Бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі музыка тарихында өнерпаздардың өмірбаяны көп жазылып жүр.
Затаевич пен әнші Майра Уәлиқызының кездесуі
Фото: автордікі
2,152
оқылды

Ертеректе өмір сүрген әнші-күйшілердің ғұмыры жайлы дереккөздердің негізі – аңыз-әңгімелер. Сөзсіз, ауызша дерек айтқан адам да құнды информатор ретінде есептеледі. Десе де кей уақытта бір адам айтқан деректі басқа бір адам түрлендіріп, тіпті өңін өзгертіп жеткізеді. Сол кезде ішкі түйсігіңмен ғана қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін шамалау ғана қалады. Ал кейде дерек қағазға түсіріліп, хатталып жетеді. Бұл ақпаратқа күмән келтіру қиын. Сондай бір дерек ретінде Александр Затаевичтің атақты әнші Майра Уәлиқызымен кездескенін айтуға болады. Бұл деректі Затаевич құрастырған «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағынан көреміз.

Әңгімесін «Ертіс өзенін бойлай «Ленинград» атты кемеде Омбыдан Семейде жүзіп бара жатқанбыз» деп бастайды Александр Викторович. Ахмет Жұбановтың жазуынша, бұл 1926 жылдың шілде айы болса керек. Затаевичтің жөні белгілі, «қазақтың ән мен күйін хаттау керек» деген тапсырмасы бар. Сол үшін ел мен жер аралап жүр. Ал Майраның бұл жолғы Семейге сапары жайлы Мақсұтбек Майшекин: «жаңадан ұйымдасқан сол қаладағы драмалық үйірмеде қызмет істеуді ұйғарады» деп жазады.

Затаевичке ары қарай үңілейік: «Павлодардағы айлақтан шыға бере, төменде үшінші кластағы каюталар жағынан қазақтың әндерін шырқаған әсем дауысты естідім. Бір таңғалғаным, айтқан әндерінің сүйемелдеуі». (Затаевич осыған дейін негізінен домбырамен сүйемелдеген әндерді ғана естіген, ал Майра сырнаймен ән айтқанда «неткен бай дыбысталу» деп таңғалған).

Майраның әні «Бақша», орындайтын Клара Төленбаева

Сол мезетте Александр Викторович төменге түсіп, Майраны көреді. Сонда келесідей сипаттайды: «Мен отыз жас шамасындағы, арық әрі әдемі келіншекті көрдім. Құлағына сырғасын, мойнына бірнеше алқасын таққан. Бұл таққандары іле-іле салған әшекейлер емес, әншінің талғаммен таңдап, таққанын көруге болады».

Осыдан кейін Затаевич әншінің өнеріне баға береді: «Мен оның әндерін тыңдай бастадым. Ол ән айтқанда кербезденіп, кең шырқап отыр. Бұлай ән айтуды бұрын қазақ қыздарынан кездестірмеген едім». Басқа адамдардың естеліктерінен оқып отырсақ, Майра ән айтқанда басын тік ұстап, өктемдеп әндетеді екен. Затаевич те осыны байқап, арнайы тоқталып отыр.

 

Майраның әні орындайтын Жанель Қуатова

«Ол ән айтып болғанын күтіп отырдым да, есімін сұрадым. «Мағира» деп салмақпен жауап берді. Енді бәрі түсінікті еді. Мен бұл әнші жайлы бұрыннан да еститін едім. Кездесудің сәті енді түсті. Кейін өз жайымды түсіндіріп өткенімде, ол да мені білетін болып шықты. Және кездескенімізге қуанғанын жеткізді. Мен әншінің орыс тілінде еркін сөйлегеніне мән бердім», – дейді Александр Викторович. Бұл жерде бір ескеретіні бар. Затаевич жинағында «Магира» деп жазады. Бұл 1931 жылы баспадан шыққан жинақ. Ал кейін Жұбанов бастаған зерттеушілер Затаевичтің осы жазғанын келтіріп «Майра» деп жазады. Біз Александр Викторовичтің түпнұсқадағы түсініктемесінен алып отырғандықтан әншінің сол жердегі есімін қалдырдық. Және әншінің шын есімі Мағира болса  керек, халық «Майра» деп атап кеткен көрінеді.

Семейге дейін жол екі күн уақыт алыпты. «Мағира менің каютама бірнеше рет келіп, әндерін жаздық. Пианино алдына жайғасып әндерді нотаға түсіріп отырдым. Ал мәтіндерін жазуға Семейлік білім бөлімінің инспекторы жолдас Қадырбаев атсалысты». 

Осылайша, Семейде жетіп, бір-бірімен қош айтысады. Кейін тағы көргенін жазады. «Мен Семейде жүргенде Мағирамен тағы бір рет кездестім. Ол жер қымызхана еді. Сол жердегі үлкен дастарқан басында ән айтып, сауық-сайран құрып отырған».

 

Әншімен соңғы кездесуін Затаевич былай еске алады: «Мен Мағирамен Омбыға қайтар жолда Павлодар кеме айлағында тағы кездестім. Жылы қоштасып жатқанда оны соңғы рет көріп отырмын деп ойламап едім. Төрт айдан кейін өкпе қабынуынан (ауруынан) қайтыс болғанын білдім».

Сондай-ақ Александр Викторович бұл жерде Майраны Мәскеуге өнер көрсетуге шақырмақ болғанын жазады. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ өнерпаздарының үлкен концерті жоспарланған болатын. Алайда концертке санаулы айлар қалғанда әнші Майра дүниеден озады. Осы кездесуде Затаевич Майраның 13 әнін жазып алған. 

Сүгір Әлиұлының күйлері неге таспаға жазылмай қалғаны туралы жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.