ЖИ-ді экономиканың секторларына енгізу еңбек нарығында теңсіздік тудырады. Бұл туралы Халықаралық валюта қоры ескертеді.
Үкімет жасанды интеллекті енгізуден туындайтын қауіпті біле ме?
Өткен ғасырда өндірісте роботтарды қолдану біліктілігі төмен жұмысшыларды қысқартса, ЖИ жоғары білікті жұмыс орындарына қауіп төндіреді. Фото oecdecoscope.blog сайтынан алынды
1,788
оқылды

Өткен ғасырда өндірісті автоматтандыру мен робототехника біліктілігі төмен жұмысшыларды қысқартса, ЖИ жоғары білікті жұмыс орындарына қауіп төндіретінін Financial Times басылымы жазды. Aikyn.kz британдық газеттің мақаласына сілтеме жасай отырып, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) «терең алаңдаушылығының» себебін талдайды.

ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева: «Генеративті ЖИ-ге көшкен сайын еңбек нарығында дисбаланс орнап, іркілістер жиі болады». Фото gnnhd.tv сайтынан алынды

ХВҚ қоғам генеративті жасанды интеллектке көшкен сайын еңбек нарығында дисбаланс орнап, іркілістер жиі болуы мүмкіндігін мәлімдеді. Бұндай теңсіздіктің күшеюін қор ЖИ жүйелерінің экономикалық секторларға енгізілуімен байланыстырады. Осыдан туындайтын проблемалардың алдын алу үшін ХВҚ ұлттық үкіметтерді өз экономикаларын қорғауға көбірек көңіл бөлуге шақырады.

Дүйсенбіде (17 маусым) жарияланған есепте валюта қоры «жұмыссыздықтан сақтандыру  шараларын қабылдау қажеттігін, бұрынғы технологиялардан айырмашылығы, ЖИ жоғары білікті кәсіптерде жұмыс орындарын жойып жіберетінін ескерткен.

Әрине, генеративті жасанды интеллект өнімділіктің өсуін арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жақсарту үшін орасан зор әлеуетке ие, бірақ ол еңбек нарығына кері әсер етеді және теңсіздіктің өсуіне алып келеді.

Генеративті ЖИ, компьютерлердің генеративті үлгілерді пайдаланып мәтінді немесе кескіндерді автоматты түрде жасау мүмкіндігі 2022 жылдың аяғында OpenAI-дің ChatGPT платформасы іске қосылуымен кеңінен танымал болды. 

Білім беру мен кәсіби біліктілікті арттыру саясаты жұмысшыларды болашақтың тез өзгеретін еңбек нарығына дайындауға көмектесуі керек. Фото techwireasia.com сайтынан алынды, ЖИ генерациялаған бейне.

ЖИ-ді реттеу әлемдік проблемаға айналды. ХВҚ өз баяндамасында білім беру мен кәсіби біліктілікті арттыру саясаты жұмысшыларды болашақтың тез өзгеретін еңбек нарығына дайындауға көмектесу үшін жаңа жағдайға бейімделіп жүргізілу керектігін айтады. Қор баршаға белгілі өмір бойы білімді жетілдіруге көбірек көңіл бөлуге, салалық оқыту мен тағылымдамадан өтуге, қайта даярлау бағдарламалары арқылы жұмысшылардың жаңа секторларға ауысуын кешенді жоспарлы түрде жүргізуге шақырады.

«Біз адамдардың ЖИ-дің әлеуетінен кеңірек пайда көргенін қалаймыз және адамдар үшін мүмкіндіктер жасалғанын қамтамасыз еткіміз келеді», – дейді ХВҚ Қаржы департаменті директорының орынбасары Эра Дабла-Норрис.

Жұмыссыздықтың өсуі мен оның ұзаққа созылуы, басқа кәсіп меңгеру жұмысшылар үшін ауыр болуы мүмкін. Өйткені егде жастағы жұмысшылар ЖИ дәуірінде қажет дағдыларға ие болмауы мүмкін және бұрынғыға қарағанда оларға жаңа дағдыларды игеру үшін көбірек уақыт қажет  болады. Ал үкімет болса осыны алдын ала болжап,  мұндай қиын өтпелі кезеңді адамдарға жеңілдету арқылы қоғамда әлеуметтік бірлікті сақтауға міндетті. Бұл да ХВҚ есебіндегі басты тұжырымдардың бірі.

ЖИ-ді қолдану өнімділікті арттырады, бірақ 300 миллион жұмыс орнын қысқартады. Фото aeologic.com сайтынан алынды

Қазіргі жағдайда ХВҚ ЖИ үшін арнайы салық енгізуге қарсы екенін білдірді. Олардың ойынша, мұндай қадам өнімділіктің өсуіне кедергі келтіруі мүмкін. Оның орнына қор өсіп келе жатқан байлық теңсіздігін жоюға көмектесу үшін капитал өсімі мен пайдаға салынатын салықтарды, соңғы онжылдықтарда төмендеген алымдарды, сондай-ақ корпоративтік табыс салығын көтеруді ұсынады.

Ақылды роботтар мен ЖИ-дің көмегімен жұмыс орындарын одан әрі оңтайландыру адамдардың табысы мен байлығының арасындағы теңсіздікті одан әрі нашарлатады деп ойлаймыз.

2024 жылдың қаңтарында ХВҚ жасанды интеллект әлем бойынша жұмыс орындарының 40 пайызға жуығына әсер етіп, кейбірін ауыстырып, басқаларын қысқартады деген болжамын жариялады. Бұл 2023 жылғы Goldman Sachs есебіне сәйкес келеді. Олар да ЖИ-ді қолдану өнімділікті арттырып, 300 миллион жұмыс орнын қысқартады деген нәтижеге келген еді.

ЖИ-дің жаһандық ауқымда жылдам дамуы Қазақ Үкіметінің де қырағы болып, ұлттық экономиканы жаңа интеллектуалды дәуірге алдын ала дайындауын талап етеді. Бұл үшін ғылыми негіздерге сүйенген ірі фундаменталды саяси және экономикалық шешімдер қажет деп санаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.