Оқиға шамамен 20 күн бұрын болған. Күдікті әйелді соққыға жығып, аяғына пышақ сұққан.
Бишімбаев 2: "Өз әйелін ұрып-соғып, пышақ тықты"
1,712
оқылды

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сүтті ауылының тұрғыны әйелін ұрып, аяғына пышақ тығып алған. Жантүршігерлік жағдай туралы жәбірленушінің туысы әлеуметтік желіде бөлісті. Десе де, күдікті тағылған айыптың бәрі "жала" деп отыр, дейді Aikyn.kz сайты Massaget.kz сайтына сілтеме бере отырып.

"Бұл суретте менің тәтем! Герой Р. мырза өз әйелін ұрып-соғып, пышақ тықты! Бишімбаев 2 екен! Бұндай жағдай бірнеше рет қайталанды! Осындай жауыздар халық арасында қалай жұмыс істейді? Әншейін беті жылтырап жүреді халық ортасында, бірақ өз отбасына келгенде жауыздың дәл өзі! Учасковый көріп тұрса да тағы пышақ алып жүгірген!", дейді мән-жайды хабарлаған жәбірленушінің сіңлісі.

Оқиға шамамен 20 күн бұрын болған. Күдікті әйелді соққыға жығып, аяғына пышақ тығып алыпты. Тіпті ортаға учаскелік полиция араласса да, күдікті айылын жимапты. Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне арызды жәбірленушінің анасы қалдырған. 

Іске қатысты Жаңақорған ауданы Сүтті ауылының учаскелік полицейі пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен  жәбірленушінің сіңлісі істің  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы ("Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша қозғалғанын жеткізді.

Десе де, бізге күдіктімен тілдесуге мүмкіндік туды. Ол отасқанына 3 жыл болған жұбайына ешқашан қол көтермегенін жеткізді. Тіпті, ұсынылған суреттердегі үй "менікі емес" дейді.  Бірақ  іс жайлы тереңірек қазып сұрағанымызда күдікті "менің жазығым жоқ" деген сарында жазған жауаптарын дереу өшіре бастады. Сөзін "сот шешімін күтейікпен" түйді.

Туысқандарының айтуынша, қазір әйелдің жағдайы жақсы. Олар кінәлі адам жазасын алса екен дейді. Сот процесі жүруде.