Соққының салдарынан жәбірленушінің бесінші омыртқасы сынып, орташа ауыр жарақат алған.
Атырау облысында әйелін соққыға жыққан экс-әкім сотталды
1,443
оқылды

Атырау қаласының №2 соты Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласындағы пәтерінде экс-әкім мен оның әйелінің арасында жанжал болған.

– Экс-әкім жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осының негізінде жанжал шығарып, әйелінің оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында оны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленушінің бесінші омыртқасы сынып, орташа ауырлықта зақым алған, – делінген ақпаратта.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да айғақтармен дәлелденді.

– Сот жаза түрін таңдау кезінде Ринат Ибрагимовтің бұрын соттылығы жоғын, мінезі оң сипатталғанын ескерді. Сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, экс-әкім бұрынғы әйелінің пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.