Өткен сенбіде AIQYN га­зеті ұжымы елор­далық бүлдіршін­дер­ге Disney мен Pixar студия­лары бірлесіп әзірлеген «Ойжұмбақ 2» мульт­фильміне би­лет тарту етті.
«Ойжұмбақ 2»: эмоцияға толы шытырман
5,427
оқылды

Адам болмы­сы­ның қа­лып­тасуын көр­се­тетін анимациялық фильмді 56 бала демеушілер тарапынан тегін тамашалады. Мұндағы мақсат – қазақша дыбыс­тал­ған фильмдерге сұра­ныстың бар екенін дәлел­деу және бала­ларға жо­ғары көңіл күй сыйлау.

Сенбі күні кешкі 17:00-де мультфильм сеансы қойылатын зал алдында жиылған балалар рет-ретімен орындарға жай­ғасты. Әр баланың жүзінен экранның қосылып, анимацияның басталуының асығыстықпен күтіп отырғаны байқал­ды. Соларға қарап, «қазақ тіліне тәр­жімаланған фильмдермен балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақ пайда болды. 

13 маусымнан бастап барлық кино­театрларда көрсетіле бастаған «Ойжұм­бақ 2» мультфильмінің қазақша дыбыс­тамасы алғашқы күнінен бастап рекорд орнатып, кассалық табысы 10 миллион теңгеден асты. Бұл – жақсы көрсеткіш, бірақ онлайн билет сатып алу кассасына қарап байқағанымыз, «Головоломка 2» күніне бес рет, ал қазақша дыбыс­талған «Ойжұмбақ 2» екі рет көрсетіледі. 

Қызық қалжың мен күлкілі сәттерге толы фильмді көрген балалар тамаша көңіл күймен шықты. Кинодан ерекше әсер алған олар адам бойындағы түрлі эмоциялармен танысып, олардың адам өмірінде қандай рөл атқа­ратынын ұқты. Анимация желісі бойынша, есейген адамның Бас бөлімінде жаңа эмо­цияларға орын босату үшін күрделі жөндеу жұ­мыстары басталады. Кейіп­кер Райлидің эмоциялық жағдайын бұрыннан басқарып келе жатқан Қуаныш, Мұң, Қор­қыныш пен Жиір­кеніш күтпеген жерден жаңа сезім – Үрей пайда болған кезде не істерін білмей абдырап қалады. Оның үстіне, бұл эмоция жалғыз келмей, өзімен бірге Ұят, Қызғаныш және Немқұрай­лылықты да алып келді. Бұл фильмнің бірінші «Ойжұмбақтан» ерекшелігі де міне, осы. Мультфильм жасаушылар әр эмоцияға өзіндік түс беруге тырысқан. Мысалы, жиіркеніш кейіпкері жасыл болса, ашу кейіпкерін қызыл түспен бейнелеген. Қызғаныш сезімін де қосып, жас­өспірімдер үшін де бұл эмоцияның қан­шалықты маңызды екенін ашуға ты­рысқан.

Райлидің болмысына жаңадан қосылған эмоциялар бұған дейін  пайда болған эмоцияларды естеліктер бөлігіне «қуып жіберсе» де, Райли барлығын еске түсі­ріп, қолынан түк келмейтін Райлиден қайта жақсы адамға оралады. Дегенмен жаңа эмоциялар жауыз ретінде көрсе­тілмейді. Мультфильмде өмірдің ащы шындығы, адам жанының қиын-қатпар болмысы, әсіресе жасөспірім кездің маңызы мен қиындығы суреттеледі. 

Еске салайық, мультфильмді Disney студиясы өз есебінен қазақшаға аударып, дубляждап, жаңа кейіпкерлерді Ninety One тобының мүшелері ана тілімізде «сөйлет­ті». Жалпы, эмоцияға толы шытырман оқиға балаларға ғана емес, ересектерге де арналғанын айта кет­кен жөн.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ