Денсаулық сақтау саласының ең жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі әлеуметтік медиа платформаларда темекі шегу туралы ескертулер енгізуге шақырды. Мұндай шешім адамның өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қажет.
Шенеунік мектепте смартфондар қолдануға тыйым салуды ұсынды
Нақты фактілерді бағалап, парасатты шешім қабылдаңыз. Балаларға әлеуметтік медианы қолдануды шектеңіз. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Catherine Delahaye
1,918
оқылды

Әлеуметтік желілердің балалардың психикасына және тұлға болып қалыптасуына өте зиянды екені айтылған тағы бір материалды кеше (17 маусым) The New York Times басылымы жариялады. Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып, интернеттегі уытты контенттің бала денсаулығына кері әсерін түсіндіреді.

Бас хирург Вивек Мурти: «мектептерде смартфондарға тыйым салып, ата-аналар балалардың тамақтану кезінде және ұйықтар алдында құрылғыларды пайдалануына мүлдем жол бермеуі керек». Фото Getty Images сайтынан алынды

The New York Times газетінде жарияланған мақаласында АҚШ-тың бас хирургі Вивек Мурти әлеуметтік желілер балалардың қорқынышын ұлғайтып, депрессияға ұшырау қаупін арттыратынын айтқан.

Ол интернет қолданушыларға әлеуметтік желілердің «жасөспірімдердің психикалық денсаулығына айтарлықтай зиян тигізетіні» туралы ескертетін хабарлама көрсетілуін ұсынады. Оның айтуынша, мұндай белгі «әлеуметтік желілердің қауіпсіз екендігін ата-аналар мен жасөспірімдерге үнемі еске салады».

Ескерту жапсырмалары алғаш рет 1966 жылы Америка Құрама Штаттарында сол кездегі бас хирург Лютер Л.Терри темекіні өкпе рагымен байланыстыратын баяндамасын жариялағаннан кейін темекі қаптамасына қосылғаны белгілі. Одан кейін басқа елдер де осындай таңбалауға көшкен: 1971 жылы Ұлыбритания пакеттерге осындай хабарламаны басып шығаруды талап етті.

Қазақстанда 2003 жылдың 16 шілдесінен бастап темекі қораптарында «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға өте зиянды» деген алғашқы жазулар пайда болды. Ал 2013 жылдың 4 маусымынан темекі қораптарында темекі шегудің зияны туралы қорқынышты суреттер басылатын болды.

Қазақстанда темекі қораптарында «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға өте зиянды» деген жазулар мен темекі шегудің зияны туралы қорқынышты суреттер басылады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Inhauscreative

Мурти мырзаның айтуынша, бұл белгілерді темекі өнімдерінің қаптамасына қосу темекі шегумен байланысты қауіптер туралы хабардарлықты арттырады. Оның пікірінше, әлеуметтік медиа платформаларында жазылған ескертулер ата-аналарды балаларының желідегі қауіпсіздігін көбірек бақылауға шақырады.

Бас хирург мектептерде смартфондарға тыйым салуды ұсынып, ата-аналар балалардың тамақтану кезінде және ұйықтар алдында құрылғыларды пайдалануына мүлдем жол бермеуі керектігін айтқан.

АҚШ-тың бас хирургі 2023 жылы жасөспірімдердің әлеуметтік медианы қолдануы мен психикалық денсаулығының нашарлығы арасындағы байланысты анықтаған қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі нұсқаулық жариялаған болатын. Ол әлеуметтік платформалардың кері әсері туралы академиялық консенсус жоқ екенін мойындай отырып, қосымша зерттеулер жүргізуге шақырады. Және қоғам үшін өте сезімтал әрі «төтенше жағдайда нақты қосымша ақпаратты күтудің қажеті жоқтығын», оған уақыттың аздығын дәрігер ескертеді.

«Сіз фактілерді бағалап, парасаттылықты қолданыңыз және тез әрекет етіңіз. Жастар арасындағы психикалық денсаулық дағдарысы төтенше жағдай және бұл әлеуметтік медианы өте көп қолданудың салдары», – дейді маман.

Ғалымдар әлеуметтік медианы көп пайдалану мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығының нашарлауының арасында байланысты дәлелдеген. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Miljko

Психотерапевт және «Стресс шелегін қалай босатуға болады» кітабының авторы Джин Лали ескерту белгілері «психикалық денсаулық пен әл-ауқатты жақсартуға бағытталған маңызды қадам» болатынын айтқан. Оның айтуынша, әлеуметтік медианың көптеген артықшылықтары болуы мүмкін, бірақ кибербуллинг немесе зиянды контент сияқты қауіптер аз емес.

«Бұл тәуекелдер алаңдаушылыққа, депрессияға және басқа да психикалық денсаулық проблемаларына әкеледі, бұл менің және әріптестерімнің тәжірибесінде жиі кездеседі. Мен сондай-ақ ескерту белгілерінің ата-аналарға үлкен пайдасы бар деп ойлаймын: олар әлеуметтік желілерді пайдалануда қызыл жолақтарды орнатуға көмектеседі», – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі ескерту «жапсырмасы» оларды пайдалануда абай болуды және тұрақты үзілістер жасаудың қажеттігін ұдайы адамдардың естеріне салып отырады.

Мына әзіл видеода ақпараттық замандағы адамдардың психикалық жағдайы көрсетілген:

Әлеуметтік желілердің жастарға әсері туралы пікірталастар жалғасуда. Көптеген зерттеулер әлеуметтік медианы көп пайдалану мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы  нашарлауының арасындағы байланысты нақты дәлелдеп берген. Америкалық психологиялық қауымдастық әлеуметтік медианы пайдаланудан туындайтын проблемалардан сақтандырып, зиянды, уытты контентті интернеттен жоюға шақырады. Сондай-ақ 14 жасқа толмаған балалардың «көпшілігі» әлеуметтік желілерді пайдаланған кезде бақылауда болуы керектігін көрсетеді.

Ұлыбританияда Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң 2025 жылы күшіне енетіндіктен, технологиялық компаниялар балалардың онлайн қауіпсіздігін сақтау үшін көбірек шаралар қабылдауы керек.

Британдық медиа саласын реттеуші Ofcom мамыр айында технологиялық компаниялар үшін жаңа ережелер белгілеп, олардан қолданушының жасын тексеруді, балаларға уытты материалдарды көрсетпеуді қатаң талап еткен. Бірақ қоғамның көпшілік бөлігі бұл ережелердің әлі де жұмсақ екенін, оларды қатаңдатуды жалғастыруды қалайды.

Біздің елдің болашағы үшін де әлеуметтік желілердің қазақ жастарына тигізетін кері әсерлерін анықтайтын кең ауқымды зерттеулер қажет. Бұндай ауқымды ғылыми ізденістер ақпарат және денсаулық министрліктерінің назарында болғаны көптеген проблемалардың алдын алуға көмектеседі деп ойлаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.