Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар сот жүйе­сін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жо­басын бірінші оқылымда мақұл­дады.
Сот жүйесін реформалау әкімшілік әділеттіліктен басталады
506
оқылды

Сондай-ақ ерекше қорғалатын та­би­ғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру туралы заңды ілес­пе түзетулерімен екі оқылымда қабыл­да­ды. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы циф­рлық инклюзия және транс­фор­ма­ция жөніндегі Азия-Тынық мұхиты ми­нистрлерінің конференциясын ұйым­дас­тыру туралы келісімді ратифи­ка­ция­лады.

Сот жүйесін реформалау және про­цес­тік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бас­тамашы болды. Ол Мемлекет бас­шы­сы­ның сот жүйесін реформалау жөніндегі тап­сырмаларын орындауға бағытталған. Заң жобасының нормалары жөнінде жұ­мыс тобының жетекшісі Үнзила Ша­пақ баяндады. Депутаттың айтуынша, жо­баны үш бағытқа бөліп қарауға бо­ла­ды. Біріншісі, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заң­ға өзгерістер енгізіледі. Ол судья заң­дылықты өрескел бұзуға жол берген әр­бір күшін жойған сот актісін те­к­серу­дің жаңа тетігін енгізуге байланысты Сот жю­риінің жұмысын жетілдіруге қатысты.

«Екіншісі – әкімшілік әділетке бай­ла­нысты. Әкімшілік рәсімдік-процестік ко­дексті әкімшілік рәсімдердің біркел­кі­лігін қалыптастыру бойынша жаңа мін­детпен толықтыру ұсынылады. Бұл аза­маттарға құқықтық қатынастардың бел­гілі бір саласындағы дауларды шешу тә­жірибесінде бағдарлауға мүмкіндік бе­реді. Осылайша, сотқа түсетін шағым­дар саны азаяды», – деді Ү.Шапақ.

Сондай-ақ талап қоюшының таң­дауы­мен әкімшілік істер бойынша эк­сау­мақтық соттылықты енгізу ұсыны­ла­ды. Бұл соттарға деген сенімді арттырады. 2022 жылдың тамыз айынан бастап аза­­­­маттық істер бойынша эксаумақтық сот­тылық енгізілді. Бірақ ол үшін екі та­раптың, яғни талап қоюшы мен жауап­кердің келісімі қажет.

Аумақтық әділет органдарына жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әре­кет­сіздігіне) шағымдарды сотқа талап арыз бергенге дейін қарау құқығы бері­ле­ді. Бұл сот талқылауларының санын қыс­қартып, атқарушылық іс жүргізудің же­дел орындалуына ықпал етеді.

Үшінші бағыт кассациялық сатыны же­тілдіруге бағытталған. Жобада Жоғар­ғы Сотта азаматтық және қылмыстық іс­терді алдын ала қарауды алып тастау ұсы­нылды. Бұл ретте тәуелсіз кассация­лық сатының жаңа моделі енгізіледі. Оның аясында елордада әртүрлі іс жүр­гізу бойынша үш кассациялық сот құры­ла­ды.

Сонымен қатар Мәжіліс ерекше қор­ға­латын табиғи аумақтарды пайда­лан­ға­ны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру ту­ралы заңды Салық кодексіне ілеспе тү­зетулермен екі оқылымда қабылдады. Тү­зетулерге Парламент депутаттары бас­та­машы болды. Жаңа заңда ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарды пай­да­лан­ғаны үшін салықты алып тастау ұсы­ны­ла­ды. Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин бұл осындай аймақтарға келушілерді көбірек тартуға, экотуризмді дамытуға және азаматтардың эколо­гия­лық сауаттылығын арттыруға септігін ти­гізетінін айтты. Түзетулер сонымен қа­тар биоалуантүрлілік пен экожүйені сақ­тау үшін маңызды табиғи аумақтарда ғы­лыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндікті кеңей­теді. Бұл ретте туристерге көрсе­тіл­ген қызмет үшін төлем бұрынғы қал­пын­да қалады. 

Мәжіліс сондай-ақ 2024 жылғы 22 сәуір­де Бангкок қаласында жасалған Қа­зақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы ара­сындағы цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия–Тынық мұхиты министрлерінің конференция­сын ұйымдастыру туралы келісімді рати­фи­кациялады. Ол туралы Цифрлық да­му, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Жасұлан Мәдиев баян­дады.

«Қазір министрлік тарапынан цифр­ландыру саласында көп жұмыс атқа­ры­лып жатыр. Ол жұмыс халықаралық даму институттарының оң бағасын тауып, әлемге танымал болды. Осыған орай 2023 жылғы 19 мамырда Азия және Ты­нық мұхиты комиссиясының 79-сессия­сын­да Цифрлық инклюзия және транс­фор­мация жөніндегі министрлік конфе­рен­циясын өткізу және Цифрлық ор­та­лық­­ты құру жөніндегі Қазақстанның бас­тамасын 62 мемлекет қолдады», – деді министр.

Жұмыс тобының жетекшісі Ека­тери­на Смышляева қосымша баяндама­сын­да конференция Қазақстанның IT-экс­по­р­тының өсуіне ықпал ететінін айтты. Оның аясында SmartBridge, SDU, eOtinish және басқа да отандық Govtech ше­шім­дері мен стартаптарының көрмесі ұйым­дастырылады.

Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін БҰҰ-ның цифрлық шешімдер ор­талығы тиімді өңірлік цифрлық дамуға, отан­дық мамандардың БҰҰ-ның озық тәжірибесіне тікелей қол жеткізуіне, цифр­ландыру саласындағы ірі бастама­лар мен жобаларды жүзеге асырудағы күш-жігерді үйлестіруге және пандемия, та­биғи апаттар сияқты дағдарыс жағ­дай­ларымен тиімді күресуге ықпал ететін бо­лады. 

Жалпы отырыста Қазақстан Рес­пуб­ликасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің орын­далуын мониторингілеу жөніндегі Пар­ламенттік комиссияның құрамына Мәжіліс депутаттарын сайлау туралы мә­селе қаралды. Оның құрамына экс-депутат Динара Шүкіжанованың орнына Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айтуар Қош­мам­бетов кірді.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жо­баларын жұмысқа қабылдады: газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ын­тымақтастық туралы келісімді ра­ти­фикациялау жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжіліс­мен­дер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 17 депутаттық сауал жолдады. Мә­селен, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай Нидерланды еліндегі UPOV – Өсім­діктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық ұйымға мүше болу жайын қозғады. Бүгінде ұйымға 79 мем­лекет мүше.

«Өнеге аларлық бір мысал келтірейін, Кения мемлекеті осы ұйымға 2018 жылы мүше болып кіріп, гүл өсіру саласын да­мыта бастады. 2020 жылы осы саланың жыл­дық табысы 1,1 млрд доллардан асты. 500 мыңнан астам адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Мемлекетіміз осы UPOV ұйымына мүше болмағандықтан шетелдің алдыңғы қатарлы тұқым шы­ғару­мен және сатумен айналысатын ком­паниялары біздің елге тұқым сатуға, ин­вес­тиция салып, заманауи зертханалар ашуға құлықсыз. Қазіргі уақытта әлемде картоп тұқымына сұраныс жыл сайын ар­туда. Оның негізгі себебі – тез дайын­далатын тамақтандыру желілерінің барын­ша дамуы. Негізгі импорттаушы елдер – Қытай, Ресей және Үндістан мем­лекеттері. Ол мемлекеттер Нидер­лан­ды мемлекетіне 50 жылға алдын ала тап­сырыс беріп қойған. Біздің мемле­ке­ті­міз осы экспорттық нарықты игеріп, үл­кен пайда табуына мүмкіншілігі бар. Таң­ғалдыратыны, соңғы екі жылда UPOV  ұйымы өзі шақырту жіберіп Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне ұйымның жұ­мысын таныстырып, мүше боп кірген жағ­дайда Қазақстанның қандай табыс­тар­ға қол жеткізетінін түсіндірген. Өкі­ніш­ке қарай, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің жауапты тұлғалары нақты жұ­мыстарды жүзеге асырмаған. Осындай сал­ғырттықтың салдарынан біздің ша­руа­лар қаншама пайдадан қағылуда», – дейді ол.

Ал келесі бір депутат Нұртай Саби­лья­нов «Семей орманы» мемлекеттік ор­ман табиғи резерваты» мәселесін кө­тер­ді. Ол өзіне Абай облысы бойынша Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі қызметкерлерінің салалық кә­сіп­одағынан хат келіп түскенін хабар­ла­ды.

«Хатта мына мәселелер көтерілген. Бі­­­­ріншіден, техникалық персоналға 100%-ға дейін қосымша үстемақы беру қа­растырылған. Алайда үнемделген қа­ражаттың жоқтығына байланысты үс­те­мақы толық төленбей отыр. Екіншіден, ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% қосымша ақы қосу тізбесі бекітілген. Бірақ оған табиғат қорғау мекемелерінің мамандары мен қызметкерлеріне, ауыл­дық жерлерде табиғатты қорғау функ­цияларын жүзеге асыратын лауазымды адам­дар санаты енгізілмеген. Yшіншіден, «Се­мей орманы»  мемлекеттік орман та­­­­биғи резерваты» РММ-ның тех­ни­ка­лық персонал санатына кіретін 1 500-ге жуық қызметкер осы жәрдемақыны ала алмай отыр. Сонымен қатар орман шаруа­шылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру қажет», – деді ол.

Осыған орай депутат Үкімет басшы­сы­нан осы мәселелерді шешіп беруді сұрап отыр.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ