығармашылығы, қоғамдық қызметі

Мұрат Әуезовтің шығармашылығы негізінен мәдениеттану мен әдебиеттануға бағытталған. Ол бірнеше ғылыми еңбектің авторы әрі аудармашы болды. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры болды. Біраз салада тер төгіп, соның ішінде кино саласында да белсенді қызмет етті. 1981-1987 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып жұмыс істеді​. Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және өзара әдеби байланыстар жөніндегі Алқасының басшысы, Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.  

Ол сонымен қатар Қазақстанның қоғамдық және саяси өмірінде де маңызды рөл атқарды. Ол 1992-1995 жылдары Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет етті​​. Оның дипломатиялық қызметі елдің халықаралық қатынастарын дамытуға үлкен үлес қосты.

Мәдениет пен әдебиеттегі үлесі

Мұрат Әуезов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ерекше ықпал етті. Оның қазақ руханияты мен ұлттық болмыс жайлы «Ділім» кітабы, бұдан бөлек «Гүл іспеттес жол», «Иппокрена: хождения к колодцам времен», «Дневники: уйти, чтобы вернуться» кітаптары, бірнеше ғылыми мақаласы жарық көрген.

Ғалымның мәдениет пен әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ оның тарих сахнасында есім-сойын қалдырған атаулы бір ісі бар. Ол – «Жас тұлпар» ұйымына жетекшілік етуі. Иә, Мұрат Әуезов «Жас тұлпар» қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі болды. Бұл қозғалыс сол кездегі «орыстану» қаупі жоғары қазақ жастарының ұлттық санасын көтеруге бағытталған еді​. Бұл туралы:

«Мұрат Әуезов өзінің «Жас тұлпарға» қатысты сұхбаттарында оның 1963 жылдың қараша айында құрылғанын атап өтеді. Дәлірек айтсақ, 1963 жылдың 6 қарашасында Мәскеу энергетикалық институтының асханасында астанада оқитын қазақ жастарының дидарласуы өтеді. Дәл сол кеште «Жас тұлпар» ұйымы құрылып, оның жетекшілігіне Мұрат Әуезов сайланады.
«Жас тұлпар» Кеңес Одағын құлату, коммунистік идеямен күресу сияқты саяси салмағы зор мақсаттар қойды десек, шындықтың ауылынан мүлдем алыстап кетеміз. Олар қолдан жасалған ашаршылық, репрессияның бірнеше толқыны, соғыс және тың игеру салдарынан өз республикасында отырып азшылыққа айналған қазақ ұлты мен оның ескі замандардан тамыр тартатын көне мәдениетін қорғауға ұмтылды. Атайман жастар тұтас бір буынның, әсіресе соғыстан кейін туғандардың көз алдында тынысы мен қолдану аясы тарыла түскен қазақ тілі мен коммунизмге «жақындаған» сайын ұлттық болмыс-бітімінен айырылып бара жатқан қазақ мәдениетінің болашағы үшін күресті. Өзінен бұрын өзгелердің қамын ойлаған рухы мықты өзден өрендер сол жылдарда ауыл балаларын әкімшіл-әміршіл күшпен қиян түкпірлерде қой бағуға қалдырып, олардың одан әрі білім алуына шектеу қоюына қарсылық көрсетіп, жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің ана тілінде білім алуына мүмкіндік берілуін талап етті. Қазақстаннан тысқары – Кеңес Одағының ірі қалаларында оқитын қазақ жастарына жағдай жасау сияқты мәселелерді де алға қойды», – дейді Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ұстанымы

Жалпы, Мұрат Әуезов өзінің өмір жолында көптеген мемлекеттік және халықаралық марапатқа ие болды. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Соның ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағын да алды. Десе де, ғалымның абыройын асқақтатқан ісі – оның кеудесіне таққан темірі немесе алған қағазы емес, азаматтығы, принципшілдігі еді. Себебі ол әрдайым халық сөзін сөйледі, дәлірек айтсақ, елдегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ойын ашық айтты. Бұл – негізі біздің жағдайда көп жазушының қолынан келе бермейтін іс. Мәселен, 2019 жылы «Қазақстанда Қытайдың 55 зауыты іске қосылады» деген ақпарат желдей ескен тұста, біраз адам «Қытай экспансиясына» қарсы шықты. Сол сәтте Мұрат Әуезов қытайтанушы ретінде билікке халықтың айтып отырған талабы дұрыс екенін, мұның салдары қалай болатынын ойлануымыз қажет екенін меңзеген. Одан бөлек, Шаңырақ оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы, Қаңтар оқиғасы – осылардың бәрінде азаматтық ұстанымын сатпай, туралығын айтты. Өзіне сенген біраз жастың үмітін ақтай білді. Сонау «Невада-Семей» қозғалысына белсене араласқан сәтінен бастап, ғұмыр парағындағы одан кейінгі уақытта да ұстанымынан айнымады. Көшпенді халықтың рухы, философиясы, сенімі, тәңіршілдік хақында да көп жазды. Рухани тірегі толерантты болды. Мәселен, бұқара жаппай әсіредіншілдікке салынып, ғылым-білімнен қол үзгенін сезе бастаған тұста, әрқашан мәдениет пен білім адамның рухани қазынасы екенін тәптіштеп айтып отырды.

«Дін ешқашан мәдениетсіздікпен сабақтаса алмайды. Дінге мәдениетпен қоса, білім керек. Сонда ғана ол толыққанды сенімге айналады», – деді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.